Мемлекет басшысының бастамасымен «Таза Қазақстан» акциясы аясында облыстың барлық аудандарында көшелерді тазалау, қоқыс шығару, су айдындарының жағалауларын тазарту жұмыстары жүргізілді.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында Абай облысында тазалау жұмыстары жүргізілді
463
оқылды

Сондай-ақ акцияға қатысушылар ескерткіштерді, гүлзарларды және басқа да орындарды абаттандырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Облыс аумағында 10-ға жуық түрлі акция өтті. Ауқымды жобаның мақсаты – халықтың экологиялық мәдениетінің деңгейін арттыру, қоғамдық орындарды, көшелер мен су айдындарын жиналған қоқыстардан тазарту.

Мысалы, Бородулиха ауданында акцияға қатысушылар сенбілік барысында жүзден астам қап қоқыс жинады. Тазалауға тұрғындар ғана емес, аудандық мәслихат депутаттары, ведомстволардың қызметкерлері мен «Жасыл Ел» экологиялық жасағының жауынгерлері де қатысты.

Мақаншы ауданында Алакөл көлінің жағалауын тазалауға 100-ден астам адам шықты. Сонымен қатар, акция аясында ауданда ҚТҚ полигондарына қоқыс шығарылды. Семейде «Гүлдер өмір үшін» акциясы өтіп, қатысушылар көшеттер мен гүлдер отырғызды.

Аягөз ауданында «Битан тау» аллеясы тазаланды, оған 40-қа жуық жас атсалысты. Олар тазалықты сақтауға және абаттандыруға өз үлестерін қосты. Осындай жұмыстарды Бесқарағай ауданының тұрғындары да ұйымдастырды. Мұнда көшелер тазаланып, қоқыстан тазартылып, ағаштар әктелді. Акцияға депутаттар, ауыл тұрғындары, спортшылар қатысты.

Курчатов қаласында тұрғындар Ертіс жағалауын жиналған қоқыстардан тазартты. Акцияға 50-ден астам ерікті қатысты. Акция қорытындысы бойынша ҚТҚ полигонына шығарылған 25 қап қоқыс жинауға мүмкіндік туды.

Сонымен қатар Бесқарағай ауданында «Таза көше» акциясы ұйымдастырылды. Науқан аясында көшелерді қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізілді. Оған 100-ге жуық адам атсалысты.

Жалпы Абай облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясында жұмыс істеген уақытта оған 83 590 адам белсенділік танытқан. Акцияны 3 519 ұйым мен мекеме қолдап, 2 007 бірлік түрлі техника тартылды. 68 451 аула тазаланды, ҚТҚ полигондарына 41 703 тонна қоқыс шығарылды. Аймақ көлемінде 239 саябақ пен сквер жиналды, 227 ескерткіштің аумағы тазартылды және абаттандырылды, 603 шаршы метр төсеніш жөнделді.

Акция барысында өңірде 135 540 ағаш, 8 622 бұта отырғызылды. 991 әлеуметтік және 2 203 өнеркәсіптік нысан тазаланды. Сондай-ақ, акция аясында жасанды арықтар мен субұрқақтарды қоса алғанда, 731 су айдыны тазартылды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.