Алматы қаласы Спорт басқармасының және оның ведомстволық бағынысты ұйымының қызметкерлері бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
– Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде иемдену және ысырап ету фактісі бойынша Спорт басқармасы мен Олимпиадалық резервті даярлау орталығының бұрынғы қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.
Олар іс жүзінде еңбек қызметін жүзеге асырмаған адамдарға жалақыны есептеу және төлеу арқылы 56 млн теңгеден астам ақша жымқыру бойынша күдікке ілінді, – делінген ақпаратта.
Тергеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
– Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқықбұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі, – деп мәлімдеді Антикор.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.