Апта сайын өтетін жазғы мерекелік іс-шараға жергілікті өнер ұжымдары қа­ты­сады. Жоба биыл жаңаша сипатқа ие болды. Енді эстетикалық бағытта тә­лім-тәр­бие беретін түрлі клуб жұмыс істей бастады.
Зағип жандар арасында фестиваль басталды
463
оқылды

«Ақсу толқыны» жазғы фестивалі аясында су­ретшілердің пленэрі ұйымдастырылды. Әсі­ре­се, зағип жандардың туындылары көпшілік  көңі­лінен шықты. 

«Зағип жандардың қолынан шыққан туын­дылар ерекше әсер сыйлайды. Барлық суреттен күн­нің бейнесін көрдім. Тіпті, салқын түс­тер­дің өзінен жылылық есіп тұр. Бұл көп нәрседен ха­бар береді», – дейді Ақсу қалалық мәдениет сарайының суретшісі Татьяна Тишакова. 

Зағип жандар бұл картиналарды Суретші­лер одағының мүшесі Ренат Елубаевтың көме­гі­мен салды. Қылқалам шебері Ресейде өткен «Ғажайып адамдар» бағдарламасында өнер көрсеткен. Ол көзін байлап сурет салу арқылы танымал болған. 

«Бұл жазғы фестиваль еліміздің Ақсу қала­сын­да тұңғыш өткізілейін деп жатыр. Енді өз­де­ріңіз ойлаңыздаршы, зағип жандар, көз­дері көрмейтін кісілер картина жазады. Түс­тер­ді ажыратпаса да, ол кісілердің жүректері ояу. Сол жүректерімен, сезімдерімен салады. Се­зім­мен, түйсікпен салатын болса, онда түс­терді ажыратудың, оны көрудің қажеттілігі жоқ.», – деді Суретшілер одағының мүшесі Ренат Елубаев.

Суретшінің айтуынша, зағип жандар кө­кейінде жүрген мәселелерді осы картиналар  ар­­­­қылы көрсетеді. Сурет сала отырып олар іш­кі әлемінің сыр-сандығын ақтарады. Аста­на­дан келген өнерпаз жас суретшілерге де ше­берлік сағаты өткізілді. Жалпы, жазғы фес­ти­валь бірнеше бағытты қамтыған. Поэзия кеші, қолөнер мен қылқалам шеберлерінің көр­месі әр апта сайын өтеді. 

«Барлық концерттік іс-шараларымыз не­гізінен жергілікті өнерпаздардың қатысуымен ұйымдастырылады. Бұл жергілікті өнерпаз­дар­дың репертуарлық жағынан ізденіске алып ке­леді. Апта сайын концерт өткеннен кейін өнер­паздар репертуарларын жаңартуға тура келеді. Осы маусым барысында тағы да түрлі шара ұйымдастыру жоспарда бар», – деді Ақсу қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлі­мінің басшысы Медіғат Манапов.

Халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, ру­хани азық беретін «Ақсу толқыны» жазғы фес­тивалі тамыз айының соңына дейін жал­ға­­са­ды. Қортындысы бойынша үздік өнер ұжым­дары анықталады.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