Жиынға «Әділет» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Бейбіт Мырзағалиев, партия мүшелері және «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының қызметкерлері қатысты.
«Ембімұнайгаз» бастауыш партия ұйымының төрағасы сайланды
214
оқылды

«Әділет» партиясы Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Ембімұнайгаз» АҚ ұжымымен кездесу өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жиынға «Әділет» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Бейбіт Мырзағалиев, партия мүшелері және «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының қызметкерлері қатысты.

Басқосуда сөз алған партия өкілдері бастауыш ұйымдардың қоғамдық-саяси өмірдегі орнына тоқталып, олардың негізгі міндеті партиялық іс-шараларға қатысумен шектелмейтінін атап өтті. Әсіресе, еңбек ұжымдарымен тұрақты байланыс орнату, қызметкерлердің ұсыныстары мен өзекті мәселелерін назарға алу, партияның бағдарламалық мақсаттарын нақты істер арқылы жүзеге асырудың маңызы айтылды.

Бүгінде «Әділет» партиясы Атырау облыстық филиалының құрамында бір қалалық, жеті аудандық филиал және 21 490 мүшені біріктіретін 100 бастауыш партия ұйымы жұмыс істейді. Соның ішінде «Ембімұнайгаз» бастауыш партия ұйымының 215 мүшесі бар. Кәсіпорындағы қызметкерлердің жалпы саны – 656 адам.

Кездесудің алғашқы бөлігінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы талқыланды.

«Әділет» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Бейбіт Мырзағалиев Жолдауда белгіленген басымдықтарға тоқталып, олардың ел экономикасы мен өңірлердің дамуы үшін маңызын түсіндірді.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының жаңа Жолдауы мемлекеттің алдағы даму бағытын айқындап қана қоймай, азаматтардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін міндеттерді де қамтиды.

– Соның бірі – 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бағыттауды көздейтін инфрақұрылымдық жаңғыру жоспары. «Халықтық құрылыс» бастамасы аясында елімізде әлеуметтік нысандар салынып, жолдар, инженерлік желілер мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйелері жаңғыртылмақ. Бұл бастама Атырау облысы үшін де өзекті. Өйткені өңірдің дамуын өндіріс көлемімен бағалау жеткіліксіз. Халыққа қолжетімді медициналық қызмет, сапалы білім, ауыз су, газ және жол инфрақұрылымы – тұрғындардың өмір сапасын айқындайтын негізгі көрсеткіштер, - деді Бейбіт Темірбекұлы.

Бейбіт Мырзағалиев Жолдаудағы әлеуметтік бастамаларға да назар аударды. Атап айтқанда, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеру көзделген. Бұл өзгеріс 1,8 миллионға жуық азаматтың табысына әсер етеді. Оның пікірінше, мұндай шешімдер еңбек адамының жағдайын жақсартуға, табысы төмен азаматтарды қолдауға және қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға бағытталған. Сонымен қатар мемлекеттік көмектің шын мәнінде мұқтаж жандарға жетуі, азаматтардың еңбек етуіне және кәсіп бастауына мүмкіндік жасалуы маңызды.

Бейбіт Мырзағалиевтің айтуынша, Қазақстанның экономикалық әлеуетін арттыру үшін шикізат өндірумен ғана шектелмей, оны терең өңдеп, қосылған құны жоғары өнім шығару қажет. Ол үшін өндіріс орындарын технологиялық жаңғырту, геологиялық барлау жұмыстарын жетілдіру, отандық мамандар даярлау және жаңа инвестициялық жобаларды қолдау маңызды.

Сондай-ақ Президент Жолдауында белгіленген энергетикалық қауіпсіздік, электр қуатының тапшылығын болдырмау, цифрландыру мен жасанды интеллектіні өндіріс саласына енгізу міндеттеріне тоқталды.

– Мұнай-газ кәсіпорындары үшін бұл – өндіріс тиімділігін арттырумен қатар, еңбек қауіпсіздігін күшейтіп, ресурстарды ұтымды пайдалануға мүмкіндік беретін бағыттар. «Әділет» партиясының бағдарламасы да әділ әрі бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыру, отандық өндірісті қолдау, кәсіпкерлікке тең мүмкіндік жасау және цифрлық технологияларды дамыту міндеттерімен сабақтасады, - деді төраға орынбасары.  

Жолдауды талқылау барысында кәсіпорынның партия мүшелері де сөз алып, құжатта көтерілген бастамалар жөнінде пікір білдірді. Олар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты міндеттерді мұнай-газ саласының жұмысымен байланыстыра отырып, өз ұсыныстарын ортаға салды.

Содан соң «Ембімұнайгаз» бастауыш партия ұйымының төрағасын сайлау рәсімі өтті. Бұл қызметке Нұрлыбек Ожаевтың кандидатурасы ұсынылып, қатысушылардың бірауыздан қолдауымен сайланды.

Нұрлыбек Жұмахметұлының мемлекеттік басқару саласында тәжірибесі мол. Әр жылдары Атырау қаласы мен Исатай ауданының әкімі қызметтерін атқарып, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде де ел мүддесіне қызмет етті. Бүгінде «Ембімұнайгаз» АҚ Өндірістік-техникалық қызмет көрсету және жабдықтармен жинақтау басқармасы бастығының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары қызметін атқарады.

Жаңа төраға өзіне артылған сенім үшін әріптестеріне алғыс айтып, партия филиалының аппаратымен және ұжым мүшелерімен бірлесе отырып, ұйымның алдына қойылған міндеттерді жүзеге асыруға күш салатынын жеткізді.

Сондай-ақ жиында бастауыш партия ұйымының бюро мүшелері де сайланды.

Жиын қорытындысында бірқатар міндет белгіленді. Атап айтқанда, Президент Жолдауының негізгі бағыттарын кәсіпорынның құрылымдық бөлімшелеріндегі еңбек ұжымдарына түсіндіру, кездесу барысында айтылған ұсыныстар мен пікірлерді жинақтап, бастауыш партия ұйымының жұмыс жоспарына енгізу туралы шешім қабылданды. Қабылданған шешімдердің орындалуын бақылау ұйым төрағасы мен бюро мүшелеріне жүктелді.