Сыртқы істер ми­нистр­лігінде Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің қаты­суымен Қазақстан­ның «Ізгі ниет елшілері» жобасын іске асыруға арналған ресми рәсім өтті.
«Ізгі ниет елшілері» жаһандық диалогті дамытады
513
оқылды

Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен жүзеге асырылып жатқанын айта кеткен жөн. Ол мәдениеттер мен халықтар арасындағы диалогті дамытуға және еліміздің жетістіктерін шетелдерде дәріптеу мақсатында танымалдылығын арттыруға бағытталған.

Министр алғысөзінде Бі­ріккен Ұлттар Ұйымының Жар­ғысы мен халықаралық құқық негізіндегі көпвекторлы және сындарлы сыртқы сая­сатқа ай­қын балама жоқ еке­нін, Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың осы бастамасының маңызы ерекше зор екенін атап өтті. Сондай-ақ бүгінде еліміз дү­­ниежүзілік қауымдастықта бей­бітшілік пен тұрақ­ты­лықты ту еткен әрі қар­қын­ды даму жо­лындағы мемлекет ретінде кеңі­нен танылғанын айрықша атады.

– Әлемнің 75 елінде 114 шетел­дік мекемеміз бар. Был­тыр біз шетелде 3 жаңа мекеме аштық. Биыл қо­сымша 2 ел­­шілік, 1 тұрақты өкілдік және 4 бас консулдық өз жұмысын бастады. Жылдың соңына дейін тағы 5 мекеме ашуды жоспарлап отырмыз. Қазақстанда шетел­дер­дің 71 елшілігі мен 25 кон­сул­дық мекемесі және 33 ха­лық­аралық ұйымның өкілдіктері аккредитация алған. Қазақ елі­нің жеті бірдей көрнекті өкі­лін «Ізгі ниет елшісі» ретінде та­ғайын­дау да осы бағыттағы Мем­­лекет басшымыздың бірізді әрі төрт шұғыласы тең сыртқы саяса­ты­на үлкен қолдау деп бі­леміз, – деді Сыртқы істер министрі.

Бұл жобаға халықаралық қо­ғамдастықта Қазақстан туралы оң пікір қалыптастыруға зор үлесін қосып жүрген еліміздің қоғам қайраткерлері шақы­рылды. Олардың арасында ск­рип­кашы-виртуоз, дирижер, Азия-Тынық мұхиты өңірі ор­кестрлері Альянсының дирек­торы Марат Бисенғалиев, Олим­­­пиада чемпионы, вело­шабандоз Александр Вино­­­куров, суретші және анти­яд­ролық қозғалыс белсендісі Кәріпбек Күйіков, University Medical Center корпоративтік қорының басқарма төрағасы, кардиохирург Юрий Пя, сая­саттану ғылымының докторы және тарихи карталарды зерт­теуші Мұхит-Ардагер Сыдық­назаров, Н.Тілендиев атындағы Мемлекеттік академиялық фоль­к­­лорлық-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің бас дирижері Динара Тілендиева, Adam лақап атымен әлемдік танымалдыққа ие болған эс­т­рада әншісі Мирхидай Мир­фарух пен әлем рекортын жа­ңарт­қан алып күш иесі, Гин­нес кітабының рекордшысы Сергей Цырульников бар.

Сонымен қатар министр көп­ұлтты халқымыздың келісім мен диалогке деген дәстүрлі ықыласына сай генетика­лық коды сыртқы әлеммен маз­мұнды және өзара тиімді қарым-қатынастардың кепілі екеніне тоқталды.

– Біз мұны шетелде наси­хаттауымыз қажет. Осы тұста Біріккен Ұлттар Ұйы­мының Жарғысы мен ха­лықаралық құқық негізіндегі көпвекторлы және сындарлы сыртқы сая­сатқа балама жоқ екендігі ай­қын. Біздің көзіміздің қара­шығындай сақтайтын ең жо­ғары құн­ды­лық­тары­мыз – еліміздің еге­мен­дігі, тәуелсіздігі және аумақ­тық тұтас­тығы. Бұл эко­номи­калық өсу және халықтың әл-ауқатын арттырумен қоса, Қазақстан­ның халықаралық беделі мен рөлін паш етеді, – деген М.Нұртілеу алдағы уа­қытта «Ізгі ниет елшілерінің» игі миссиясы бұрынғыдан да өзекті бола түсетінін жеткізді.

Министр сөзінің соңында «Ізгі ниет елшілерінің» әлем қауым­дастығына Қазақстан тура­лы объективті хабар жеткі­зе­тін парасат үні болатынына ел сенім артатынын атап өтті.

 «Бұрын-соңды болмаған геосаяси жағдайда, халықтық және мәдени-гуманитарлық дипломатияның алар орны бөлек. «Әлемдік сахналарда, ареналарда және конфе­­рен­ция­ларда сіздердің жеңістеріңіз бен тамаша өнер көрсету­ле­ріңіздің арқасында еліміздің көк Туы әлемнің түкпір-түкпірінде кө­теріліп, мемлекеттік Әнұран салтанатты түрде шырқа­ла­ды», – деді СІМ басшысы.

Өз сөзінде, Александр Вино­куров жобаға Astana Qazaqstan Team командасының барлық мүшесі қатысатынын, «Ізгі ниет елшісі» мәртебесін алу Париж Олимпиадасы қар­саңында рух­ты көтеріп, жеңіске деген сенім-күшті арт­тыра­ты­нын айтты.

Шығармашылық интел­ли­генция атынан сөз сөйлеген Динара Тілендиева артылған сенім үшін алғысын білдіріп, еліміздің мәдениетін шетелдік жұртшылық алдында насихаттау әрқашан маңызды жұмыс бола беретінін атап өтті.

Ал Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Марат Би­сенғалиев бұл шараны күтпеген жерден тосынсый болғанын айтады. «Күтпеген жерден де­генім, мұнда келу жоспарда болмаған еді. Францияға қайтар рейсті кейінге шегеруге тура кел­ді. Бүгін Сыртқы істер ми­нистрінің қолынан «Ізгі ниет елші» атағын алып отыр­ғаныма өте қуаныштымын. Енді бұл атақты абыроймен алып жүруге күш саламын», – деді ол.

Өнер, спорт, ғылым, меди­цина және басқа да салада же­тістікке жеткен отан­дас­тары­мызды тарту арқылы Қазақстандағы «Ізгі ниет ел­ші­лері» қызметінің сәтті халық­аралық тәжірибесін енгізу еліміздің беделін нығайтып, бейбітшілік, достық және халық­аралық ын­тымақ­тас­тықтың негізі бола­тын мәдени-гуманитарлық бай­ланысты арттыруға ықпал етеді.

Жоба елге ғана емес, шет мемлекеттерге де танымал бол­ған әйгілі отан­дас­тары­мыз­ды тарту ар­қылы елі­міз­­дің оң имид­­­жін әрі қарай қалып­тас­тыру, танымалдығын арттыру және заманауи Қазақ­стан­ның жетістіктерін дәріп­теуге ба­­ғытталған. Жоба ЮНЕСКО, ЮНИСЕФ, БҰҰДБ секілді бір­қатар БҰҰ жүйесінің халық­аралық инс­титуттарының қа­зіргі қол­даныстағы но­­ми­­­на­цияларына ұқсас жасалған.

Іс-шара барысында Қазақ­станның «Ізгі ниет елшілеріне» олардың елші екенін растайтын Qazaqstan for Peace төсбелгісі, сертификаты мен куәлігі тап­сырылды.

Наурызбек САРША