IQ-ALA jastary жобасының басты жүлде қоры 1.000.000 теңгені құрайды.
Алматыда IQ-Ala jastary жобасы өтті
829
оқылды

Алматы қаласында өнерлі және белсенді жастар арасында ең ауқымды интеллектуалды сайыс IQ-Ala jastary жобасының екінші турнирі ACTIVE CUP өтті. Жоба қаламыздағы өнерге бет бұрған барша белсенді жастардың басын қосты. ACTIVE CUP турнирінде жалпы 20 команда қатысты. Сайыс барысында түрлі тақырыптардан Kahoot форматында сұрақтар қойылды.

Жобаны Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен, Алматы қаласы «Жастар рухы» Жастар қанаты және «Алаш Жастар Одағы» қоғамдық қорының бірлесе ұйымдастыруымен жүзеге асырылды. Жобаның басты мақсаты - жалынды жастардың ой-өрісін кеңейту, экологиялық және мәдени сұрақтарға жауап беру арқылы логикалық тұрғыда креативті ойлау қабілеттерін дамыту.

Іс-шара барысында Алматы қаласының мәслихат депутаты Серік Есматов құттықтау сөзін сөйледі. Ол жастардың интеллектін арттыру мақсатында түрлі әдіс-тәсілдерімен бөлісті.

Aqyl Battle жобасының авторы, Thousand IT компаниясының басшысы Құлатай Айболат өз сөзінде: «Қазіргі ақпараттық заманда білім бәйгесіне алтын уақыттарыңызды бөліп,  атсалысып отырғандарыңызға көп-көп рақмет! Осындай интеллектуалы сайыстар арқылы біз өз білімімізді шыңдап, ортамызды көбейте аламыз. Ойын жоғары деңгейде өтті. Барлығы әділ, бақылауда болды», – деп түйіндеді.

Жүлделі орындарды жеңіп алған командаларға кубок пен диплом және имидждік өнімдер сыйға берілді. Ал қатысқан әр қатысушыға алғысхат табысталды.

Ескерте кетейік,  IQ-ALA jastary жобасының басты жүлде қоры 1.000.000 теңгені құрайды. Бұл жоба қала жастарының белсенділерін қамти отырып, үздіктерді анықтауға мүмкіндік береді.