Iс-шараны Q88 аумақтарды тұрақты дамыту қауымдастығы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетімен, «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» Жастар қанатымен және Jet Sharing көше электр самокаттарын жалға беру операторымен бірлесіп ұйымдастырды.
Астанада электр самокаттарды қауіпсіз жүргізу бойынша ағарту науқаны жүргізілді
917
оқылды

Астана қаласының орталық саябағында электр самокаттарды қауіпсіз жүргізуге арналған ағарту науқаны өтті, – деп жазады Aikyn.kz.

Электр самокаттар ауаның ластануын азайтуға және көмірқышқыл газының шығарындыларын азайтуға ықпал ететін экологиялық таза көлік түрі болып табылады. Оларды енгізу қалалардың тұрақты дамуын қолдайды, бұл оларды салауатты өмір сүруге қолайлы етеді. Бұған қоса, электр самокаттар көлік кептелістерін азайтуға және қала тұрғындарының мобильдігін арттыруға ықпал етеді.

Іс-шара аясында электр самокаттардың жүргізушілері арасында бұзушылықтарды анықтау және алдын алу мақсатында ағарту іс-шаралары мен рейдтер өткізілді. Патрульдік полицияның 6 экипажы, JET Sharing қызметкерлері және «Жастар рухы» белсенділері жол қозғалысы ережелерін сақтауға және электр самокаттарды қауіпсіз пайдалану туралы ақпарат беруге бағытталған қала бойынша рейдтер жүргізді.

«Біз қалалардың қауіпсіз және тұрақты болуын қамтамасыз етуге тырысамыз. Электр самокаттар – бұл қозғалыс құралы ғана емес, сонымен қатар экологиялық тұрақтылық бағытындағы қадам», – деп атап өтті Q88 аумақтарды тұрақты дамыту қауымдастығының атқарушы директоры Мадияр Дәуірбаев.

Іс-шараға қатысушылардың бірі атап өткендей: «Мен электр самокатты жүргізу кезінде қаншама жол ережесін ескеру керектігін бұрын білмедім. Бұл науқан ережелерді сақтау және электр самокатты дұрыс пайдалану қаншалықты маңызды екенін көрсетті.

Енді мен өзімді сенімді сезінемін және қала бойынша қауіпсіз сапарларға дайынмын». Іс-шара барысында теориялық оқыту курстары, соның ішінде электр самокаттарды пайдалану ережелері мен жол қозғалысы ережелерін түсіндіру, сондай-ақ JET Sharing нұсқаушылары ұйымдастырған практикалық шеберлік сыныптары мен тест-драйвтар өтті.

Бұл іс-шаралар Астана қаласында электр самокаттарды барлық пайдаланушылардың көлік жүргізу мәдениетін және қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Бұл науқан тұрғындар экологиялық таза көліктерді қауіпсіз және тиімді пайдалана алатын қауіпсіз және тұрақты қалалық ортаны құрудағы маңызды қадам болды.

Өткен жылы Vision Zero Almaty жол қауіпсіздігі жобасы аясында Q88 аумақтарды тұрақты дамыту қауымдастығы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетімен бірлесіп Freedom Holding Corp және Sergek Group компаниялар тобының қайырымдылық қолдауымен Алматы және Астана қалаларында электр самокаттарды пайдаланудың жаңа ережелерін қолдану және тұрғындардың хабардарлығын арттыру бойынша осындай науқандар өткізді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.