Елордада «Опералия» халықаралық музыкалық фестивалі аясында, «Астана Опера» өз сахнасында Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрін қарсы алды. Қарағандылық ұжым көрермендерге атақты композитор Сыдық Мұхамеджановтың 100 жылдығына арналған «Дархан дала» концертін тарту етті.
Ерлан Бақтыгерей: Халқымыздың өнері биіктей берсін деп тілеймін
641
оқылды

Бір жарым сағатқа созылған концертте Құрмет орденінің кавалері Айзада Каюпова, ҚР Мәдениет қайраткерлері Меруеш Башай, Балғабек Смағұлов пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жанат Шыбықбаев, Бибігүл Жанұзақ, Айгүл Ниязова өнер көрсетті. Кеш аясында Сыдық Мұхамеджановтың "Домбыраға қол соқпа", "Қырманға кел", "Тербеледі тың дала" атты әндері орындалып қана қоймай, "Классикалық күй" және "Шаттық отаны" шығармалары оркестрдің сүйемелдеуімен орындалды. Сондай-ақ, керемет кеште Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Рысқали шақырылып, көрерменді тамсандырды. Концерттің жақсы өтуіне Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің бас дирижері, 2009 және 2023 жылдардағы «Жыл дирижері» атағының иегері Ерлан Бақтыгерей атсалысып, тағы да өзінің шеберлігі мен кәсіпқойлығына тәнті етті. 

– Өздеріңіз білетіндей, биыл Сыдық Мұхамеджановтың туғанына 100 жыл толады. Ол Қарағанды облысының тумасы болғандықтан, біз оны мақтан тұтамыз. Ол өз туындыларында комедия жанрына ерекше мән берген. Мәселен, «Айсұлу» операсындағы Серкенің каватинасында балдыз бен жезденің арасындағы әзіл-қалжың өте жарасымды көрініс тапқан. Бұдан бөлек, Сыдық Мұхамеджанов бірінші болып қазақ халық аспаптар оркестріне, домбыра мен қобызға арнап концерт жазған. Оның оркестрге арнап жазған музыкалық поэмаларының жас ұрпақ үшін тәрбиелік маңызы зор. Себебі оның әрбір шығармасында қазақ даласының самал желі есіп, жусанының иісі аңқып тұрады. Міне, осындай ұлы классиктің мерейтойы қарсаңында «Астана Опера» театрында өтіп жатқан «Опералия» фестиваліне қатысуға шақырту алдық. С.Мұхамеджановтың шығармаларынан, сондай-ақ онымен достық қарым-қатынаста болған композиторлардың туындыларынан және де қазақтың халық әндері мен күйлерінен құрылған үлкен бағдарламаны дайындадық, – деді бас дирижер.

Оның айтуынша, достық қарым-қатынаста болған композиторлардың туындыларынан және де қазақтың халық әндері мен күйлерінен құрылған үлкен бағдарлама дайындалған.

 – Біздің ұжымның ұзақ жылдық шығармашылық тарихы барын атап өткім келеді. Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің тұсауын 1988 жылы атақты КСРО Халық әртістері Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Шамғон Қажығалиев кесті. Оның ішінде Шамғон Сағаддинұлы 1991 жылдан өмірінің соңына дейін осы оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері болып жұмыс атқарды. Біздің оркестрдің тарихы да, репертуары да өте бай, қазіргі таңда оның құрамында 70-тен астам адам жұмыс істейді, - деп әңгімесін бастады Ерлан Бақтыгерей. – Біз көп жылдан бері опера және оперетта жанрларымен айналысып келеміз. Репертуарымызда халық аспаптар оркестрімен бірге орындайтын «Қыз Жібек» операсы бар. 2013 жылы ТҮРКСОЙ ұйымымен бірігіп атақты әзербайжан композиторы Узеир Гаджибековтің «Аршин мал алан» опереттасын қазақ халық аспаптар оркестріне түсірдік. Бұдан бөлек, К.Байсейітова атындағы опера және балет театрының сахнасында Нұрғиса Тілендиевке арналған балеттік спектакльді жасауға қатыстық.

Кеш бағдарламасын танымал әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Рысқалидің және Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі мен «Астана Опера» хорының орындауындағы Ж.Жабаевтың сөзіне жазылған Ж.Тұрсынбаевтың «Бірлігің болсын, ағайын» кантатасымен аяқтады.

Өз сөзінде бас дирижер бағдарламаның түйіні ретінде «Бірлігің болсын, ағайын» кантатасын таңдап алу себебі – баршаға халықтың ынтымақ-бірлігінің маңыздылығын ұғындыру екенін атап өтті. Сондай-ақ ол «Опералия» фестиваліне симфониялық оркестрлерді ғана емес, 50-ден астам мемлекетте өз тыңдаушыларын тапқан қазақ халық аспаптар оркестрін де қосқаны үшін «Астана Опера» басшылығына ризашылығын жеткізді.

– Бұл фестиваль елімізде жиырма жылдан бері өткізіліп келеді, оның ойдағыдай жалғаса беруіне тілекшімін. Елордамыздың төріне әлемнің түкпір-түкпірінен керемет музыканттар мен әншілер келіп, дархан даламыздың жұпар ауасын жұтып, оның атағын әлемге шығара берсін, халқымыздың өнері биіктей берсін деп тілеймін, – деп қорытындылады маэстро Е.Бақтыгерей.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.