Депутаттардың талқылауына тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша заңнамалық түзетулер екінші оқылымда ұсынылады. Үкімет оларды Мемлекет басшысының халықтың тұрғын үйге қолжетімділік мәселесін шешу туралы тапсырмасын орындау үшін әзірледі.
Осы мақсатта «Отбасы банкі» акционерлік қоғамын оған жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үйді беру, есепке алу және бөлу жөніндегі функцияларын бере отырып, ұлттық даму институтына айналдыру ұсынылады.
Заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарының төрт санаты үшін мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға басым құқықты сақтауға бағытталған түзетулер енгізді. Атап айтқанда, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар. Осы тізбеге мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды, бірінші, екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды қосымша қосуға бағытталған түзетулер бар.
Жалпы отырыста депутаттар «Көлікті дамытуға және көлік саласындағы мемлекеттік бақылауды қамтамасыз етуге бөлінген бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігі туралы» Жоғары аудиторлық палата төрағасының есебін тыңдайды.
Сонымен қатар Мәжіліс бірқатар халықаралық шартты ратификациялау туралы жаңа заң жобаларын жұмысқа алады.
Берік БЕК