Қазіргі таңда бұл Орталық – қан қызметі бойынша еліміздегі жетекші медициналық ұйым. Аталған мекеме халыққа шұғыл және жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету кезінде трансфузиялық терапияның қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз етеді.
Мәулен Әшімбаев мекеме ұжымымен кездесуде Трансфузиология орталығы – Қазақстандағы қан қызметінің флагманы, ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің трансфузиялық терапияның қауіпсіздігі мен қолжетімділігін қамтамасыз ететін маңызды тетігі екенін айтты.
Статистикаға сәйкес, соңғы бес жылда донорлар саны 14,4 пайызға, ал қан құю көрсеткіші 13,6 пайызға артқан. Жыл сайын 380 мыңнан астам қан құю жүргізіледі және 100 мыңға жуық пациент өмірлік маңызды донорлық қан өнімдерін алады.
Сонымен қатар Сенат Төрағасы өз сөзінде Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласына үнемі баса мән беретінін айтты. Ел Президенті жүктеген міндеттерді іске асыру аясында денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге және бұл бағыттағы өзекті мәселелерді шешуге арналған нақты шаралар қабылданып жатқаны белгілі.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен денсаулық сақтау саласында кешенді реформалар жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр. Таяуда медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеру, олардың еңбек жағдайын жақсарту және құқықтарын қорғауды көздейтін тиісті заң қабылданды. Осындай нақты қадамдар Трансфузиология орталығының да қызметіне оң әсерін тигізеді деп сенеміз. Сенат өз тарапынан отандық медицинаны дамыту ісіне заңнамалық тұрғыдан қолдау көрсетуді жалғастыра береді. Адам денсаулығын сақтау жолындағы белсенді қызметтеріңіз үшін сіздерге зор алғысымызды білдіреміз», – дей келе, Мәулен Әшімбаев Орталық ұжымын келе жатқан кәсіби мерекелерімен құттықтады.