Ислам 7-сыныптан бастап түрлі білім сайыстарында жетістіктерге қол жеткізді.
Түркістандық оқушы әлемнің 40 университетінен шақырту алды
Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
11,909
оқылды

Түркістан білім-инновация лицейінің оқушысы Ислам Абдурахманов әлемнің 40 университетіне грант жеңіп алды, - деп хабарлайды Aikyn.kz.  

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, ол БАӘ, АҚШ, Англия, Польша, Малайзия, Швейцария мемлекеттеріндегі қалаған жоғары оқу орнының студенті атана алады. 

Ислам 7-сыныптан бастап түрлі білім сайыстарында жетістіктерге қол жеткізді. Интеллектуалды жарыстарды негізге алып, олардың ішінде шахматпен ерекше айналысты. Соның аясында қалалық және облыстық деңгейде өткен түрлі жарыстарда алтын мен қолаға қол жеткізді. 

«8-сыныпта IT саласына қызығушылығым оянып, жаңа бағытқа қадам бастым. Бұл салада республикалық деңгейде өткен  Hackathon  атты жарыстан алтынға қол жеткіздім. Осы іс-шарада алған тәжірибем Қазақстандағы білім олимпиадасынан бірінші орын иеленуіме себепкер болды. 9-сыныпта қоғамдық істермен айналысамын деп шештім. Түркістан қаласының  Eco Turkistan  клубының мүшесі болдым және ол жерде біраз тәжірибе ала отыра, Кентау қаласында өзімнің  Green Team  атты жеке эко клубымды аштым», - дейді ол. 

11-сыныптан бастап жоғары оқу орнына түсуді қолға алған Ислам әлемнің 6 еліндегі 40-тан астам университеттен шақырту алды.

Исламның таңдауы АҚШ-тың Техас штаты, Хьюстон қаласындағы  North American University(NAU)  мекемесіне түсті. Үздік оқушы шетелде білім алып, Отанға оралып, еңбек етуді көздеп отыр.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.