Жазғы лагерьлердің жұмысы туралы Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан баяндады.
1,7 миллионнан астам бала жазда лагерьге барады
639
оқылды

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңесте балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелері қаралды. Оған мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері мен облыс әкімдерінің орынбасарлары қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Жазғы лагерьлердің жұмысы туралы Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан баяндады. Демалыс маусымы басталғалы бері елімізде түрлі формадағы 10 208 лагерьде 1,7 млн-нан аса бала қамтылып отыр. 

Белсенді жазғы демалыс ұйымдастыруда балалардың қауіпсіздігіне ерекше мән беріліп отыр. Оқушыларды сауықтыру нысандарына жібермес бұрын санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары жіті тексеру жүргізген. Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова лагерьлердің санитарлық жағдайы тұрақты бақылауда екенін жеткізді.

Айта кетейік, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша өңірлерде тақырыптық жоспарлар құрылған. Оның аясында лагерьлердегі бағдарламалардан бөлек, танымдық шаралар да қарастырылған болатын. Осы ретте балаларды тасымалдау кезіндегі қауіпсіздік мәселесі туындайды. Осыған байланысты Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха бұған қатысты ақпаратты полиция бөлімдеріне алдын ала хабарлау қажеттігін еске салды. Мұндай жағдайда патрульдік машиналар бірге шығып, жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ететін болады.

«Балалардың жазғы белсенді демалысы мәселесі тұрақты бақылауда болуы қажет. Демалыс кезеңі мейілінше пайдалы өтуі үшін оқушыларға барлық жағдай жасалуы керек. Бұл ретте мүдделі мемлекеттік органдардың бірлесе қызмет атқаруы маңызды. Аталған жұмысты үйлестіру Оқу-ағарту министрлігінің қолында», – деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.