– Жанұзақ Керімбекұлы, қазақтың кәсіби сурет өнерін біз Әбілхан Қастеевтен бастаймыз, ол кісінің туғанына биыл 120 жыл толды. Одан бергіде біздің ұлттың сурет өнері қандай деңгейге көтерілді, қалай ойлайсыз?
– Кәсіби өнер дегенде біз бірінші қазақтың күнделікті тіршілікте қолданған сонау ертеден бері қалыптасып өмірге сіңген өнерден бастағанымыз абзал. Олай дейтінім, біз өнер дегенде кеңестік кезеңнің посткеңестік кескіндемесін еске аламыз. Ол кешегі өткен саясатқа байланысты құрылған қарапайым халықты ұйытып, өнер арқылы өзгеріске енгізудің түрі ғана болды. Ал таза өнер бізде ертеден бар. Тас ғасырынан бері қалған петрографты даламыздағы қорғандарды және балбал тастарымыз сол өнердің қазақ жерінде болғанының дәлелі емес пе?! Ендеше біздің ата-бабаларымыздан бойымызға сіңген өнері әрбір қазақтың бойында бар, мен оған сенемін. Қазақ ертегісін ауыз әдебиетінен тыңдап өстік. Тіпті, әжелеріміздің айтатын ертегілерінде Жезтырнақ, Таусоғар, Желаяқтардың артында аңыздың шындыққа ұласатын тұстарын қайда қоямыз? Тас дәуіріндегі тасқа қашалған таңбалы тас қазақ даласының кез келген жерінен табылады. Біздің бағымызға орай, жерімізде қаншама топалаң ойран болғанымен, басқыншылар тасты өртеп алып кете алмады. Тас құмға оранып, өз тарихын бойында ұстап, бүгінге дейін бізге ақпаратын айтып жатыр. Соның арқасында талай дүниемізді түгендеуге мүмкіндік туды. Ал сол ертегідегі Жезтырнақ неге алтын, күміс, қола, алюминий тырнақ емес. Себебі тас дәуірінен кейінгі жездің кезеңінде бізде сауыт-сайман, ыдыс-аяқтарымыз, яғни жезден жасалған дегенді дәлелдейді. Одан бергі биік пирамидадан да бұрын тұрғызылған дөңгелек сыртынан алты атпен қатар жүретін айналма жолдарымен қоршалған қорғандарымыз арқылы ертедегі ата- бабаларымыздың жылқы ұстап, өркениеттің алдыңғы қатарынан болғанын аңғару қиын емес. Оған айтар дәлеліміз жеткілікті. Өткен ғасырда археологтарымыз тапқан Алматы облысы Есік қаласындағы Алтын адамымыздың өзі қаншама тарихымыздың байлығын дәлелдеп берді. Ал енді Алтын адамның үстіндегі киім үлгісінің өзі бір бөлек әңгіме. Киімінен бөлек, қолындағы қаруы, жапсырма белгілері, сауыт-сайманындағы жүздеген алтын құйма, бүгінгі тілмен айтсақ, логотиптік кескіндеме өнерінің негізі. Бұл біздің дәуірімізге дейінгі жеріміздегі болған нақты халқымыздың тыныс-тіршілігі еді. Бұл кәсіби сурет бейнелеу өнері қайдан басталады дегенге қысқаша тоқталғаным. Өнер туралы сөз басталса, біз сол баяғы ертеден қалыптасқан қолданбалы өнерден бастағанымыз дұрыс. Қазаққа өнер кеше ғана келген деуге болмайды. Ұлы суретшіміз Әбілхан Қастеевтің өзінен «өнерді қайдан үйрендіңіз?» дегенде «Мен ешкінің мүйізінен, апамның киізінен үйрендім», – деп жауап берген екен. Ендеше ұлы қазақ суретшісі Әбілхан Қастеев те арғы ата-бабаларының қалдырған мұрасын жалғастырушы талант десек қателеспейміз. Бүгінде 120 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде атап өтіп жатқан ұлы тұлғамыз, аса шебер суретшіміз Әбілхан Қастеевті бейнелеу өнерінің атасы деуіміз орынды. Қастеевпен қатар көп суретшілер болды, бірақ Әбілхан ағамыз таза ұлтына қызмет етті. Қазақ ұлты үшін бар зердесімен жұмыс істеді.
– Суретте де түрлі жанр бар, портрет, пейзаж, графика, тағы да басқа қарапайым көрермен біле бермейтін түрі көп. Суретші көзбен көргенді емес, көңілмен сезгенді салады дейді. Дегенмен сол суретті көрушінің барлығы бірдей суретшінің көңілдегісін сезе бермейді ғой. Бұның сыры неде?
