Жүздесу барысында Қызылорда тұрғыны Сәби Аңсат тарихи тұлғалар еңбегін жастар арасында дәріптеуге байланысты мәселе көтерді. Оның ішінде Темірбек Жүргенов туралы телехикая түсіру керектігін жеткізді, – деп жазады Aikyn.kz.
Бұл ретте Тамара Дүйсенова Мәдениет және ақпарат министрлігіне тиісті тапсырма беріп, орындалуын жеке бақылауына алатынын айтты.
Астана тұрғыны адам ағзасына зиянды темекі, алкоголь өнімдері мен құрамында қанты бар сусындардың таралуына қарсы күрес шараларын күшейтуді сұрады. Мәселеге қатысты жауап алған вице-премьер бұл бағытта жүйелі жұмыс атқарылып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар саламатты өмір салтын нығайтуға және насихаттауға бағытталған бірлескен шараларды қолдауға дайын екенін білдірді.
Қабылдауға қатысқан бір топ азамат құқық қорғау қызметінің ардагерлері атынан өтініш айтты. Олар Алматыдағы ІІМ ауруханасы мен оның қарамағындағы «Қазақстан» шипажайының жұмысын қалыпқа келтіруді сұрады. Кездесу барысында бұл мәселемен Ішкі істер министрлігі мен мегаполис әкімдігі бірлесе шара қабылдап жатқаны туралы айтылды. Тамара Дүйсенова ведомство басшысының орынбасарына мәселе көтерген сала ардагерлерімен тікелей кездесіп, мәселені шешу барысы туралы тұрақты түрде құлағдар етіп отыруды тапсырды.
Семей тұрғыны мүгедектігі бар баланы дәрі-дәрмек, арнайы тағаммен қамту мәселесін көтерсе, астаналық азамат «Болашақ» бағдарламасы арқылы білім алған түлектің жайын қозғады. Тамара Дүйсенова айтылған мәселелерді шешуге байланысты мүдделі мемлекеттік органдарға нақты тапсырма жүктеп, атқарылған шаралар туралы тікелей есеп беруін міндеттеді.
Сондай-ақ 1 шілдеден бастап енгізілетін дәрілік заттарды таңбалау мен қозғалысын бақылау талабын енгізу мәселесі талқыланды. Вице-премьер аталған шара ең алдымен тұрғындар тұтынатын дәрі-дәрмектің сапалы әрі таза болуына бағытталғанына баса мән берді. Таңбалау мен бақылау айналымға контрафактілік өнімнің енуіне жол бермейтінін атап өтті.
Сонымен қатар Тамара Дүйсенова тиісті таңбалар тек 1 шілдеден кейін өндірілген немесе елге әкелінген дәрілік заттарға қойылатынын жеткізді. Кездесу кезінде көтерілген мәселелер бойынша мүдделі мемлекеттік органдар, дәрі-дәрмек өндірушілері, тасымалдаушылар, дәріханалар өкілдерінің қатысуымен тұрақты түрде жүздесулер ұйымдастыру тапсырылды.