Оның сөзінше, күйеуіне жазықсыз күйе жағатын әйелдер бар.
«Халық жауы ұқсатып ұстап беріп жатыр»: ақын Сара Тоқтамысова күйеуі ұрғанын айтқан әйелдерге ренішін білдірді
Фото: instagram.com/ sarkanai
2,515
оқылды

Ақын Сара Тоқтамысова тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң жобасына қатысты ойын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Оның сөзінше, күйеуіне жазықсыз күйе жағатын әйелдер бар. Ақын күйеуі ұрғанын мәлімдеп жүрген кейбір әйелдерге ренішін білдірді. 

«Мен зорлық-зомбылық, ұрып-соғу дегенге түбегейлі қарсымын. «Қарсы емеспін» дейтін әйел жоқ шығар. Қисық қабырғаңнан жаратылған жанды өз әлеміңе сай етіп түзеп алам деу ең ақымақ еркектің қағидасы. Оны ұрып-соғып тәрбиелей алмайсың. Егер әйелің көзіңе жын боп көрінсе, басқа жолын тап. Одан да босата сал. Ұрып-соғып, әке-шешесінен боқтап жөнге салу деген бос әурешілік. Әйелге қолын тигізіп, әке-шешесінен боқтаған күні еркек өзінің «еркек» деген құнын түсіріп алады. Осыны ойлаңдар, азаматтар», – деп жазды ақын. 

Ол отбасындағы кикілжіңге бір адам ғана кінәлі болмайтынын айтты. 

«Мұның екінші жағы бар. Қазақстанда заң шықты екен деп пәлен жыл отасқан күйеуін халық жауы ұқсатып ұстап беріп жатқан әйелдер де шығып жатыр. Біздің әйелдердің, тіліміз өте ұзын. «Қой» дегенде қоя салмай кей жігіттің тілін шығарамыз. Сондықтан болған жайтты жұртқа жайып, жөнсіз-жобасыз күйеуіне қара күйені жағып, өзі сүттен ақ, судан таза болатын әйелдерді Құдай кешірсін. Ешқашан тек бір жақ кінәлі болмайды, соны сарапқа салып ойлану керек деп ойлаймын. Біреудің өміріне араласып, пікір жазып уақытыңды бос кетірмей, өзіңмен айналыс, өзіңе арна уақытты», – дейді ол.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз.