Осы бағытта Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бекітілген кестеге сай облыс тұрғындармен кездесу шараларын жалғастыруда. Дархан Амангелдіұлы Түркістан қаласы тұрғындарымен кезекті кездесуін өткізді. Басқосуда Түркістан қаласын дамыту жолдары қаралып, тұрғындардың өтініштері, ұсыныстары, сұрақтары тыңдалды. Өңір басшысы облыс орталығында атқарылған жұмыстарға тоқталып, кемшіліктерді жою жөнінде де ой қозғады.
– Түркістан қаласының негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне қысқаша тоқталсақ, өсім байқалады. Жалпы, өңірлік өнім көлемі 2021 жылдан бері 38 пайызға өсіп, 2023 жылы 370 млрд теңгеден асты. Биыл 4 айда бұл көрсеткіш 78 млрд теңгені құрап, былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 15 пайызға өскен. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 3 жылда 82 пайызға өсіп, 22 мыңнан асты. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2023 жылы 26 млрд теңгені құрап, жоспар 1,8 млрд теңгеге артығымен орындалды. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 356 млрд теңгені құрап, жоспар 7 млрд теңгеге артық жүзеге асты. Құрылыс саласында да өсім бар. Біз өндіріс орындарын көбейту, инвестиция тарту жұмыстарын күшейте береміз. Олай жасамаса болмайды. Біз әкімдік тарапынан инфрақұрылым, әлеуметтік нысандарды салып береміз. Бірақ тұрғындар өз үйінің, өз ауласы мен көшесінің тазалығын сақтауға үлес қосулары тиіс. Бұл ретте «Таза Қазақстан» акциясына белсенді қолдау көрсеткен түркістандықтарға алғысымды білдіремін, – деді Дархан Сатыбалды.
Жиында өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі 2023 жылы 16,5 млрд теңгеге жеткенімен, жоспар толық орындалмағаны айтылды. Сонымен бірге қаржыны игеру, салық түсімдері бойынша кемшіліктер сөз болды. Азаматтарға пәтерлерді сатудан түсетін түсімдерді ұлғайту, кәріз жүйесі және өзге де мәселелерге байланысты жұмысты ширату жөнінде тапсырма берілді. Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарларға да тоқталды. Жалпы, Түркістаның туристік әлеуеті көтеріліп, экономика жақсарып келеді. Кездесуде тұрғындар тарапынан өтініштер мен ұсыныстар айтылды. Сонымен бірге жеке қабылдауда тұрғындардың мәселелері ашық айтылып, хаттамаға енгізілді. Ол түйткілдерді шешу бойынша жұмыс жүрмек.
Сонымен қатар облыс әкімі Кентау қаласында болып, тұрғындармен кездесті.
– «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Кентау қаласында 2023 жылы 2 елді мекенде 7 жобаны іске асыруға облыстық бюджет есебінен 242 млн теңге бөлінді. Атап айтқанда, Хантағы және Ащысай елді мекендеріндегі 18 көшеге 242 млн теңгеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2024 жылы 3 елді мекенде 6 жобаны іске асыру үшін 477 млн теңге қаралды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 492 млн теңгеге 92 жоба қаржыландырылды. АҚШ-тың белгілі инженері Илон Масктің Starlink спутниктік интернет құрылғысы Кентау қаласында 2 мектепте іске қосылды. Кентаудың жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылдан бері 26 пайызға өсіп, 2023 жылы 76 млрд теңгеге жетті. Биыл 4 айда бұл көрсеткіш 23 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 16 пайызға өскен. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 46,7 млрд теңгені құрап, жоспар 784 млн теңгеге артығымен орындалды. Дегенмен Кентаудың әлеуеті бұдан да жоғары. Біз елдің табысын көтеру үшін жұмыс орындарын ашу, инвестиция тарту мәселесін күн тәртібінен түсірмейміз. Басым бағытымыз – зауыттар мен кәсіпорындар ашу. Инвестор тарту, жобаларды жүзеге асыру өте қиын. Бірақ жұмыс жүріп жатыр. Кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Дархан Сатыбалды.
Одан кейін облыс әкімі Дархан Сатыбалды тұрғындарды жеке қабылдады. Кездесу барысында тұрғындар тарапынан жер мәселесі бойынша, баспанамен қамту саласына қатысты, мәдениет үйінің құрылысын жүргізу жөнінде, жылу энергоорталықты қайта құрылымдау мәселелеріне қатысты сауалдарға жауап берілді. Тұрғындармен өткен кездесуден кейін, өңір басшысы жеке қабылдауын өткізіп, азаматтардың өтініш-тілектерін тыңдады. Айтылған сын-ескертпелер мен ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, олардың орындалуы бақылауға алынды.
Облыс басшысы Дархан Сатыбалдының өңірлердегі тұрғындармен кездесу шаралары кестеге сай жалғаса бермек.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Түркістан облысы