Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Алматы қаласы мәслихатының депутаттарымен, ҚХА мүшелерімен, жергілікті жұртшылықпен және студенттермен кездесті. Кездесулер кезінде Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың шаһарда орындалу барысы, заң шығару қызметіндегі міндеттер және Сенат пен мәслихаттардың бірлескен жұмысының жаңа форматы талқыланды. Сондай-ақ сенаторлар «Astana Motors» зауытының жаңа блогының құрылысымен танысты және өндіріс орнының еңбек ұжымымен аталған нысанның даму перспективаларын талқылады.
Палата Спикері атап өткендей, Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында және Ұлттық құрылтайда белгілеп берген міндеттерді сапалы іске асыру барлық деңгейдегі депутаттардың кешенді әрі жүйелі өзара іс-қимылын талап етеді. Сондықтан мәслихат депутаттарымен кездесуде жергілікті өкілді органдарды заң шығару жұмысына жұмылдыру мәселесіне баса мән берілді. Мұндай қадам жаңа экономикалық модельге көшу аясында әлеуметтік-экономикалық саланы дамытуға, агроөнеркәсіптік кешенді ілгерілетуге, су ресурстарын ұтымды пайдалануға және инфрақұрылымды жетілдіруге тың серпін беруге тиіс.
«Мемлекет басшысының Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы Жарлығы экономиканы әртараптандыру және отандық бизнес-ахуалды жақсарту үшін елдегі экономикалық реформаларды жеделдетуді көздейді. Экономикалық өсуді ынталандыру жолында инфрақұрылымды дамыту айрықша маңызға ие. Биыл елімізде жылу желілерін жаңғырту, автожолдарды реконструкциялау және салу бағытында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Әлеуметтік аз қамтылған санаттағы азаматтар үшін жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Осындай кезеңде экономикада құрылымдық өзгерістерді дәйекті түрде жүргізу қажет. Бұл ретте оның тиімділігін арттыру, отандық өндірушілерді қолдау, экономикаға мемлекеттің тікелей қатысуын қысқарту сияқты міндеттердің маңызы зор. Осы бағытта бәріміз бірлесіп, нәтижелі жұмысымызды әрі қарай жалғастыруымыз керек», – деді Палата Төрағасы.
Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев Алматы Қазақстанның ірі қаржы және іскерлік орталығы ретінде елдің экономикалық дамуында ерекше орын алатынын айтты. Ол қаланың әлеуетін толық пайдалану үшін барлық мүдделі тарап күш біріктіру қажет екенін де тілге тиек етті. Алайда, елеулі жетістіктерге қарамастан, шаһардың дамуына және бәсекеге қабілеттілігіне кері әсерін тигізетін мәселелер де бар. Кездесуде оларды шешу жолдары да сөз болды.
Сонымен қатар сапар барысында сенаторлар Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің оқытушыларымен және студенттерімен кездесті. Жиынға қатысушылар Мемлекет басшысы Алматыда жас ғалымдармен кездесу кезінде белгілеп берген міндеттерге тоқталды. Сондай-ақ іс-шарада ғылыми кадрлар даярлау, олардың біліктілігін арттыру, зерттеу жобаларына әлеуметтік және қаржылық қолдау көрсету, инновациялық әдістемелер мен технологияларды енгізу бағыттары бойынша ұсыныстар айтылды.
Сенат Төрағасы ғасырға жуық тарихы бар Университет ұлтымыздың адами капиталын дамыту және кадрлық әлеуетін нығайту жолында тарихи рөл атқарғанын, сондай-ақ, ғылым мен инновацияны дамытуға үлкен ықпал етіп келе жатқанын атап өтті.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен Әділетті Қазақстан құруға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға арналған жүйелі жұмыс атқарылып жатыр. Осындай кешенді жаңғырулар аясында талантты, белсенді жастарға жүйелі түрде қолдау көрсетуге үлкен көңіл бөлініп келеді. Қазіргі таңда жастардың сапалы білім алуына, олардың ғылыммен, шығармашылықпен, спортпен шұғылдануына және жас мамандарды жұмыспен қамтуға тиісті жағдай жасалып жатыр. Осы ретте Әділетті Қазақстан құру баршамыз үшін ортақ міндет екенін түсінуіміз керек. Оның сәтті іске асырылуы әр азаматтың белсенділігіне байланысты. Жастар қай кезеңде де жаңғырудың қозғаушы күші екені белгілі. Бұл – үлкен жауапкершілік. Осы жолда әрдайым бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік сияқты іргелі құндылықтарға табан тіреу қажет», – деген Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының бастамасымен іске асырылып жатқан реформалар туралы да айтып өтті.
Алматыға сапар кезінде Сенат Төрағасы Алматы қаласы әкімдігінің ғимаратына барды, сондай-ақ, ҚР ТЖМ Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығының қызметімен танысты. Одан бөлек, Абай атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған орта мектеп-интернатының құрылысына арналған жиынға қатысты және «Astana Motors» зауытының жаңадан салынып жатқан блогымен танысып, өнеркәсіп орнының еңбек ұжымымен кездесті.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.