Шах-Мұрат Ордабаев, дубляж режиссері: Аударма көрермен талғамына сай таңдалады

Бір аптаның ішінде рекорд орнатқан «Ойжұмбақ 2» эмоция кейіпкерлері арқылы көрерменге ой тас­таған үздік дубляж жұмысының бірі болды.

Фильмнің әр сеансында зал көрерменге лық толы болғаны қуанарлық жайт. Өйткені бұл – қазақша дубляждың сұранысы жоғары екенінің дәлелі. Көрермен көңілінен шыққан жұмыстың негізгі өзегі біз біле бермейтін құпия­ға толы. «Ойжұмбақ 2-ні» қазақша сөйлеткен дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаевпен әңгімелесіп, аталған фильмді дыбыс­тау кезіндегі шығармашылық топтың ізденістерінен хабардар болдық. Сонымен қатар дубляж режиссері қазақ дубляжының бүгінгі ахуалына тоқталды.

– «Ойжұмбақ 2» алғашқы күннен-ақ касса жинады. Эк­ранға шыққанға дейінгі жұ­мыс­­тарға аударма, дубляжға қанша уақыт кетті? 

– Дубляжға, мәтінді аудару, әртісті таңдау, фильмді жазу, қысқасы, барлық жұмысқа шамамен бір айдай уақыт кетті. Фильмді жазудың өзі 20 күндей уақытты алды. 

– Мультфильмді көргенде аударманың сапалы жасалып, оның кейіпкерлер дауысына үйлесімі ерекше әсер қалдырды. Дыбыстау кезінде актерлерді қалай таңдадыңыздар? Неге мән бердіңіздер? 

– Ең бірінші мына талаптарды ескердік: актер дауысының кейіпкерге үйлесуі, жарасымды болуы, актерлік қабілет, тілдің тазалығы. Сонымен қатар әртістің қызығушылығын да ескеру керек. Егер әртістің бойында өзі қатысып жатқан жобаға шынайы қызығушылық болмаса, көзі жанып талпынып тұрмаса, жоба ойдағыдай шықпай қалуы әбден мүмкін. Негізгі өзімнің де қоятын талаптарым осы. 

– «Ойжұмбақ 2» қазақша аудармасының өзі қазақтілді дубляждың жағдайын көрсеткендей болды. Disney компаниясының бұдан бөлек «Муфасса: Арыстан патша» мен «Моана 2» дыбысталып жатқанын айтқан едіңіз. Жалпы, көрерменге ұсынылатын аудармаларды қалай таңдау керек?

– Ашығын айтқанда, бұл үш фильмді таңдаған біз емес, Disney компаниясының өзі. Осы фильм­дерді көрермен назарына қазақ тілінде ұсынуға бел буды. Ол бекер емес. Компания қоржынында аз уақытта шығатын тағы көп фильм бар. Бірақ сіз атаған осы үш фильм неге таңдалғанына былай жауап берейін. Біріншіден, осы үш фильмнің көрермені және аудиторияның жас ерекшелігі өте қолайлы. Бұл отбасылық туынды болғандықтан, бала-шағаңызбен, ата-анаңызбен бірге тамашалауға болады, ешқандай қантөгіс я болмаса анайы сөздер, ерсі сахналар көрсетілмейді. Отбасылық туынды ретінде барынша көбірек кө­рермен жинайтын кинотуындылардың қатарына кіретін осы үш фильм Disney-ден ұсынылды. Бұл – кәдімгі үлкен стратегиялық қадам. Жаңа айтқанымдай, бұл таңдауды біз жасамадық, Disney өзі ұсынды. Неліктен? Бұған дейін «Болашақ» корпоративтік қорының қаржыландыруымен шыққан фильмдерді таңдаған Disney және «Болашақ» корпоративтік қоры болатын. Қаржыландырған компания солар болғандықтан, таңдауға да өз үлестерін қосты. Сол ды­быс­талған 40-тан астам фильмнің барлығы дерлік отбасылық фильмдер еді. Бәлкім содан болар, Disney бұған дейін қазақ тіліне дыбысталған фильм­дердің басым көпшілігі отбасылық бағытта деп биыл да осындай фильмдерді ұсынды. Былай­ша айтқанда, аудиторияның қызығу­шылығы, статистикалық көрсеткіштері бар шы­ғар. Бірақ менің ойымша, біз тек отбасылық фильм­дермен шектелмей, кез келген жастағы кө­рерменге кез келген жанрдағы фильмдерді ұсынуымыз және соған жан-жақты дайын болуымыз керек. Өйткені дубляждың барлығы ертегі немесе әндер ғана емес қой, әртүрлі фильмдер бар. Мысалы, маған қазір мүмкіндік берілсе, «Оппенгеймерді» қазақша дыбыстар едім. Өйткені бұл – үлкен ой салатын, біздің елімізге жат емес сұрқия қаруды ойлап тапқан адамның биографиялық фильмі. Мұндай мағыналық маңызы зор фильмдерді қазақ тіліне дыбыстау керек-ақ, бұл мен үшін ерекше қызық болар еді және көрер­мен оны тамашалауы керек. 

