Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнімен құттықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді.
– Құрметті бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері!
Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!
Бұқаралық ақпарат құралдары еліміздегі игілікті істердің жаршысы, әділетті қоғамның айнасы ретінде шынайы өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды.Журналистика – орасан зор жауапкершілікті, ерен еңбекті және отаншылдық рух сияқты ұлы қасиетті қажет ететін бірегей кәсіп. Бұл орайда қазақстандық журналистер қауымы елдігімізді нығайту, ұлттық мүддені қорғау жолында өз міндеттерін мүлтіксіз атқарып келе жатқанын ерекше ықыласпен атап өтемін. Мемлекеттік деңгейдегі кез келген мәселеде қоғам Сіздердің тараптарыңыздан азаматтық жауапкершілік пен кәсіби біліктілікті айқын сезініп келеді.
Ақпарат дәуірінде идеология майданының алғы шебінде жүрген қуатты да бәсекеге қабілетті отандық медианың орны қашан да көш ілгері болатынына сенімдімін.
Баршаңызды төл мерекелеріңізбен құттықтай отырып, мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге жаңа шығармашылық шабыт тілеймін!, – деді Премьер-Министр.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.