Оқыс оқиға 2023 жылғы 25 желтоқсанда Құрманғазы ауданының Шарон өзенінде болған еді.
Суға батқан адамдарды құтқарған атыраулық қос полицей марапатталды
993
оқылды

Суға батқан адамдарды құтқарған атыраулық қос полицей II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Олар полиция аға лейтенанты Роман Серікұлы мен Жандос Шапхатұлы. Полицейлер Атырау облысы, Құрманғазы ауданы полиция бөлімінде қызмет етеді.

Оқыс оқиға 2023 жылғы 25 желтоқсан күні сағат 19:20 шамасында Құрманғазы ауданының Шарон өзенінде болған еді. 

Қыстың ызғары енді сезіле бастаған мезгіл. Орта жастағы әйел мұз үстімен өтуді жөн көреді. Алайда, су қателікті кешірмеді...

Дәл сол уақытта аудандық полиция бөлімінің саптық жиынынан тарап келе жатқан полиция қызметкерлері тез арада оқиға орнына жетуге бағыттама алады. 

Хабарламаны естіген Тәрбие және кадр бөлімшесінің инспекторы Роман Насихан да уақыт өткізбей жеке автокөлігімен оқиға орнына жеткен. Оқиға орнына бірінші жеткен ол автокөліктен арқан жіп алып мұз үстіне шығады. Шығар сәтте көмекке келген ер адамның да мұз ойығына түсіп кеткенін көрген. Сол кезде патрульдік полиция бөлімінің қызметкерлері мен Жандос Ибатуллаев көмекке келіп, суға кеткен әйел адам мен оны құтқаруға оқталып, өзі де ойылған мұз құрсауында қалған ер адамды аман алып қалған. 

Жұқа мұз үстіне бір уақытта 10-ға жуық адам шыққан сәтте мұз ойығы одан әрі үлкейген. Бірақ, бар күш-жігері мен мол тәжірибесін салған полиция қызметкерлері адам өміріне араша болар сәтте аязды күн мен мұз құрсауындағы суға қарамастан, 27 жастағы ер адам мен 64 жастағы әйел адамды жағаға аман-есен шығарды.

Мемлекет басшысының Жарлығымен әскери және қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Бауыржан Момышұлы атындағы II дәрежелі «Айбын» орденімен Атырау облысының Құрманғазы ауданы полиция бөлімінің инспекторы Насихан Роман Серікұлы мен Ибатуллаев Жандос наградталды.

Ерлік оқиғасынан қысқаша бір үзінді осындай.

Баян Жанұзақова

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.