Ауқымды ғылыми-зерттеу адамның психикалық жағынан сау болуы ұзақ өмір сүруге көмектесетінін анықтаған. Өздерін бақытты сезінетін, ұзақ жасаған адамдар ірімшікті жақсы көреді екен.
Ірімшік жеген адам ұзақ өмір сүреді, қартайғанда өзін бақытты сезінеді
Роза Бағланова саламатты өмір салтымен ұзақ өмір сүрген. Фото inform.kz сайтынан алынды
7,460
оқылды

Өзін жақсы сезініп қартайған адамдардың өмір салтын зерттеген еңбектің нәтижесін newatlas.com сайты жариялады. Осы мақалаға сүйенген Aikyn.kz бақытты қартаю мен ірімшіктің арасында қандай байланыс бар екенін түсіндіреді.

Ірімшік туралы дәлелдер Ежелгі Египет пирамидаларында табылған. Фото dzen.ru сайтынан алынды

2,3 миллион адамды қамтыған ауқымды зерттеу әлеуметтік-экономикалық факторлармен бірге, адамның психикалық жағдайы да ауырмай қартаюдың және өмір сүру ұзақтығының маңызды аспектілері болуы мүмкін екенін көрсеткен. Бірақ бізді таңғалдырғаны адамдардың әл-ауқатын жақсартатын психикалық денсаулығы мен күйзеліске төзімділігіне себепкер ретінде ірімшіктің аталуы болды.

Бүкіл әлемде 4000 жылдан астам уақыт бойы дайындалып, тағамның ажырамас бөлігіне айналған ірімшік туралы алғашқы дәлелдер Ежелгі Египет пирамидаларындағы жазбалар дәлелдейді. Бірнеше жыл бұрын осы өңірден әлемдегі ең көне ірімшік табылған болатын.

Ірімшік пен адамның ұзақ өмір сүруі мен жақсы денсаулығы арасындағы байланыс ғылыми зерттеуде анықталды. Фото newatlas.com сайтынан алынды. Авторлығы: Depositphotos

Ірімшік пен адамның әл-ауқаты арасындағы байланыстың таңғаларлық нәтижесі Шанхай Цзяо Тонг университетінің медицина мектебінің профессоры Тянь-Гэ Ванг басқарған ғалымдар тобы жүргізген ғылыми-зерттеуде анықталды.

«Денсаулық сақтау саласындағы маңызды саясатты ақпараттандыру үшін бізге әлеуметтік-экономикалық жағдайдың қандай аспектілері өмір сүру ұзақтығына әсер ететіні, сондай-ақ өмір салты мен ауру сияқты өзгеретін факторлардың рөлі туралы егжей-тегжейлі себеп-салдарлық деректер қажет», – дейді зерттеушілер.

Олар 2,3 миллион генетикалық әртүрлі еуропалықты қамтитын 8 деректер жинағын зерттеп, көптеген факторларды сау болып қартаюмен байланыстырып қана қоймай, сонымен бірге күшті себеп-салдарлық әсерлерді де анықтады. 

Біз генетиканың, өмір салтын, байлық пен білімнің аурумен, денсаулықпен және өмір сүру ұзақтығымен тығыз байланысты екенін білеміз. Маңызды деректерді қорытындылау үшін ғалымдар генетикалық тәуелсіз қартаю фенотипіне (қартаю-GIP) және осы тұрақты қартаю фенотипінің бес жалпы белгісіне негізделген психикалық әл-ауқатты зерттеді. Оған: өмірге төзімділік, денсаулығын өзін-өзі бағалау, өмір сүру ұзақтығы, ата-анасының өмір сүру ұзақтығы және ұзақ өмір сүру кіргізілді. Бұл нәтижелер әлеуметтік-экономикалық факторларды ескеріп түзетілді.

Жоғары жалақы, жақсы білім мен жұмысқа қанағаттану психикалық денсаулық пен әл-ауқаттың жақсы болуында өзіндік рөл атқарады. Фото yahoo.com сайтынан алынды

Зерттеуде психикалық әл-ауқаты жақсарған адамдар ұзақ жылдар бойы дені сау болып, төзімділік, жақсы денсаулық және ұзақ өмір сүру сияқты қартаю-GIP сипаттамалары бойынша айтарлықтай жоғары ұпай жинайтыны анықталды. Бір қызығы, адамның әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктері біздің өмір сүру жасымызға әсер еткенімен (медициналық қызметтерге қол жеткізу мүмкіндігі, жұмыстағы стрессті азайту, тағам таңдау мен дұрыс тамақтану мүмкіндігі), зерттеу нәтижелері біреудің бай немесе кедей болуы оның әл-ауқаты пен саламатты қартаюына әсер етпейтінін көрсеткен. Дегенмен жоғары жалақы, жақсы білім мен жұмысқа қанағаттану психикалық денсаулық пен әл-ауқаттың жақсы болуында өзіндік рөл атқаратыны анықталған.

Ірімшік (және жемісті) ұдайы тұтыну бақытты және сау қартайған, ұзақ жасаған адамдар арасында ерекше факторлардың бірі. Фото freepik.com сайтынан алынды

Ал ірімшікті (және жемісті) ұдайы пайдалану мен тұтыну бақытты және сау қартаюға тікелей жауапты болмаса да, бұл ұзақ жасаған адамдар арасында ерекше факторлардың бірі болған. Бұл қорытындыға қосымша дәлел ретінде кавказдық халықтардың ұзақ жасауы мен олардың сүт тағамдарын ұдайы тұтынуы арасында да тікелей байланыс бар екенін айтуға болды.

Ірімшік пен сүт өнімдерінің денсаулыққа пайдасы адамның әл-ауқаты мен күнделікті физикалық, әлеуметтік белсенділігімен де байланысты болуы мүмкін. 

Қытайлық ғалымдардың зерттеуі ауқымды болғанымен, онда тек еуропалық ересектердің деректері талданған. Егер сіз өзіңіздің денсаулығыңызға жауапты болсаңыз, бүгіннен бастап сүт өнімдерін, оның ішінде ірімшікті күнделікті рационға қосуыңызға кеңес береміз. Бұл жерде өзіңіздің дәрігеріңіздің пікірін міндетті түрде ескеріңіз.

Зерттеу Nature Human Behavior журналында жарияланды.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.