ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары халықаралық және өңірлік жағдай, сондай-ақ оның Ұйым елдерінің қауіпсіздігіне әсері туралы пікір алмасты.
Алматыда ҰҚШҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтті
231
оқылды

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің төрағалығымен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтті.

ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары халықаралық және өңірлік жағдай, сондай-ақ оның Ұйым елдерінің қауіпсіздігіне әсері туралы пікір алмасты.

ҚР СІМ басшысы өз сөзінде отырысқа қатысушыларды ҰҚШҰ форматындағы ынтымақтастық мәселелеріндегі Қазақстанның ұстанымы мен көзқарастары, бірінші жартыжылдықтағы Ұйымға Қазақстан төрағалығының басымдықтарын іске асыру барысы туралы хабардар етті, сондай-ақ одан әрі жан-жақты дамытуға бағытталған бірқатар ұсыныстар айтты.

Отырыс қорытындысы бойынша министрлер тәжік-ауған шекарасын нығайту жөніндегі нысаналы мемлекетаралық бағдарламаның жобасын, сондай-ақ ҰҚШҰ шеңберіндегі бітімгершілік, қаржы-ұйымдастыру қызметі және халықаралық шарттардың жобаларын әзірлеу саласындағы бірқатар құжаттарды мақұлдады.

Сыртқы істер министрлері кеңесі сондай-ақ Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы жағдай туралы, ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта пайдалану мәселелері бойынша, Беларусьті нацистік басқыншылардан азат етудің 80 жылдығына байланысты, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік саласындағы саяси мәлімдемелер қабылдады.

Алматыдағы отырыс дәстүрлі достық атмосферада өтіп, тараптар ҰҚШҰ шеңберіндегі өзара іс-қимылды дамытуға және Ұйымды одан әрі нығайтуға бейілділігін растады.

СІМК аясында Қазақстан мен Ресейдің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары М.Нұртілеу мен С.Лавровтың екіжақты кездесуі өтті. Тараптар Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының даму перспективаларын талқылап, ағымдағы жылдың соңына дейін аса жоғары және жоғары деңгейдегі бірлескен іс-шаралар кестесін қарастырды.