Бостандық аудандық ПБ-ға қарасты полиция бөлімі хабарлағандай, 30 жастағы ер адам, ұжымдық арызбен жүгінген бірқатар музыканттарға қатысты алаяқтық жасады деген күдікке ілінді.
Алматыда 100-ге жуық қазақстандық әншіні алдап кеткен композитор ұсталды
Фото: КТК
2,992
оқылды

Алматыда 100-ге жуық қазақстандық әншіні алдап кеткен композитор ұсталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Бостандық аудандық ПБ-ға қарасты полиция бөлімі хабарлағандай, 30 жастағы ер адам, ұжымдық арызбен жүгінген бірқатар музыканттарға қатысты алаяқтық жасады деген күдікке ілінді.

"Азаматтардың арызынан 30 жастағы Ы. есімді ер адам өзін композитормын деп таныстырып, бөтен адамның туындысын бірден бірнеше орындаушыға сатып жібергені белгілі болды. Күдікті ұсталды. Оның әрекеті ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігімен квалификацияланған. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр", – деді Бостандық аудандық Полиция басқармасының бастығы Дидар Аханов.

ҚР ҚК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді.

ҚР Конституциясының 77-бабы 3-бөлімі 1-тармағы, ҚР ҚК-нің 19-бабы 1-тармағына сай кез келген азамат сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз деп саналады.

Еске салайық, биыл 28 мамырда "Мария Магдалена" әнімен танылған Асхат Тарғыннан бастап, "МузАрт" әншісі Кенжебек Жанәбіловке дейінгі бір топ әнші жалған композиторға алдандық деп шу шығарған болатын. Олардың айтуынша, өзін ақын, сазгермін деп таныстарған азамат бұрыннан айтылып жүрген бір дайын әнді 10 адамға сатып, жұлдыздарды ұятқа қалдырған. Былығы ашылса да, алған ақшасын қайтармай, із-түзсіз жоқ болыпты. 

Жалған композитор 100-ге жуық әншіні алдаған. Әншілердің айтуынша, оның ауадан ақша жасау тәсілі мынадай: өнер адамдарына өзін "сырлы сазгер", "ақиық ақынмын" деп таныстырып, кейін дайын әндерін жібереді екен. Бағасы арзан болғасын, бірден сатылады. Бірақ түбінде ол туынды өзге адамға тиесілі болып шығады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.