Алматы халықаралық әуежайында құрылыс жұмыстары кезінде жұмысшы қаза тапты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.
Әуежайдың баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға құрылыс жұмысы жүргізіліп жатқан перрон аумағында болған. Қаза тапқан азамат мердігер ұйымның қызметкері екені анықталды. Көліктегі полиция департаменті адам өліміне әкеліп соққан еңбекті қорғау қағидаларын бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады. Қазір оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полиция тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпаратты жарияламайтынын мәлімдеді.
Алматы халықаралық әуежайының әкімшілігі құзырлы органдармен бірлесіп жұмыс істеп жатқанын және тергеуге қажетті көмек көрсететінін хабарлады. Әзірге жұмысшының қандай жағдайда қаза тапқаны және оқиғаның нақты себебі белгісіз.