– Бейнелеу өнерін қолымыздағы он саусақтың бесеуімен қарастырсақ. Бес түрін айтайын, сурет өнерінің атасы алғаш сызбамен тасты тырнап, қашап, белгілерді салуды графика десек, сол графикадан балбал тастарымыздың алғашқы бейнелері денеге айналып, мүсінге ұласады. Адам ата, Хауа ана болғалы өмірге керекті тұрмыс, салт-дәстүр өнері қалыптасқан. Ендеше қолданбалы өнер деген сөз содан пайда болыпты. Әр шығармасы культке айналған, істеген жұмыстарын жауһарға айналдыратын шебер суретшілер дүниеден өткен. Солардың ішінде есімі ұмытылмайтын Ренессанс дәуірінің тұлғасы, көркемөнер шебері, мүсінші Микеланджело еді. Ол тек мықты өнер туындысын жасап қоймай, өз шығармасы арқылы әлемдегі ең үздік мүсіндердің бірі Давидті адамзат баласының сұлулығына теңеді. Ал Дэвид – библиялық кейіпкер. Ол алып, айбатты Голиафты жеңген қарапайым бақташы бейнесінде суреттелген.
Мүсін 1501 жылы Флоренциядағы Санта-Мария-дель-Фьоре шіркеуінің тапсырысымен жасалған. Микеланджело Дэвидті мүсіндегенде 26 жаста еді. Ал кескіндемеде Леонардо да Винчи атақты «Джоконда» немесе Мона Лизаны 1503 жылдары жазып бейнелеу өнеріне үлгі етті. Бұл картина – әлемдегі ең танымал көркем туындылардың бірі. Бүгінде осы туындыны көру үшін әлемнің жартысы Луврға, яғни Парижге барады. Францияның бюджетіне керемет үлесін қосқан қайта өркендеу заманының шедеврі. Бұл екі суретші замандас. Соңғы заманауи өнер дизайн өнерінсіз өмір жоқ, адамға ауа қандай керек болса, өмірімізге дизайн өнері сондай қажет. Міне, осы бес өнердің түп тамыры – сурет, бейнелеу өнері дейміз. Суреттің араласпайтын жері жоқ. Суретсіз адам баласы өмір сүруі мүмкін емес десек болады. Ендеше бейнелеу өнерінің түрі де сыры да таусылмайтын шексіз. Бүгінде кешегідей көзбен көргенді емес, көңілмен сезгенді де салатын изм өте көп. Иә, көрермен оны сезе бермеуі мүмкін. Ол өнердің сиқыры десем болар. Қазақтың өмірінің бәрінде өнер бар.
– Сіздер жазған суреттің нақты бағасын кім бере алады? Себебі осы кезге дейін суреттердің анық сипатын, тақырыптық бағытын, артық-кемін бағалап, сындарлы түрде жазылған үлкен еңбектерді немесе жүйелі зерттеулерді кездестіре бермейміз.
– Голланд суретшісі Рембранд ван Рейннің өмірі туралы көркем фильмдегі экскурсия жетекшісінің мына бір айтқан сөзі есіме түсіп тұр: «Рембрандтың «Әулие Лука» картинасының құны күн сәулесімен пара-пар», бұл өнерге деген аса биік талғамды көрсетсе керек.
– Өз шығармашылығыңызға ойыссақ. Қанша айтқанмен, біздің ұлт суретке кешірек назар салды. Бәлкім, бұрынғы көшпелі тұрмыс бұл өнерге қолайлы да болмаған шығар. Қашан бастадыңыз, неден бастадыңыз, суретке қалай келдіңіз?
– Мен суретшілік өнерге бала жасымнан келдім. Тіпті, мектепке бармай жүріп анамның алашасын тоқуға, киізін басуға, құрақ көрпесін құрауға көмек бердім. Өсе келе әкемнің қамшысын, тартпасын, өмілдірік, құйысқан, жүгенін өрдім. Мектепте редколлегия мүшесі болып, сурет салдым, жазу жаздым. Мектеп бітірісіммен 1979 жылы Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының Көркем-сурет графика факультетіне түсіп, 1984 жылы бітірдім. 45 жыл бейнелеу өнерін серік етіп келемін. Менің өмірім де, өнерім де – суретшілік.
– Қазір әлемде «жұмсақ күш» деген ұғым пайда болды. Өнер арқылы өз еліңнің мүддесін қорғау, насихаттау. Сіз бірқатар шет мемлекеттерге шығып, өзіңіздің сурет машығыңызды көрсетіп, көрме де ұйымдастырып жүрсіз. Қателеспесем, Сирияда, Түркияда Қазақстанның атынан жұмыс істедіңіз. Сол туралы толығырақ баяндап берсеңіз.
