Музыкалық аспаптың адамзат тарихында өзінің алар орны бар.
Сегізінші ғасырдағы қазақтың музыкалық аспаптары
Фото: автордыкі
3,318
оқылды

Қай заманда болса да адам баласы музыка аспабы арқылы өзінің ішкі сезімін, күйініші мен сүйінішін, қуанышы мен қайғысын жеткізіп отырғаны белгілі. Әрине, дыбыс шығаруға болатын құралдың нақты шыққан уақытын дәл айту қиын. Әркім әртүрлі жазады. Бұл қазақ даласындағы кездесетін домбыра мен қобызға да қатысты. Бірақ археологтар тапқан құнды жәдігерлер мен ашқан жаңалықтары негізінде жобалап пайымдауға болады. Осы мақала сондай жәдігерлерге арналады.

2012 жылы отандық археолог ғалымдар сенсациялық жаңалық ашады. Қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданында орналасқан Қарақоба қорымында ортағасырлық музыкалық аспаптар табылды. Қорым сол аймақтағы Қарақоба өзеніне байланысты аталған. Білетіндер бұл шамамен VIII-IX ғасырлар кезеңі дейді. Экспедиция жетекшісі – археология саласының білгірі, ғалым-археолог Зайнолла Самашев.

2014 жылғы «Мәдени мұра» жорналының №5 санындағы мақаладағы келтірілген дерекке сәйкес, Қарақоба қорымындағы бір-біріне жақын жатқан үш қорғанның әрқайсысынан бір-бір музыкалық аспап табылыпты.

Археология саласының мамандары жақсы білсе де, қарапайым оқырман біле қоймас. Сондықтан аз-кем түсіндіріп кетейік. Табылған музыкалық аспаптар өзінен-өзі жатпаған. Яғни, әр қорымда адамның сүйегі, марқұм тұтынған ыдыстар, мінген тұлпары бәрі де бірге жерленген. Әрине қазіргі пайыммен алсақ тұрпайы көрініп тұр. Бірақ еске салып өтейік, бұл VIII-IX ғасырлардағы түркі тайпалары.

Бірінші табылған музыкалық аспап жайлы ғалым Зейнолла Самашев былай деп жазады: «...қорамсақтың оң жағында музыкалық аспап жатыр. Ұзындығы – 63 см. Шанағы – қайық тектес. Шанағында үш бұрышты ретінде келген жұлдызша – дыбыс ойығы, яғни, дыбыс шығаратын орын. Аспаптың шанағы ойылып шабылған». (Мақала орыс тілінде жазылғандықтан, қазақша аудармасын ұсынып отырмыз)

 

Аспапты ішекті-шертпелі топқа жатқызуға болады. Мойнындағы перне саны жайлы да еш мәлімет жоқ. Табу мүмкін де емес. Ондаған ғасыр жер астында жатқан ағаштың осы күйінде сақталғанының өзі олжа. Кейіннен Арқа даласында кеңінен таралған «қалақ домбыра» деп аталып кеткен түрдің ежелгі прототипі болуы әбден мүмкін.

Келесі музыкалық аспап жайлы ғалым-археолог былай дейді: «Бұл жерде жауынгердің жанынан табылған құнды заттардың бірі ағаштан жасалған музыкалық аспап. Ол адамның сол жағында, қылыш сабының астында жатыр. Жалпы ұзындығы – 70 см. Аспаптың басында екі құлағы анық көрініп тұр. Шанағы дөңгелене келген, тостаған пішіндес. Шанақтың түбіндегі түйме ішекті бекітуге арналған».

Бұл аспапты нақты екі ішекті деп айта аламыз. Шанағы кіші демесеңіз, бүгінгі тартып жүрген өзіміздің домбырадан еш айырмашылығы жоқ.

Соңғы табылған музыкалық аспап жайлы ғалым «бұның тек бас бөлігі ғана сақталған, қалғаны шіріп кеткен» дейді. Басқасы басқа нақты төрт құлақтың орны анық. Қалғаны ғасырлар қойнауына кетіп, жұмбақ ретінде қалған. Осы қазба жұмыстарын жүргізген өзге де археологтармен жеке сұхбат барысында аспаптың жанында ысқыш та жатқанын білдік. 

 

Үш музыкалық аспап жайлы мәлімет осындай. Ойлап қарасақ, екеуі бүгінгі домбыра, біреуі қобыздың атасы болуы әбден ықтимал. Әрқайсында ән айтып, күй шертілгені анық.

Құрметті оқырман, жоғарыдағы үш сурет қазба кезінде түсірілген. Археологтардың әдеті сол екен. Жүрген жерін, тапқанын бірден фото-видеоға таспалайды. 

Ал ең жоғарыдағы бас суретте тұрған фото – осы музыкалық аспаптардың жиынтық образы. Яғни, Зейнолла Самашев реставрация жұмысы үшін табылғандарды Қырым Алтынбековке ұсынады. Реставратор үшеуінен біреу жасап, мұражайға өткізеді. Бұл қазір Астанадағы Ұлттық музейде тұр. 

Біз суретші болмасақ та, табылған музыкалық аспаптардың пішінін пайымдап, қолдан сызып көрдік. Оқырман аса қатты сынай қоймас деген сенімдеміз. Ниетіміз байырғы даладағы қазақтың музыка аспабының негізі болған жәдігерді көрсету. 

 

Енді музыкалық аспаптардың иесі жөнінде бірер сөз. Зейнолла Самашев мақала барысында «бұл ежелді діндарлар, бақсылар болуы мүмкін» деп топшылайды. Болса болар, дегенмен біздің де бір жорамалымыз бар. Біздің ойымызша, қорымда жерленген қазақтың сал-серілерінің ежелгі прототипі. Ерте уақытта сал-серілер майданның алғы шебінде жүрген жауынгер болған екен. Мұны біз емес, сол сал-серілерді зерттегендер жазады. Ал бейбіт өмірде ән мен күйін тартып жүре береді екен. Кейін дүниеден озса мінген атын, қылыш-қанжарын барлығын бірге салыпты. Қарақобада табылғандар солар болуы әбден мүмкін…

Бұған дейін «Месқобыз қазаққа керек емес пе?»  деген мәселені көтерген болатынбыз. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз.