Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында Түркістан облысында бірқатар игі шара атқарылып жатыр.
Тұрғындардың талабына құлақ түрді
481
оқылды

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды осынау тұжырымдама аясында бекітілген кестеге сай бірқатар ауданда болып, тұрғындардың өтініш-тілегін тыңдауда.

Сайрамдықтар мұңын тыңдады

Өңір басшысы Сайрам ауданына барып, жергілікті тұрғындармен кездес­ті. Облыстың, ауданның даму бағыты туралы ой қозғап, өзекті мәселелерді де екшеді. Сайрамдықтардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. 

«Сайрам – өңіріміздегі ең ауыл шаруашылығы дамыған, кәсіпкерлікке ден қой­ған аудан. Әлеуеті өте жоғары. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Сайрам ауданында 2023 жылы 14 елді мекенде 31 жобаны іске асыруға 2,6 млрд теңге бөлінді. Бірқатарына тоқталсақ, Нұржанқорған елді мекенінде 300 орынға арналған мектептің қосымша корпусы пайдалануға тапсырылды. Қарамұрт елді мекеніндегі мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, Ақбұлақ елді мекенінде мәдениет үйі салынып, пайдалануға берілді. Қасымбек Датқа елді мекенінде электр желілерінің құрылысы жүргізілді, 30 көшеге орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 1,2 млрд 207 жоба қаржыландырылды. АҚШ-тың белгілі инженері Илон Масктың Starlink спутниктік интернет құрылғысын орнату жұмыстары басталып, Сайрам ауданында 28 мектепте толық іске қосылды. Сайрам ауданында жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылдан бері 20 пайызға өсіп, 2023 жылы 257 млрд теңгеден асты. Биыл 4 айда бұл көрсеткіш 71 млрд теңгені құрап, былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 23 пайызға өскен. Дегенмен алда атқарылар жұмыс көп. Ауданның өндірісін дамыту, кәсіпорындарды көбейту, ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің экспорттық көле­мін ұлғайту, терең өңдеу салаларын дамыту керек», – деген Дархан Сатыбалды қаржыны игеру, заңсыз құрылыс­тарды тоқтату, қылмысты төмендету, су мәселесін шешу және өзге де түйткілдерді реттеу бойынша тапсырмалар берді. Сонымен бірге «Таза Қазақстан» акциясы аясында тазалық жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. 

Кездесуде аудан әкімі Арман Сәбитовтың жыл қорытындысы мен биылғы 4 айдағы атқарылған жұмыстар бойынша есебі тыңдалды. Ауданда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 3 жылда 36 пайызға өсіп, 2023 жылы 21 мыңнан асты. Олардың өндірген өнім көлемі 202 млрд теңгені құрап, 2022 жылмен салыстырғанда 64 млрд теңгеге немесе 46 пайызға өскен. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 49 млрд теңгеге жетіп, жоспар 2,4 млрд теңгеге артығымен орындалған. Негізгі, капиталға бағытталған инвестиция көлемі 51 млрд теңгеден асып, жоспар 11 млрд теңгеге артығымен орындалған. Аудан әкімі мен басқарма басшыларына бұл көрсеткіштерді жақсарта түсу, өзіндік кірістерді арттыру жөнінде тапсырмалар берілді.

Кездесу барысында тұрғындар облыс әкіміне инфрақұрылым және өзге де әлеуметтік мәселелерді шешу бойынша өті­ніштер түсті. Одан кейін облыс әкімі тұр­­ғындарды жеке қабылдады. Оған басқармалар мен құқық қорғау органдары басшылары да қатысып, тұрғындардың өтініштерін тыңдады. Көтерілген мәселелер мен арыз-шағым­дар назарға алынып, тиісті жұмыс жүреді.

Әлеуметтік желімен жұмыс жүргізу алгоритмін түсіндірді

Түркістан облысының Қоғамдық даму басқармасының «Ақпараттық талдау орталығы» КММ-ның ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев­тың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясындағы іс-шаралар легі өңірдің аудан, қалаларында жалғасуда. Төлеби ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудандық ішкі саясат бөлімі БАҚ саласына жауапты мамандарының және аудан әкімінің баспасөз қызметінің мамандарының қатысуымен пікір алмасуға арналған жиын өтті. 

 

Кездесуде «Ақпараттық талдау орталығы» КММ директорының міндетін атқарушы Н.Сариев, орынбасары Е.Ақтаев, «Әлеуметтік желі мониторинг» бөлім басшысы Н.Нұржанұлы арнайы келіп, қала, ауыл округтің әлеуметтік желімен жұ­мыс жүргізетін жауапты мамандарының жұмыс алгоритмін түсіндірді. 

Қазір қолына ұялы телефон ұстаған кез келген азамат әлеуметтік желіден па­рақша ашып, кез келген ақпаратты, жаңа­лықты тарату мүмкіндігіне ие бол­ған. Әлеу­меттік желіде таралатын ақпарат ешкіммен ақылдаспай, цензураға ілікпей таралып жатыр. Сондықтан болар, тексерілмеген, жалған ақпарат, қасақана бі­реуге зиян келтіру мақсатында ақпарат тарату жайттары да кездесуде. 

Жиында сала мамандары мемлекеттік органдар мен халық арасындағы ақпараттардың ашықтығын қамтамасыз ету ба­ғы­­тында ашылған ресми парақшаларға жарияланған сыни материалдарға дер ке­зін­де жауап жазудың тиімді тұстарын әңгімелеп, оқырмандар санын арттырып, жа­­ғым­ды жазбаларды көбейтуді тапсырды. 

Мерзімді басылымдарда кездесетін қа­теліктерді айтып, түзету жолдарын тү­сіндірді. Аудан экономикасы, әлеуметтік саласын дамыту үшін жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар, маңыз­ды реформалар барысы және елдегі болған қоғамдық-саяси оқиғалар туралы әлеуметтік желідегі парақшаларға са­па­лы ақпарат жариялануы қажетін айтты. 

Жиын барысында сала мамандары қойылған сұрақтарға толыққанды жауап беріп, өтінштерін назарға алып, ұсыныс-­пікірлерін тыңдады. 

Айта кетейік, БАҚ-та және әлеуметтік желіде осы кезге дейін жарық көрген жалпы ақпарат саны – 183 434. Оның ішін­де 180 738 жағымды, 61 сыни, 2 635 бей­тарап. Түркістан облысының аудандарынан шыққан жағымды ақпараттардың жалпы саны – 95 138. БАҚ-та және әлеуметтік желіде жарық көрген бей­тарап ақпарат саны – 3 414. Түркістан қаласынан 507 ақпарат жарық көрген. 

Назгүл НАЗАРБЕК,

Түркістан облысы