Өңірлік комиссиялар шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 178 өтінімін қарап, мақұлдады.
Үкімет су тасқынынан кейін бизнестің мүлік шығынын өтеуге 12 миллиард теңге бөлді
www.istockphoto.com
659
оқылды

Қазақстан Үкіметі алапат су тасқынынан кейін шағын және орта бизнестің мүлікке қатысты шығындарын өтеу үшін өз резервінен 12 млрд теңгеден астам қаржы бөлу туралы қаулы қабылдады. Өңірлік комиссиялар кәсіпкерлердің өтінімдерін қабылдап жатыр, – деп хабарлайды Аikyn.kz.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет су тасқыны салдарын жоюды кешенді жүргізіп жатыр. Қабылданып жатқан шаралардың ішінде азаматтарды жаңа тұрғын үймен қамтамасыз ету, біржолғы қаржылық көмек көрсету, үйлерді жөндеу мен қалпына келтіру шығындарын өтеу және т. б. бар.

Зардап шеккен бизнеске келтірілген залалды өтеу жұмысы басталды. Қазір өңірлік комиссиялар шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеге 178 өтінімін қарап, мақұлдады. Жалпы алғанда, әкімдіктердің алдын ала бағалауы бойынша 746 ШОБ субъектісі зардап шекті. Олардың қатарында азық-түлік дүкендері, кафелер, ТҚКО, қонақүйлер және басқалары бар. Бүгінде бағалау және сметалық жұмыстар жүргізілуде, олардың қорытындысы бойынша өтінімдер өңірлік комиссияның қарауына енгізіледі.

Осылайша, Үкімет резервінен 12 млрд теңгеден астам қаражат ШОБ мүлік шығындарын өтеу үшін Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының бюджетіне аударылады. Су тасқыны салдарын жою жөніндегі жұмыс Үкімет басшылығының тұрақты бақылауына алынған.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін төтенше резервтен Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында әуедегі электр беру желілерін қалпына келтіруге 2,4 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген болатын.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram   арнасынан таба аласыз.