Президент баспанасыз қалған адамдарға «Қазақстан халқына» қорынан тұрғын үй салуға қаражат бөлінгенін айтты.
Тоқаев: Тасқынның зардабын жоюда қалыс қалған кәсіпкерлер де аз емес, олардың кім екенін де жақсы білеміз
657
оқылды

Мемлекет басшысы су тасқыны кезінде өздерін нағыз отаншыл әрі жауапты азаматтар ретінде көрсеткен еріктілерді бүгінгі күннің батыры деп атай отырып, еңбегін жоғары бағалады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді. 

– Мен еріктілер қозғалысының дамуына айрықша мән беремін. Өздеріңізге мәлім, 2020 жылды Волонтер жылы деп жарияладым. Осы уақыт ішінде еліміздегі волонтерлік қызмет мүлде жаңа деңгейге көтерілді. Еріктілердің күш-жігерінің арқасында маңызды бастамалар мен жобалар жүзеге асты. Ең бастысы, біз адамдардың мемлекет пен қоғам өміріне араласуға, адами құндылықтар мен қасиеттерге сай болуға деген ниетін ояттық. Еліміздегі жан-жақты жаңғырулардың қозғаушы күші – адам. Қолға алынған ауқымды реформалар табысты жүзеге асу үшін еліміздің барша азаматы күш біріктіруі қажет екеніне сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент баспанасыз қалған адамдарға «Қазақстан халқына» қорынан тұрғын үй салуға қаражат бөлінгенін айтты. Жалпы, 2200-ден астам үй салынады. Сондай-ақ 10 мыңға жуық баспана күрделі жөндеуден өтеді.

– Тасқынның зардабын жоюға бірқатар кәсіпкеріміз қомақты қаражат бөлді. Олар әрдайым туған елімен бірге екенін нақты іспен дәлелдеді. Ұлт мүддесіне сай жауапкершілігі мол кәсіпкерлік дегеніміз – осы. Әрине, қалыс қалған кәсіпкерлер де аз емес, олардың кім екенін де жақсы білеміз. Біз ешкімді мәжбүрлеген жоқпыз. Әркім өз таңдауын жасады, – деді Мемлекет басшысы.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.