Мәулен Әшімбаев журналистер қауымын құттықтай келе, бұқаралық ақпарат құралдары Әділетті Қазақстан құру бағдарын іске асыруға белсенді қатысып келе жатқан маңызды институттардың бірі екенін айтты. Сенат Спикері журналистердің парламенттік пулы заң шығарушы орган мен қоғамды байланыстыратын мәнге ие екенін де тілге тиек етті. Сондай-ақ ол елімізде болып жатқан оқиғалар, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған реформалар, сенаторлардың жұмысы және заңнамалық өзгерістер мен қабылданған шешімдер жайында ақпарат таратып, олардың маңызын халыққа дәйекті түрде жеткізіп жүрген тілшілер қауымы мемлекетіміздің дамуына үлкен үлес қосып отырғанын атап өтті.
«Соңғы жылдарда елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен Әділетті Қазақстан құру жолында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, бұл – барша қазақстандықтың алдында тұрған маңызды міндет. Осыған байланысты кешенді саяси, экономикалық, әлеуметтік реформалар іске асырылып келеді. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу, идеология бағытында да маңызды қадамдар жасалуда. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында осы саладағы негізгі басымдықтарды белгілеп берді. Сол қағидаттарды және атқарылып жатқан жұмыстар мен қабылданған заңдарды халыққа жеткізіп, олардың мәнін түсіндіруде бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің рөлі зор», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат жұмысындағы басым бағыттардың бірі өңірлердің дамуына ықпал ету, сондай-ақ жергілікті өкілді және атқарушы органдармен бірлесіп өзекті проблемаларды шешу екені белгілі. Осыған байланысты Мәулен Әшімбаев бұқаралық ақпарат құралдарының болған оқиғаны жедел және объективті жариялауы, сенаторлардың депутаттық сауалдары бойынша сюжеттері мен мақалалары, тұрақты комитеттердің қызметі мен қабылданып жатқан заңдар туралы талдамалық материалдары аса маңызды екеніне назар аударды. Сондықтан сенаторлар БАҚ өкілдерімен байланысты одан әрі нығайтуға мүдделі.
«Парламент осы сессияда 100-ге жуық заң қабылдады. Барлық заң халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, елімізді одан әрі дамытуға және азаматтарымыздың құқықтарын қорғауға арналған. Осы ретте әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қорғауға, қоғамдық бақылауды арттыруға және мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіруге арналған заңдарды ерекше атап өткен жөн. Маңызды нормалардың қатарында «Масс-медиа туралы» заң да бар. Бұл құжат масс-медиа саласындағы заңнаманы жүйелі түрде жетілдіруді көздейді. Заң шығару қызметімен бірге Сенат маңызды мәселелерге арналған Үкімет сағаттары, Парламенттік тыңдаулар, дөңгелек үстелдер және халықаралық іс-шаралар өткізді. Сенаторлардың өңірлерге сапарын да айрықша атап өткен жөн. Осы жұмыстың бәріне өздеріңіз де қатысып, олардың маңызын халыққа жеткізіп келесіздер. Сенат әрдайым бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Алдағы уақытта осы байланыс одан әрі артады деп сенемін», – деп Мәулен Әшімбаев БАҚ өкілдеріне зор денсаулық, бақ-береке және шығармашылық табыс тіледі.
Айта кетейік, биыл «Парасат» байқауына қатысуға телеарналар, радио, газет, ақпарат порталдары және басқа да медиадан еліміз бойынша 120-ға жуық жұмыс келіп түсті. Олардың арасынан жүзден жүйріктер анықталды:
Үздік телевизиялық материал: Айдарбек Балғабеков – «24KZ» телеарнасының Солтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі, Фариза Болатбек – Atameken Business телеарнасының тілшісі.
Үздік радиоматериал: Алмас Байдрахманов – «Қазақ радиосының» тілшісі.
Мерзімді баспасөздегі үздік материал: Ескендір Зұлқарнай – Egemen Qazaqstan газетінің тілшісі, Екатерина Байняшева – «Наш Костанай» газетінің тілшісі, Aiqyn газетінің ұжымы.
Интернет-басылымдағы үздік жарияланым: Руслан Ғаббасов – «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің тілшісі, Әйгерім Уммат – Informburo.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.
Әлеуметтік желілердегі үздік жазба: Болат Бұхарбай – Jaqsy Bolady Youtube арнасының автор-жүргізушісі, Абай Тіленшиев – Abay Live YouТube арнасының автор-жүргізушісі, Ренат Ташкинбаев – «Другие места» блогының авторы.
Жылдың арнайы сыйлығы – «Үздік аналитикалық материал»: Амангелді Сейітхан – Qazaqstan ұлттық телеарнасының тілшісі, Аружан Дәрібай – Tengrinews.kz ақпараттық интернет-порталының тілшісі, Лаура Түсіпбекова – «Казахстанская правда» газетінің тілшісі.
К. ЕРКІН