Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова іссапармен Жамбыл облысы Байзақ ауданында болды.
Мәжіліс депутаты құрылысы баяу жүріп жатқан спорт кешенін аралады
658
оқылды

Мәжіліс депутаты алдымен Қызыл жұлдыз ауылындағы Н.Ақшабаев мектебіне барып, білім ұясының күрделі жөндеу жұмысы бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы мемлекеттік сараптамадан уақытылы өткізуді тапсырды. 

Н.Ақшабаев атындағы орта мектебіне күрделі жөндеу жұмысын жүргізу үшін 2023 жылдың қазанында «Корпорация Асыл-Строй» ЖШС-мен 13 928,4 мың теңгеге келісімшарт бекітіліп, жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Жобада мектеп ғимаратының шатырын, есік-терезелерін және едендерін ауыстыру, ішкі әрлеу жұмыстарын жүргізу, айналасын абаттандыру, жарық желілері мен өрт дабылын жүргізу, бейнебақылау камераларын орнату жұмысы қарастырылған.

«Мектеп 2004 жылы пайдалануға берілген, 986 оқушы білім алуда, 100 ұстаз қызмет етеді. Білім ұясына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін сараптама жүргізіліп 1,6 млрд теңгеге жобалық смета әзірленген. Алайда бұл қаражатқа мектептің қасбетін жөндеу, едендерді ауыстыру және ауланы қоршау жұмыстары кірмеген. Менің ойымша, қаражат тым артық жоспарланған», – деді депутат.   

Сондай-ақ Мәжіліс депутаты партияның сайлауалды бағдарламасы аясында салынып жатқан Сарыкемер ауылындағы денешынықтыру және сауықтыру орталығының құрылысымен танысты.  Жұмыстың өте баяу жүріп жатқанын ескере отырып, оны  мерзімінде аяқтау туралы ескерту жасады.

Ауыл тұрғындары да мектептегі жөндеу жұмыстарының дер кезінде аяқталуын асыға күтуде.

 

«Менің үш балам да осы мектепке барады. Үнемі алаңдап отыратынбыз. Ғимарат ескі болғандықтан, қабырғасы құлап, шатыры сынып кетпесе екен деп уайымдайтынбыз. Ендігі кезекте осы басталған жөндеу жұмыстары сапалы болып, уақытылы аяқталса деген үміттеміз», – деді ауыл тұрғыны.

Айта кетерлігі, құрылыс жұмысын қазіргі таңда  Bek Stroy ЖШС жүргізуде, жобаның құны – 324 724,0 мың теңге. Жалпы, нысан осы жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілуі тиіс.