Грекияда өртенген арал туралы кәсіпкер Данияр Әбілғазин мәлімдеме жасады.
Грекияда өртенген арал: «Персефони I» яхтасын 1 аптаға жалға алдым»
841
оқылды

Қазақстандық бизнесмен Данияр Әбілғазин Грекиядағы орман өртіне байланысты мәлімдеме жасады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты El.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Грекияның Гидра аралында болған өртке байланысты көңіл айтамын. Түсінікті болу үшін айтайын, өзіме және қонақтарыма Грекия аралдарын аралау үшін «Персефони I» яхтасын 2024 жылғы 15 маусым күні сағат 12:00-ден 2024 жылғы 22 маусым сағат 12:00-ге дейін жалға алдым. Грекиядан кетер алдында, 22 маусымнан бұрын бізбен билік өкілдері сөйлесті, олар осы оқиғаға байланысты маған да, қонақтарыма да ешқандай арыз-шағым түсірген жоқ. Осылайша, біз бастапқы жоспар бойынша саяхатымызды жалғастырдық. Айта кетейін, кейбір қонақтарымыз 2024 жылғы 21 маусым күні таңертең кетіп қалды, – деді кәсіпкер.

Ол өз тарапынан қандай да бір құқық бұзушылық болғанын жоққа шығарды.

– Өзім де, қонақтарым да өртке әкеп соғатын ешқандай әрекет жасаған жоқпыз. Біз яхтада көрсетілген өрт қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтадық. Мен де, қонақтарым да яхта экипажынан өртке әкеп соғуы мүмкін әрекеттер жасауды сұраған жоқпыз, – деп қосты ол.

Әбілғазин тергеу аясында грек билігімен серіктестікке дайын екенін де айтты.

– Тергеу жалғасып жатқандықтан, қосымша пікір білдіру немесе болжам жасау орынсыз, – деді ол.

Естеріңізде болса, бұған дейін Грекияда туристер жалға алған яхтада отшашу ұйымдастырып, ол аралдың өртенуіне әкеп соққаны айтылған. БАҚ-та бұған қазақстандықтардың қатысы бары туралы да жазылды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.