– Disney-дің туындылары қазақша сөйлеп, эк­ранға шыққаннан кейін қазақтілді мультфильмдер­дің көрермені көп екенін байқадық. Бірақ неге аудармалар ғана кинотеатр экранына шығып жатыр? Отандық анимациялардың орны кинотеатрды бы­лай қойғанда телеэкраннан аспайтын сияқты. Сіздің пікіріңіз қандай? 

– Disney – алпауыт компания. Ол – әлдеқашан көрерменін тапқан, киносы ғана емес, мульт­фильмі, телесериалдары, медианың әртүрлі саласында орнын тапқан кангломерат компания. Онымен, әрине, біздің анимацияның жарысуы қиындау. Десе де, жоқ емес, бар. Отандық анимацияларға шынайы қолдау керек деп есептеймін. Тек қана мемлекет тарапынан, Ұлттық киноны қолдау орталығы ғана емес, жеке кәсіпкерлердің де шын қолдауы керек сияқты. Өйткені анимация өнері кино өнеріне қарағанда әлдеқайда күрделірек. Қазір Қазақстанда үлкен кино түсіретін мықты продюсер, режиссерлер бар. Әрқайсысының продакшн компаниялары бар. Олар жан-жақты дайын болып тұрса, бір айдың ішінде бір фильмді түсірілімін аяқтап шығуы мүмкін. Тіпті, екі апта түсірілген фильмнің де куәсі болдым. Ал дәл осындай жылдамдықпен анимация жасау мүмкін емес. Сондықтан осы арқылы анимация­ның шын күрделі өнер екенін байқауымызға болады. Анимацияда танымал әртісті шақыра сап, соның жүзін қолдану сияқты әдістер жүрмейді. Анимацияның заңдылықтары көп. Бір толықметражды фильм бірнеше жыл бойы жасалуы мүмкін. Сондықтан мұндай күрделі процес­терге қаражат керек екені анық. Мамандарға да көмек көрсету, техникалық жабдықтарды түгендеу – әжептәуір ауқымды күрделі процестердің бірі. Бұл жерде мен балалар телеарнасының тапсырысы бойынша шығып жатқан анимацияны айтып отырғаным жоқ, дербес студияларды айтып отырмын. Мемлекеттік емес студияның жұмыстары және олардың деңгейі қазір қуантады. Тек сол әттеген-ай қаржыландыру жағы жақсар­са екен ниет-тілегім бар.

– Кейбір көрерменнің аудармаға қатысты сыни пікірлерін естіп жатырмыз. Сынның болғаны да дұрыс қой. Сіздер қалай қабылдадыңыздар?

– Ия, сын айтылды. Сын айтылғаны дұрыс әрі орынды. Бұл туралы жазылған мақалаларды, пікірлерді оқығанда қуандым. Неге? Өйткені көрерменге бәрібір емес, көрермен осының жақсы болғанын қалайды, сол үшін өз пікірін білдіріп жатты. Олардың барлығы бірдей емес, әрине. Десе де, орынды айтылған пікірлер жетерлік. Әсіресе, аудармаға келгенде көп сыни көзқарас болғанын байқадық, аударма мамандары бізге жазды. Сол жазылған ақпараттарды сілтемесімен біздің аудармашыларымызға да жібердім. Олар ақылдасып, керегін қабылдап, керек емесін қабылдамады. Сын деген бір жақсы құрал ғой. Соның арқасында көп нәрсе түзеледі. Мінсіз, керемет жасалған дүние болмайды. Қашанда қателіктер болады. Бір жері дұрыс болса, кей жерінен қа­теліктер орын алуы мүмкін. Осындай сын арқылы жөнделеміз. 

– «Ойжұмбақтың» бірінші бөліміндегі кей кейіпкерлер қайталанады ғой: Райли, Қуаныш, Ашу, Қорқыныш, Мұң және Жиіркеніш. Екінші бөлімде осы кейіпкерлерге бірінші маусымда дыбыстағандар дауыс берді ме?

