500 шақырымдық автоматтандырылған жүк конвейері 25 000 жүк көлігін ауыстырады. Енді миллиондаған тонна жүктерді үнсіз және тиімді таситын транспорт түрі пайда болады.
Үкімет тауарларды жаңа көлік түрімен тасымалдамақ
Үкімет тауарларды тасымалдауда жүргізушісіз транспорт түрлерін іске қоспақшы. ЖИ көмегімен жасалған иллюстрация newatlas.com сайтынан алынды
2,561
оқылды

Бұл елдің үкіметі ірі қалаларды миллиондаған тонна жүкті арзан әрі тиімді тасымалдайтын логистикалық желілермен байланыстыруды жоспарлап отырғанын The Japan News басылымы хабарлады. Қызу талқыланып жатқан жобаның техникалық сипаттарын Aikyn.kz осы материалға сүйеніп түсіндіреді.

Жапон үкіметі миллиондаған тонна жүкті үнсіз және тиімді таситын автоматтандырылған, нөлдік эмиссиясыз логистикалық желілермен ірі қалалардың байланыстыруды көздеп отыр. ЖИ көмегімен жасалған иллюстрация newatlas.com сайтынан алынды

Үкімет жаңа көлік түрін енгізу жобасын ақпан айынан бері талқылап жатыр. Жер, инфрақұрылым, көлік және туризм министрлігі Токио-Осака арасын жүк тасу дәлізімен жалғайтын жаңа транспорт түрін 2034 жылға дейін іске қоспақшы. Осылайша, Жапон үкіметі миллиондаған тонна жүкті үнсіз және тиімді таситын автоматтандырылған, нөлдік эмиссиясыз логистикалық желілерді ірі қалалардың арасында салуды көздеп отыр.

The Japan News хабарлағандай, Жапониядағы халық санының төмендеуі алдағы жылдарда еңбек нарығында үлкен проблемаларды туғызуы мүмкін.

Соның бірі – тауар тасымалымен айналысатын компаниялардағы жүргізушілер санының күрт азаюы. Мұндай болжамның салдарын азайту үшін үкімет тауарларды тасымалдауда жүргізушісіз транспорт түрлерін іске қоспақшы.

Жыл сайын өсіп келе жатқан онлайн бөлшек сауданың логистикасын қамтамасыз етпесе, 2030 жылға қарай жапондықтардың 30% тапсырыстары өздерінің иелеріне жеткізіле алмайды деген болжамдар бар. Өйткені оларды А нүктесінен В нүктесіне таситын жүк көліктерін жүргізетін адам болмайды.

Конвейерлік жолаққа орнатылған немесе автоматтандырылған жеке көліктер 1 тоннаға дейінгі жүктерді адамның араласуынсыз бір қаладан екінші қалаға таситын болады. ЖИ көмегімен жасалған иллюстрация newatlas.com сайтынан алынды

Осылайша, Жапон үкіметі жаңа логистикалық формаларды іздеуде, сондай жобаның алғашқысы елдің екі ірі мегаполисі саналатын Токио мен Осака арасын жалғайтын тасымал дәлізін жасау. Бұл қазіргі 25 000 жүк көлігін алмастырады деп күтілуде. Жобаның нақты қалай жүзеге асырылатыны әзірге белгісіз, бірақ конвейерлік жолаққа орнатылған жеке палеттер 1 тоннаға дейін жүктерді адамның араласуынсыз автоматты түрде бір қаладан екінші қалаға таситын болады.

Ол үшін екі қала арасындағы 500 шақырым қашықтықты арнайы қазіргі тасжолдардың жанынан салынатын немесе жерасты туннельдер арқылы конвейер таспаларды пайдалану қарастырылуда. Бұл конвейер жолақтарында жүк тиелген палеттер (шағын платформа) автоматтандырылған электр арбаларының көмегімен қозғалатын болады.

Ұзындығы 500 шақырым конвейерлік жолақ өте қымбат болатынын ескеру де керек. Конвейердің таспаларын (лентасы) немесе автономды арбаларды есептемегенде, арнайы жолақ жасауға шамамен 23 миллиард АҚШ доллары қажет. Жобаның іске асырылу мерзімі – 2034 жыл деп белгіленген. Өзін-өзі басқару технологиясының қазіргі деңгейін ескере отырып, енді 10 жылда қазіргі автожолдарда өздігінен жүретін автокөліктердің саны да жылдам артатынын күтуге болады.

Дегенмен министрлік жобаны қаржыландыруды сұрап, жеке компанияларға жүгінген. «Бұл жоба логистикалық дағдарысты шешіп қана қоймайды, сонымен қатар парниктік газдар шығарындыларын азайтуға да көмектеседі. Біз бұл мәселені мүмкіндігінше тезірек талқылауды бастағымыз келеді», – дейді жер, инфрақұрылым, көлік және туризм министрі Тецуо Сайто.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.