Маңғыстауда ауызсу мәселесі шешімін таба бастады. Ақтаудың іргесіндегі Сайын Шапағатов ауылында сайлауалды бағдарлама аясында салынған су тұшыту қондырғысы іске қосылды.
Ауызсу мәселесі шешілді
348
оқылды

Жаңа қондырғының көмегімен зауыттың қуаты екі есе артты. Кәсіпорын тәулігіне 4 500 м3 су тұшытады. Бұл өз кезегінде он мыңға жуық тұрғыны бар Сайын Шапағатов пен көр­шілес 15 мың адам тұратын Ақшұқыр ауылын толық ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Су тұшыту зауыты шикізат ретінде жерасты суларын пайдаланып, ауыл халқына санитарлық талапқа сай ауызсу ұсынады. Алдағы уақытта өндіріс ошағы қуатын тәулігіне 6 500 м3 дейін арттыруды жоспарлап отыр. Шарада аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай игі бастамаға мұрындық болған кәсіпкерлерге маңғыстаулықтар атынан алғысын жеткізді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірдегі су тапшылығын жойып, халықты таза сумен қамту жайында арнайы тапсырмасы бар. Жерлестерімізге тіршілік нәрін жеткізу ісі күн тәртібінен түспейді. Қазір облыста ауызсу тапшылығын жою үшін бірқатар жоба қарқынды жүріп жатыр. Нәти­жесін көретін сәт те алыс емес. Тамыз айы­на дейін «МАЭК» ЖШС аумағында тәулі­гіне 6 000 текше метр су тұшытатын қондырғы іске қосылса, «СК-А-Строй» ЖШС су тұшыту зауытының қуатын 5000-нан 9 000 текше метрге дейін арттырады. Сондай-ақ тамыздан бастап Ақтау қаласына тәулігіне қосымша 6 000 текше метр ауызсу, Баянды ауылындағы су тұшыту қондырғысы арқылы тәулігіне қосымша 3 000 текше метр ауызсу Мұнайлыға беріледі», – деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай.

Айта кетейік, іске қосылып жатқан зауыт­тың жалпы құны – 1 000 000 000 (1 млрд) теңге. Жобаны «Алека» ЖШС «Халық» қайы­рым­дылық қорының қолдауымен іске асырып отыр.