– Жоқ, бірінші бөлімін Qazaqstan ұлттық арнасы жасаған. Ол астаналық жоба болды. Яғни, ұлттық арна тек астаналық әртістерді шақырды, солар дыбыстады. Ал екінші бөліміне келгенде түгел кейіпкерлердің дауысын қайта таңдау бұйрығы келді. Сондықтан біз әртістерді жаңадан, басынан таңдадық. 

– «Ойжұмбақ 2» прокатқа екі тілде қатар шық­ты, орыс және қазақ тілінде. Бір байқағанымыз, орыс тіліндегі сеанстар қазақ тіліне қарағанда кү­ніне екі есе көп қойылды. Дегенмен қазақша дубляж­далған фильм рекорд орнатты. Осыған қарап қазақ дубляжының жағдайын, көрермен сұранысын қалай таразылауға болады?

– Көрермен қызығушылығы жоғары. Осы тұста мынаны айта кетейін, қазақша дыбыстаумен айналысқан шығармашылық топ, яғни біз тек дыбыс­таумен айналысамыз. Кинотеатрларға тарату – «Меломан» компаниясының қолында. Фильм қа­зақ тіліне «Дисней» компаниясымен қар­жылан­дырып дыбысталды. Ал «Меломан» ком­­­паниясы оны кинотеатрларға тек ұсынады. Жақында Көкшетауда болдым. Жалғыз кинотеатр бар екен. Сол жерде бірде бір қазақша сеанс жоқ. Ал көрермен сұ­рап келсе, тек орысшасын көрсетуге бел буған. Өзімнің қалам Арқалықта да тек орысша сеанстар тұр. Жаңаөзеннің үш кинотеатрының біреуі жылда біз­ді қолдайды. Сондықтан олар көрермен назарына тек қазақша сеанстарды сатып алды. Міне, сеанстарды таңдау кинотеатрлардың өз еркінде.

– Жақында Сенаттың «Ұлттық мүдде» диалог алаңы отырысына қатыстыңыз. Бір сұхбатыңызда «Ойжұмбақ 2-ні» қазақша дыбыстау барысында көп айтыла бермейтін сөзімізді балаларға түсіндіру үшін осы сәтті пайдаландық» деген екенсіз. Осыған қарап дубляждың ұлттық мүддемізді қалыптастыруға қосатын үлесі бар деуімізге бола ма?

– Әрине, болады. Шетелден келген өзінің шығармашылық идеясы бар фильмді біз қазақ тіліне аударып, дыбыстап жатқан кезде бізге лайық емес, бізге жат нәрсені дубляж арқылы елек­тен өткізе аламыз. Осылайша, оларды қазақ менталитетіне, қазақ тіліне, қазақ халқына сай ыңғайлаймыз. Сөйтіп, ұлттық мүддені насихаттайтын кішігірім құралға айналамыз. 

– Кез келген жастағы көрермен «Ойжұмбақ 2-ден» керемет көңіл күйден бөлек не ала алады?

– Біріншіден, үздік анимациялық студия Disney, Pixar бұл үш туындыны он жыл пісірген. 2016 жылы да шықты, одан кейін биыл екінші бөлімі шығып отыр. Фильм шықпас бұрын 3-4 жыл өндірісте болды, сценарийін құрастырды. Сондай үлкен шығармашылық топтың көркем фильмін көрермен тамашалауға қақылы. Көрермен неге орыс тілінде тамашаласын? Біз көрерменге мүмкіндік пен таңдау беруіміз керек. Сондықтан осындай мүмкіндікті сапалы түрде қазақ тілінде тамашалағанын қалаймыз. Сол үшін жасалған әрекет – бұл. Дубляж мәселесіне келгенде, сапалы дүниенің қазақша болуы әбден мүмкін деген ой қалыптастыру. Өйткені дубляж көрермен санасында «сапасыз, арзан жасалған дүние» деген ой қалыптасып қалған болуы мүмкін. Ал дубляждың жақсы жағы да бар, сапалы түрі де бар. Міне, қазақша дубляжды да әлемдік стандарттарға сай жасап жатырмыз. Аудармашылармыз халық арасында ұмытылған кей сөздерді қайта қосты. Онымен көрермен тура жаңа танысқандай күй кешіп жатыр. Мұны да кішігірім тәрбиелік құрал деп есептеймін.

– Уақыт бөліп сұхбаттасқаныңызға рақмет! Шығармашылық табыс тілейміз!

Әңгімелескен

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