Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, онда депутаттар VIII шақырылымдағы екінші сессиясының жұмысын қорытындылады.
Парламенттің екінші сессиясының жұмысы аяқталды
parlam.kz
350
оқылды

Ерлан Қошанов өткен сессияда «Мықты Прези­дент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласының тиімділігі дәлелденгенін атап өтті.

– Президент жариялаған заң мен тәртіп үстемдігі қағидаты өткен заң шығару маусымындағы басты бағдар болды. Қоғамның сапалы заңдар қабылдауға деген сұранысын арттыра түсті. Парламент еліміздегі ең өзекті проблемалар бойынша заңнамалық шешімдер шығару және оларды ашық талқылау алаңына айналды. Түйткілді мәселелерді заңдар арқылы шешу негізгі тетік ретінде қалыптасып келеді. Нормативтік құжаттардың мәртебесі мен салмағы артуда, – деді Мәжіліс Төрағасы.

Палата Спикері осы сессияда парламенттік жұмыс кезеңі толық әрі табысты атқарылғанын атап өтті. Мемлекет басшысының жылдағы Жолдауларын, Пре­зи­денттің сайлауалды бағдарламасын, Ұлттық құрыл­тайда қабылданған шешімдерді іске асыру депутаттық корпус қызметінің негізгі өзегіне айналды. 

– Екінші сессияның заңнамалық күн тәртібі де мазмұнды болды. Палаталардың 5 бірлескен отырысы, Мәжілістің 39 жалпы отырысы және Сенаттың 43 жал­пы отырысы өтті. Сессия барысында екі палатаның қа­рауында 179 заң жобасы болды. Оның 102-сі қа­былданды, – деді Ерлан Қошанов.

Қабылданған заңдардың қатарында жылу энер­гетикасы саласы, мемлекеттік сатыпалым, масс-медиа туралы, адам саудасына қарсы іс-қимыл, тұрмыстағы зорлық-зомбылықпен күрес, халықтың шамадан тыс кредит алуы мәселесі, лудоманиямен күрес туралы және басқа да заңдар бар. 

 Атап айтқанда, депутаттар букмекерлік кеңселер мен казиноларға қойылатын талаптарды қатайтып, онлайн-казинолардың қызметін ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізді. Бо­рыш­керлер мен алимент төлеушілердің ойнауына тыйым салды. Мәжі­ліс Төрағасы осылайша қоғамды әлеу­меттік тұрғыдан сауықтыру жолында маңызды қадам жасалғанын айтты.

Сонымен қатар депутаттар еліміздің басты қаржы­лық құжаты – республикалық бюджетті қабылдады. Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік тұрғыдан қорғау мәселесін шешуге мүмкіндік туды. Сондай-ақ Парламент 46 халықаралық шарт пен келісімді ратификациялады.

Мәжіліс Спикері жаңа конституциялық норманың арқасында республикалық бюджеттің атқарылу сапа­­сына Парламенттің бақылауы айтарлықтай күшей­­тілгенін атап өтті. Депутаттар Жоғары аудиторлық пала­таның есебін жылына екі рет тыңдай бастады.

– Сессия барысында су саласына, сондай-ақ көлікті дамыту мәселелеріне қатысты есеп тыңдалды. Қазір елді мекендердегі ең өзекті мәселе де осы. Соның қоры­тын­­дысы бойынша Парламент қажетті ұсынымдар қа­былдап, Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның атына жолдады, – деді Ерлан Қошанов.

Осы сессияда Мәжіліс пен Сенатта үш парламенттік тыңдалым мен он Үкімет сағаты өтті. Спикер олардың заң шығару процесіне жұртшылықтың араласуының тиімді тетігіне айналғанына назар аударды. 

– Үкіметпен бірлескен жұмыс барысында кездесетін кейбір проблемалық мәселелерге тоқталып өткім келеді. Нормалар жеткілікті пысықталмайды, сапасы төмен. Соның айқын мысалы – Су кодексі жобасы. Бұл туралы тек депутаттар ғана емес, сарапшылар да айтып жүр. Құрылыс кодексі жобасының да жағдайы осыған ұқсас. Мәжіліске заң жобасын енгізу мерзімі – ерекше назар аударуға тұрарлық мәселе. Жобаларды енгізу мерзімі жиі кешіктіріледі, – деді Мәжіліс Төрағасы. 

 Сонымен қатар Ерлан Қошанов депутаттық сауал­дарға берілген жауаптарға тоқталды. Оның айтуынша, сырғытпа, үстірт жауап беріледі, нақтылық жоқ. Үкімет осы айтылған мәселелерге баса назар аударуы керек­тігіне тоқталды.

Парламент жұмысында сайлаушылармен тығыз байланыс орнатуға ерекше көңіл бөлінеді. Олар осы сессия барысында депутаттар 800-ге жуық елді мекенді аралап, 2 000-ға жуық кездесу өткізді.

– Депутаттар сайлаушылардың мәселелерін өз де­путаттық сауалдары арқылы жеткізіп отырады. Мыса­лы, осы сессия барысында Сенат пен Мәжіліс депутат­­тары Үкімет пен басқа да мемлекеттік орган­дарға 727 де­­­­­пу­­­таттық сауал жолдады. Сессия бастал­ғалы бері Үкімет мүшелері 2 рет арнайы шақы­­ры­лып, сайлау­шылардың талап-тілегі отырыста жан-жақты қаралды. Нәтижесінде, азаматтардың сұра­нысы е­с­керіліп, мем­­лекеттік органдардың қызметін реттейтін тағы бір жұмыс тетігі пайда болды, – деді Е.Қошанов.

Бұдан бөлек, өзекті мәселелерді шешу үшін өңір­­лерге шұғыл сапармен бару депутаттық қызметтің тиімді тәсілі ретінде орнықты. Мәжілістің Қоғамдық қабылдау қызметі депутаттар мен халық арасындағы дәнекерге айналды. Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата халықтың әртүрлі топтарының мүддесін білдіретін, сан алуан пікірлер еркін айтылатын іргелі орынға айналды. 

Ерлан Қошановтың айтуынша, Мемлекет басшы­сының «қоғамдық пікірталастар Парламент қабырға­сында болуы қажет» деген идеясы осы алаңдарда нақты жүзеге асуда.

Сонымен бірге Электронды Парламент халықтың билікке деген сенімін айтарлықтай нығайтуды көздейді. «Бір ел – бір мүдде», «Инклюзивті Парламент» және «Өңір» депутаттық топтарының қызметі де осының көрінісі.

Спикер парламенттік дипломатияны дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Сессия барысында депутаттар 14 халықаралық парламенттік ұйым аясында белсенді жұмыс істеді. 257 халықаралық іс-шараға қатысып, 38 шетелдің парламентімен ынты­мақтастық орнатты.

Сөз соңында Ерлан Қошанов осы сессияда заң шығару жұмысының берік негізін қаланғанын айтты.

– Кеше ғана өз сөзінде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент жұмысына оң бағасын берді. Ең алдымен Мемлекет басшысының бастамаларын заңна­мал­ық тұрғыдан қамтамасыз етуге баса назар ауда­руымыз керек. Қазіргі кезде Парламент қоржы­­нында 71 заң жобасы бар. Депутаттық корпус енді Бюджет, Салық, Құрылыс, Су кодекстері бойынша жұмыс істей­тін болады. Сонымен қатар біз мүлдем жаңа Цифрлық кодексті күтіп отырмыз. Алдымызда сыбай­лас жемқор­лыққа қарсы іс-әрекет, есірткімен күрес, дін, сот жүйе­­сін­­дегі реформалар және басқа да мәселе­лерге қатысты заң жобалары бойын­ша ауқымды жұмыс күтіп тұр. Парламент, Үкімет және сарап­шылар қоғам­дастығы үйлесімді әрі жан-жақты жұмыс істеуі қажет, – деді Мәжіліс төрағасы.

Ерлан Қошанов қорытындылай келе, Үкімет мүше­леріне, азаматтық қоғам белсенділеріне, сарап­шылар қоғамдастығы мен БАҚ өкілдеріне бірлесе ат­қарған жұмыс үшін алғысын білдірді.