Себебі хакерлер тегін интернет қолданушылардың жеке деректеріне қол жеткізуі мүмкін, – деп жазады Aikyn.kz.
Сондықтан мамандар қазақстандықтарға қауіпсіздік шараларына аса мән беруге кеңес береді.
Сарапшылар гаджетке антивирустық бағдарлама орнатып, қорғалмаған желілер арқылы қаржылық транзакцияларды жасамауға шақырады.
«Информбюро» жазғандай, Азамат Телпекбаев жақында кәсіп бастап, кофехана ашқан. Ішіне тегін Wi-Fi орнатыпты. Өйткені келушілердің көбісі жұмыс істеп отырып тамақтанады дейді.
“Кофеханада Wi-Fi жақсы жұмыс істейді. Келушілер көбейсін, оларға ыңғайлы болсын деп әдейі орнаттық. Тегін желіміз ешқалай қорғалмаған. Келушілердің барлығы қосыла алады. Әзірге жеке дерегіне қол сұғып, алаяқтарға ұрынғандар кездеспеді”, – деді кәсіпкер Азамат Телпекбаев.
IT саласының мамандары кибершабуылшылар алдын ала тегін Wi-Fi-ды бұзып, дайын отыратынын жеткізді. Қаскөйлер кофехана, мейрамхана, қонақүй клиенттері интернетке қосылғанда, барлық деректі қолдарына түсіретін мүмкіндікке ие. Сондықтан жеке ақпаратыңыз жария болып, есепшотыңыздағы қаражатқа қол сұғу қаупі басым дейді кибершабуылдарды талдау және зерттеу орталығының сарашылары.
“Митм-шабуыл дейміз. Және домен ауыстыруы болуы мүмкін. Сол себепті тегін Wi-Fi-ларды қауіпсіз деп айтуға болмайды. Интернет банкинг, әлеуметтік желі қолданбаған дұрыс. Қандай да бір сезімтал деректерді жібермеу керек. Тек қана хабарлама жіберіп, Wi-Fi қолжетімділігінен шығу керек”, – деді кибершабуылдарды талдау және зерттеу орталығының жобалық дирекция жетекшісі Ернат Атанбаев.
Бұдан бөлек хакерлер зиянды бағдарламаны жалпыға ортақ Wi-Fi арқылы пайдаланушының гаджетіне енгізе алады. Бұл бағдарламалар тегін желіден ажыратылғаннан кейін де, пайдаланушының жеке деректерін тасымалдағаннан кейін де жұмыс істей береді. Егер құрылғыңыздың жұмыс істеуі баяулап, өздігінен қосылып-өшсе немесе қызып кетсе, демек телефоныңызға вирус кірді деген сөз. Жарнамалар жиі пайда болып, мегабайтыңыз әдеттегіден тезірек азайса, алаяқтардың шырмауына түскеніңізді білдіреді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.