– Иә, жұмсақ күш деген ұғымның пайдасы зор. Бір мемлекеттің басқа елдерді өз мақсатына еліктіру немесе иландыру арқылы өзінің қалаған нәрсесіне қол жеткізу мүмкіндігі ғой. Күштердің түрі көп, сіз сұрап отырған жұмсақ күш (soft power) іс-әрекет пен ақыл-ойдың үйлесімділігінен техникалық революция ғана емес, этика-эстетикалық тәлім, мәдениетте резонанс туғызып үлгерді. Ата-баба дәстүрін кейінгіге эволюциялық жолмен қалдыру – мемлекет имиджінің қалыптасып, ғаламдық дамуына жол бастайды. Демек, көне тарихты танытып, өнерді өрге шығару арқылы «ұлттық кодты» регрессіз сақтауға болатын ұғым. Өнер арқылы өз елінің мүддесін қорғап, әлемдік деңгейде танымалдығын насихаттау деген сөз. Танымалдылық дегеніңіз – өнерімізбен әлемді мойындату. Қандай өнермен дейсіз ғой, менің өнерім – бейнелеу өнері. Бала күнімдегі арманыма қол жеткізу үшін бар ақыл-парасатымды сурет өнеріне арнап келемін. Оның үстіне, көп жыл ақпарат саласында қызмет істеп жүріп, елімізде, тіпті әлемде болып жатқан жаңалықтарды қалт жіберген емеспін. Тіпті, қазірдің өзінде қоғамдағы атқарылып жатқан игі істердің қалай басталып, қандай деңгейде жүргізіліп жатқанын қадағалап отырамын. Бұл менің суретшілігіме өте керек.
Түркияның астанасы Анкарада Қазақстанның атынан «Түркістан» – 2021 атты картинамды жазып қалдырдым. Қазақстан түркі елінің түп тамыры, алтын бесігі екенін аңғартатын картина осы сіз сұрап отырған жұмсақ күштің бір жауабы болса керек. Суретшіге керегі көрме және шетелдерге шығып, пленэр мен симпозиумдарға көп қатысу. Бұл – менің бұрыннан ойыма түйген басты қағидам. Менің картиналарымның негізгі бағыты қазақ халқының тарихы, салт-дәстүрлері мен ән-жыры, әдебиеті, мәдениеті, көңіл күйі. Шетелге көрмені көрсету үшін оған үлкен дайындықпен барған жөн. Айтқалы отырған тағы бір көрмемнің тақырыбы «Балалықтан даналыққа жол» атты әл-Фарабидің өміріне арналған бес топтамам (полиптих) жеті жылға жуық ізденіп, төрт жыл жазылды.
Бұл топтамам «Әлемнің екінші ұстазы» Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1 150 жыл толуына арналған. Полиптихтың биіктігі – 1,8 метр, ұзындығы – 11,5 метр. Кенепке майлы бояумен әртүрлі техниканы қолдану арқылы жаздым. Картина жазылуы мен көлемі жағынан да суретшілердің қалыпты стандарттарын өзгертіп, жаңа қолтаңбамен өзгеріс енгізілгенін байқайсыз. Бірінші және соңғы бесінші полотноларының көлемі бірдей. Картиналардың тұрқы тігінен қарауға ыңғайлы, жинақы көрінетінін байқайсыз. Ортасындағы екінші, үшінші және төртінші топтамаларды үлкен көлемде, қалыпты үлгіні сақтай отырып орындадым. Топтаманы қатар көргенде көз алдыңызға бейне бір фильмнің қойылымын қызықтағандай боласыз. Басы-аяғы, алды-арты тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініндей спектакль секілді әсер береді. Полиптих жазылып аяқталғаннан соң алты қалада көрмеде болды. Бірінші Египетте Каир қаласында, екінші Алматы қаласында, қазіргі Жетісу облысының Талдықорған қаласында және Астана қаласында. Бесінші Түркияның Анкара қаласында болса, алтыншы көрмесі Сирияның Дамаск қаласында.
– Бұл туындыда не салынды және қандай ерекшелігімен танымал дегенге тоқталып өтсеңіз?
