Арал қаласының тұрғындары жайылымнан қайтқан төрт түлігінің қала шетіне төгілген лас суды ішіп жүргенін айтып, дабыл қақты.
Құрттаған су кеселге айналмасын
823
оқылды

Жергілікті жұртшылық әкімдікке осы жайында сан мәрте шағымданғанымен еш нәтиже болмай тұрғанына ашынады. Есесіне сарқынды суды сол маңға төгу жұмыстарына тосқауыл болмай тұрғанын түсінбей дал болып жүр.

Тұрғылықты халықтың пікіріне сәйкес, Арал қаласынан шамамен 5 шақырымдай қашықтыққа кәріз суын төгетін арнайы орын белгіленіп, сарқынды судың сол маңға төгіле бастағанына біраз болған. Алайда халық бұл орын ешбір талапқа сай келмейтінін алға тартады. Себебі белгіленген орын қоршалмай, ашық-шашық күйде жатыр. Ешқандай кедергі қойылмаған. Соның салдарынан жайылымда жүрген төрт түлік мал сарқынды суды ішіп, нәжіс төгілген орынды жиі айналшақтап жүр. Ал  малының сүті мен етін ел пайдаланып жатыр. Көптің көкейінде мұның соңы адам өміріне зор қауіп төндірмесе деген қорқыныш басым.

«Күнделікті жайылымнан қайт­қан мал осы кәріз суын ішіп жатыр. Лас су мен зиянды қалдықтар төгілген орын қоршалмаған. Ал халық осы малдың сүтін ішіп, етін жеп жүр. Бұл – адам өміріне қандай зардап тигізетінін ойлаудың өзі қорқынышты. Тіпті, соңғы кездері мүйізді ірі қаралар белгісіз себептермен өліп жатқан фактілер де бола бастады. Сондықтан да жауап­ты орындар тарапынан бұл жерді жауып, кәріз суын төгуге тыйым салуды талап етеміз», – деп жанайқайын жеткізді Арал қаласының тұрғыны Төребек Жансейітов.

Лас қалдықтар төгетін орын ешқандай талапқа сай келмейтінін айтады жергілікті жұртшылық. Ал одан шыққан күлімсі иіс ауаны ластап жатыр. Тұрғындар таза ауаға мұқтаж екенін айтып, мұңын шақты. 

Өз кезегінде халықтың жанайқайын Қызылорда облысы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жеткізіп, мәселенің мән-жайын сұрап көрдік. Басқарма тарапынан аталмыш мәселе бойынша кәріз суының белгіленбеген орынға төгілуін бақылау жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде екенін алға тартты. 

«Жалпы, бұл мәселе жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде. Ал қалдық судың төрт түлікке зиянына тікелей ветеринария мекемесі жауапты. Егер сол заңбұзу­шылықты растайтын фото, видео сынды дәлелді құжаттар болып, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына арызданса, жоспардан тыс тексеру тағайындай аламыз. Соның нәтижесінде заңбұзушылықтар анықталған жағдайда заңнамаларға сәйкес шара қолданылатын болады», – деп жауап берді басқарма.

Ал Арал ауданы әкімдігі тарапынан бұл мәселеден хабардар екенін мәлімдеді. Аталған орынға аудандық ауруханадан шыққан кәріз суы құйылып жатқанын жеткізді. Алайда аудан халқын алаң­датқан мәселенің нүктесі қашан қойылатыны жайында нақты мәлімет бере алмағаны таңғалдырды.

Өз кезегінде лас қалдықтың азабын көріп отырған жамағат жергілікті әкімдіктің бұл уәжімен келіспейді. Себебі аталмыш орынға кәріз суынан өзге, ассенизатормен мал сою алаңынан шыққан малдың қаны мен қалдықтары да төгіліп жатқанын айтып отыр. Тіпті, малдың қалдықтары құрттап, сұмдық жағдайдың куәсі болып отырғанын жеткізді. Оған қажетті фото, видео дәлелдері де аз емес. 

«Бұл шынымен алаңдатарлық жағдай. Бұл жер ешқандай заңды талапқа сай емес. Керек десеңіз, заңды құжаты да жоқ. Бүгінде қалдық су төгілген орында бір минут та тұру мүмкін емес. Тіпті, кәріз суымен бірге төгілген мал өлекселерінің қалдықтары аптапты ыстықтан құрттай бастады. Бірақ сол суды төрт түлік мал ішіп жатыр. Бұл жерге кәріз, әжетхана қалдықтарының да төгіліп жатқанын ескерсек, жағдайдың қаншалықты ушығып тұрғанын бағамдай беруге болатын шығар. Аудан әкімдігінің Арал аумағындағы осы сұмдықты көріп, біле тұра көзді жұмып қарауы, тиісті шаралар қолданбауы, өңір жұртына, өскелең ұрпаққа жасалған қасақана қастандық деп ойлаймыз», – деп ашынды Арал қаласының тұрғыны Шыңғыс Уразов.

Қала тұрғынының айтуынша, негізінен малшыларға су мәселесі үлкен қиындық туғызып тұр. Бұған дейін нақты айтқанда, 2022 жылы ұңғыма қазылған. Алайда бүгінде бұл ұңғыма бітеліп қалыпты. Соның салдарынан да төрт түлік мал тіршілік нәріне сусап, құрттаған суды ішуге мәжбүр. Соған орай жайылым маңынан екі ұңғыма қазылса деген талап-тілегін де ортаға салды. Ең бастысы, Арал қаласы аумағында санитарлық талапты сақтамау жергілікті атқарушы органдардың салғырттығынан деп күйінеді.

Қалай дегенде де, осындай бассыздыққа жол беріп отырған жергілікті жауапты орындарға тұр­ғылықты халықтың өкпесі қара қазандай. Көпшілік жыл басында тағайындалған ауданның жаңа әкімінің қандай да бір шара көрмей отырғанына қапалы. Халық елдің жайын ойлайды деген атқамінер азаматтардың жақ ашпай отырғанын түсінбей дал. Ең қиыны, бұл мәселе түбегейлі шешілмей, жағдай осылай жалғаса берсе, «қалдық судан қауіпті кесел тарай ма?» деп қорқып отыр. Сондықтан да облыс әкімі түйткілді мәселенің жедел шешілуіне ықпал болып, жауапкершілік танытпаған шенділерге шара көрілсе деген талабын жеткізеді.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы