Асырап алған балаларына қорлық көрсеткен «жындыханадағы» емші Ұлықбек Смановтың 4 жастағы егіздері туралы жаңа мәліметтер белгілі болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Редакция елді дүрліктірген оқиғаның ізін суытпай Астананың Білім басқармасына сұрау салған болатын.
Шымкенттік емші Ұлықбек Смановтың қамқорлығына алған егіз бала 2021 жылы 26 мамырда Астана қаласы №1 көпбейінді қалалық ауруханада дүниеге келген екен. Ұл мен қыздың биологиялық анасы ата-ана құқығынан айырылған, балалар некесіз туған. Сманов егіздерді алып кеткен кезде, анасы тірі болған, бірақ қазіргі тағдыры белгісіз. Смановтың оқиғасынан кейін де анасы мен туыстары балалардың тағдырына қызығушылық танытпаған.
«Қабылдаушы отбасы 2021 жылғы 9 сәуірден бастап Шымкент қаласының қорғаншылық және қамқоршылық органдарында бала асырап алуға (қорғаншылыққа) үміткер ретінде есепте тұр. Қорғаншылыққа үміткер болу мүмкіндігі туралы оң қорытынды алғаннан кейін, қабылдаушы отбасы Шымкент қаласы қорғаншылық және қамқоршылық органымен жетім балалардың республикалық деректер банкінде тіркелді. Осыдан кейін деректер банкіндегі балалар туралы ақпаратқа қол жеткізді», – делінген басқарма хабарламасында.
Балаларды қорғаншылыққа беру рәсімі Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі №158 бұйрығымен бекітілген «Жетім балаға (жетім балаларға) және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаға (балаларға) қамқоршылық немесе қорғаншылық белгілеу» мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларына сәйкес жүргізілген.
Смановтар отбасы Астана қаласы Білім басқармасының 2021 жылғы 18 тамыздағы №436 бұйрығы негізінде кәмелетке толмаған екі баланы қорғаншылыққа алған.
Содан бастап балалардың жағдайына жауапкершілікті Шымкент қаласының қорғаншылық және қамқоршылық органдары мойнына алған.
«Балалар Шымкент қаласының тұрғынына қорғаншылыққа берілгендіктен, Астана қаласының есебінен шығарылды. Қорғаншының қызметін және балаларды күтіп-бағу, тәрбиелеу, оқыту жағдайларын, сондай-ақ олардың денсаулығын бақылау балалардың тұрғылықты жері бойынша, яғни Шымкент қаласының қорғаншылық және қамқоршылық органдарына жүктелген», – делінген жауапта.
Ал Ұлықбек Смановтың қамқорлығына берілген, туғанына небәрі 1 ай 20 күн болған қыз бала туралы, оның ата-анасы туралы ешқандай дерек жоқ болып шықты.
Сманов қыз баланы 2 жыл өткеннен кейін толықтай асырап алған болатын.
Еске салайық, 6 баланы асырап алып, оларға мысықтың еті мен зәрін берген шымкенттік емші Ұлықбек Сманов таяуда ұсталған. Оның қамқорлығына алған балалардың ең үлкені 16 жаста болса, кішісі 4 жаста. Жауыздықтан жапа шеккен ересек екі бала бейімделу орталығына, тағы төртеуі балалар үйіне бағытталған. Ер адамның өзі «сандырақ синдромы» диагнозымен Талғардың психикалық ауруханасында жатыр. Ер адамның үстінен қылмыстық іс қозғалған, қазір іс сотқа жолданды. 18 маусымда сот жабық түрде өтпек.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.