– «Балалықтан даналыққа жол» атты картинамда әл-Фарабиді терең зерттеп, бүгінгі ұрпаққа таныстыру жолында көп іздендім. Тарихи тақырыптардағы сюжет бейнелеу өнерінің ең асыл түрі болып табылса және бейнеленген барлық кейіпкердің өзара әрекетін, эмоциясын айқындауға зер салдым. Жазу барысында шығармама көркем бейнелер мен сызба таңбалар жүйесіне сүйене отырып, кәсіби тұрғыдағы барлық талапты сақтап және ерекше жанрда нақты тақырыпты қамтып, бейнелеу өнерінің түрлі стилінде жазылған туындым. Әл-Фарабидің әр елде түрлі тілде сөйлейтін халықтардың арасында жүріп дипломатиялық қарым-қатынас жасағаны картинада көрініс тапқанын аңғарасыз. Әлем халықтарының 70 тілін білген тұлғаға кіші көлемде шығарма жазу мүмкін емес. Сол үшін бес томға бөлдім. Бірінші картина – балалық шақ. Әбу Насыр жас күнінен білімге үйір болып өскенін анық байқауға болады. Полотноның негізгі бетінде қырынан отырып ақ көйлекпен малдас құрған, шұқшия кітапқа үңілген он екі, он үштегі Әбу Насыр терезенің кең кернеуінде отыр. Күннің ыстық қызуын да ескерместен кітаптың қызығына ниеті әбден ауғанын аңғарасыз. Үйдің ішкі көлеңкесі салқын, суық түстермен көмкеріліп, қоңыр қараға тән қою дала колоритімен жазылған. Ауланың ішкі көрінісі ортаазиялық архитектура сызбаларымен ашық аспанға ұласады. Жұмыста геометриялық түйіндесулер методикасын суретші майдан қыл суырғандай шеберлікпен пайдаланған. Одан бері асық ойнаған балалар, ұшып-қонған кептерлермен кескінделіп, түйе сауған әйелдердің қимылынан ерекше анатомиялық пластика айқын сезіледі. Алтыбақан тепкен жастардың әнімен бірге саудагерлердің қызу әңгімесін тыңдайсыз.
Екінші картина – түркі жұртының жарық жұлдызы әл-Фарабидің туған жері Фараб-Отырар қақпасы, қазақтың сақ қорғандары балбал тас, петроглифтер мен таңбалы тастардың көріністері және Отырар теңгелері төменгі тұста көрінеді. Шаш-Ташкен қаласының ескі қақпасы мен тарихи күмбездері қамтылған. 150-ге жуық философиялық және ғылыми трактаттың алғашқы жазбалары түскен Самарқан қаласын көрген адамның көзі астындағы ескі шаһар өміріне қызықпай өте алмайды. Осы үйлерде әл-Фараби тұрып білім алған, тұңғыш ғылыми жұмыстарын жазып отырғаны бар. Оған да мән берген кісі сол жағында Шамға кіріп бара жатқан арбалы адамды байқайды. Төменгі тұсында қыштың көп түрлерін меңгерген технологиялары өркендеген қалалар. Фарабидің ақылды қалаларға деген қызығушылығы оянған және трактаттары жазылған жер. Қатарында Ұлықбек обсерваториясының белгілері айқын суреттелген. Бұқара қаласының көне тарихын дәлелдейтін ағаш есік астынан үстіне қарай күрделі мазоктармен жазылып, бір картинаға сыйдырылған. Алғашқы білім алған қалалары, жүріп өткен жолы, қазақтын түйелері, оған артылған аспаптар мен киіз үй нышандары арқылы бердім.
Үшінші картина – Мерв қаласы әл-Фарабидің хронологиялық тәртіпте өмір сүрген шаһарларының бірі. Кескіндемеде түрікменнің тарихи кітапханасында болғанын айқындайтын ұлттық ерекшеліктері, киім кию үлгілері суреттелген. Кілем тоқу, музыка өнері, зергерлік зердесін Хамаданның білімімен алған тәлімі, Мешхедтегі оқулары Нишапурмен жалғасады. Рей қалаларына барған кезде ол басқа түйеге ауысып түрікмен және Иран түйелеріне мінгенін байқаймыз. Картина жазу барысында әрбір материалға, тарихи деректеріне ерекше мән бердім және астынан үстіне қарай полотноны үшке бөлдім. Астыңғы қатарында әл-Фарабиге дейінгі заманның көрінісі қорғандар мен аркалар, жол бойындағы тарихи кесенелердің сұлбалары, теңге, қыш ыдыстар, ескі құмыралар сияқты артефактілердің фрагменттері логотиптік белгілері де жік-жігімен айқын. Жоғарғы көрінісін сол замандағы дамыған өркениеттің көрінісі, мешіт ғимараттары қалалардың сұлбасын аспанмен шектестіріп суық түспен жылы колориттің байланысын шештім.
