Жамбыл облысында 36 жолаушыны жалған нөмірмен Түркістан облысына тасымалдаған автобус жүргізушісі ұсталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
2024 жылғы 10 маусымнан бастап Жамбыл облысының аумағында “Автобус” жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Рейдтік іс-шараның мақсаты – жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолаушылар мен жүктерді тасымалдаумен айналысатын жүргізушілердің жол ережесін сақтау тәртібін арттыру.
Таңертеңнен бастап тәртіп сақшылары автобустардың жолға шығар алдындағы жағдайын тексеріп, медициналық тексеру іс-шараларын жүргізеді. Құқық белгілейтін құжаттардың болуы, көліктердің техникалық жағдайы – адам қауіпсіздігінің барлық аспектілеріне назар аударылады. Содан кейін желілік тексерулер басталады.
Осылайша бірінші күні полицейлер жол қозғалысын қадағалау кезінде қоғамдық көлік жүргізушілері жасаған 131 жол ережесінің бұзушылығын анықтады.
– Жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін 3 жүргізуші, заңсыз қайта жабдықтағаны үшін – 10, техникалық байқаудан өтпегені үшін – 19, маневр жасау ережелерін бұзған – 24, ҚР міндетті сақтандыру туралы заңнамасын бұзғаны үшін – 13, тағы 13-і қозғалыс жылдамдымдығын асырғаны үшін жүргізушілер жауапкершілікке тартылды, – деді Жамбыл облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Құрмет Мәжікенов.
Сонымен қатар “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” тасжолының 350-шақырымында полиция қызметкерлері Алматыдан Түркістан облысына бағыт алған жалған тіркеу нөмірлік белгімен “Yutong” қалааралық автобусты басқарған 49 жастағы жүргізушіні анықтады.
Жолаушылар автобусы айып тұраққа қойылып, 36 жолаушы басқа автобуспен жеткізілді. Сот шешімімен құқық бұзушы 2 тәулікке қамауға алынды және 1 жылға жүргізуші куәлігінен айыру түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бірінші күні айып тұраққа барлығы 12 қоғамдық көлік қойылды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.