Төртінші картина – Бағдат қаласында парсы, араб, түрік тілдерінде ақын, күй, ғылыми зерттеуді жасаған кездері, сауда-саттықтың ортасы болған және білімнің қайнар көзі су қайықтарының жасалуы технологиясын меңгерген. «Музыканың үлкен кітабы» тағы басқа еңбегін жазғаны. Мысырда Халеб/Алеппо/ пен Харанда болып, Дамаск қаласына келген кезі. Әл-Фарабидің шаһарға кіріп келе жатқан жолында ғалымдармен, бүкіл Дамаскідегі ұлы тұлғалармен кездесер кезде биікте өзімен қазақ даласынан бірге ұшып келе жатқан қаршығасы (сокол-балобан) оның өмірлік жан серігі, күш-рух берушісі ретінде жоғарыда ұшып келе жатқанын бейнеледім.
Бесінші картина – Дамаскінің жеті қақпасының бірі шығыс қақпасынан, әл-Фарабиді күтіп тұрған ғалымдар, келе жатқанын естіген жұрт қарсы алып, кездесіп тұрған бейнесімен осы картинаны тұжырымдадым. Барлық картина бірнеше қабат бояулармен қалың мозокты техникада орындалды. Топтамада өңірлік ерекшеліктер ескеріле отырып орналасты. Туындым ұлы ғұлама әл-Фарабидің сара жолын, қазақ ұлтының ұлы данасын әлемге мақтанышпен жырлайды деп сенемін.
– Сурет өнерінің танымалдығы, жалпы суретшілердің қоғамға танымалдығы туралы пікіріңізді білсек. Қазір қалайда маркетинг заманы, өнерді жасау, өнерді тану аз, оны сату бар. Шындығын айтсақ, қазақ сурет өнері туралы сауал қоя бастасаң, ел әлі күнге Әбілхан Қастеевті айтады, бәлкім Қанапия Телжановты еске түсіруі мүмкін, одан әрі ойланып қалады. Бұл мәселе туралы не айтасыз?
– Бұл сауалға қысқа жауап берсем. Мен үшін суретшіге керегі – оның туындысының танымалдылығы. Басқасын керек адам өзі тауып алады. Ал маркетинг, өнер жасау, оны таныстыру, сату мәдениетін болашақтың үлесіне қалдырайық.
– Мемлекет тарапынан жалпы өнерді, оның ішінде бейнелеу, сурет өнерін жүйелі қолдау бар ма?
– Өнер – ауқымы кең, өте үлкен сала. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева суретшілердің шеберханасына барып, жағдайларын өз көзімен көріп-біліп, жүздесіп жүр. Мұны бейнелеу өнеріне көрсетілген қолдау деп түсінемін.
– Сурет жазу тым жеке, тым оңаша өнер көрінеді бізге. Белгілі бір оқиғаларға, тұлғаларға, иә болмаса кәдімгі проблемаларға арнап жазылатын тақырыптық дүниелер болады. Сол кезде сіздердің ішкі әлемдеріңізге, тақырыпқа деген көзқарастарыңызға ешкім әсер ете алмайды. Көрермен тек дайын дүниеден ләззат алады. Бірақ өнер өкілдері көбіне қоғам, мемлекет бізге қарыз, бағалауға, қолдауға міндетті деген ниетте жүретін секілді. Бұның себебі неде?
– Иә. Шығарма жазу жеке ой толғамыңнан өтіп, пісіп-жетіліп, соңында көрерменге жетеді. Көрермен қалай қабылдайды, ол – екінші мәселе. Шығарманың ғұмырлы болуы тағы ойландырады. Сондықтан ешкім саған міндетті емес. Сен не істесең де, өзің үшін істедің. Соған жауаптысың. Себебі өнер адамы үнемі ой үстінде жүреді.
– Қазір жасанды интеллект күш алды, адам қиялындағы суреттерді салып беріп жатыр. Тіпті, дәуірлерді сипаттайтын көпқырлы, күрделі суреттерді де әп-сәтте сала қояды. Бұл түбі сіздердің кәсіпке бәсеке тудырмайды ма, себебі фотосурет өнері де заманында суретшілерге, сыпайы айтқанда үлкен ой салған екен.
– Дизайн деген – өнер. Оны меңгеру үшін суретші болуың керек. Суретші болмасаң, техниканы білгеннен пайда жоқ. Бәрін басқаратын адамның ой-өрісі. Ол – адамның қатысы болмаса болмайтын іс. Иә, жұмысты жеңілдетеді, суретшінің бұрынғы шаруаларын азайтып, заманауи сұранысты шешеді. Ешқашанда бәсеке бола алмайды.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Анарыс АҚЫЛМАН