Мәңгілік өмір сүру ғасырлар бойы адамзатты мазалап келген ескі идея. Көптеген ғалымдар мәңгі өмір сүру жолдарын іздеген, енді соның жолын футуролог ғалым ұсынады.
Адамдар болашақта 1000 жасқа дейін өмір сүретін болады
Нанороботтар адамның қартаюын тоқтатып, мың жыл өмір сүруге мүмкіндік беретін кілт болуы мүмкін. Фото slonves.by сайтынан алынды
6,378
оқылды

Адамның жаратылысында ұзақ өмір сүруге деген қызығушылықтың бар екенін, оны іске асырудың тағы бір тәсілі болжанғанын bgr.com сайты жазды. Aikyn.kz бұл материалдың негізінде қандай ғылыми негіз бар екенін талдайды.

Жаратушының адамға берген өмірін ұзарту жолдарын ғалымдар ғасырлар бойы іздеуде. Бірақ бұл ізденістер нәтижесіз. Фото naked-science.ru сайтынан алынды. Авторы: Wikipedia / Иван Беляев

Жаратушының адамға берген өмірін ұзарту жолдарын ғалымдар ғасырлар бойы іздеуде. Бірақ бұл ізденістер нәтижесіз. Жақында америкалық футуролог ғалым Раймонд Курцвейл өзінің кітабында жаңа тәсіл туралы жазды. 

Курцвейлдің ойынша, нанороботтар адамның қартаюын тоқтатып, мыңдаған жылдар бойы өмір сүруге мүмкіндік беретін кілт болуы мүмкін.

Әрине, мәңгілік былай тұрсын, бірнеше жүз жыл өмір сүру мүмкіндігі туралы алаңдаушылықтар бар. Дегенмен қартаюға қарсы жаңа терапиялар белгілі ғалымдар үшін ортақ зерттеу бағыты болып қалуда. Кейбір бай адамдар бүгіннің өзінде ағзаның табиғи қартаюын бәсеңдету арқылы өмірін ұзартуға тырысуда. 

Биотехнологияны жасанды интеллектпен үйлестіру арқылы адамның қартаюын болдырмауға болады. Фото doctor.ru сайтынан алынды

Курцвейл сияқты зерттеушілердің мақсаттары бұдан да жоғарырақ сияқты. Ол нанотехнологияны адам өмірін ұзарту мақсатында қолдану туралы өзінің «The Singularity is Nearer» атты жаңа кітабында да, Wired журналында жарияланған мақаласында да жазды. Екі еңбекте де биотехнологияны жасанды интеллектпен үйлестіру жолдары талқыланады. Осылайша зерттеуші адамның қартаюын мүмкіндігінше азайту арқылы адамның табиғи әлсіздігін болдырмауды ұсынады.

Фундаменталды себепке үңілсек, қартаюдың ең үлкен проблемаларының бірі – біздің денеміз бен жасушаларымыз сыртық ортаның әсерімен қателерді жинай бастайды. Жасушалар қайта-қайта бөлінген сайын бұндай қателер жаңа жасушаларда қайталанып көбейе береді. Көптеген қартаюға қарсы терапиялар дәл осы қателерді азайтуға бағытталған, бұл дененің бұрынғы таза қалпына тезірек келуіне көмектеседі. Осылайша жалпы қартаю бәсеңдейді. Курцвейл болса түпкі шешім ретінде – «қартаюдың өзін емдеуді» ұсынуда.

Курцвейл медицинада нанороботтарды қолданудың жылдам дамуы жалпы қартаюымен күресуге көмектеседі деп санайды. Фото miderm.ru сайтынан алынды

Курцвейл оның болжамдары қазіргі уақытта ақылға қонымсыз болып көрінуі мүмкін екенін мойындайды, бірақ ол медициналық нанороботтарды қолданудың жылдам дамуы бізге жақын арада адамның жалпы қартаюымен күресуге көмектеседі деп санайды. Бұл үшін адамның барлық ағзасындағы «ластанған» органдарды жөндеу арқылы олардың жұмысын жақсартып, жасартып отыру керек. Бұндай процедура бірнеше жүз миллиардқа дейін нанороботтарды қажет етуі мүмкін.

Жалпы адам ағзасын жасартуға жүздеген миллион наноботтарды қолдану идеясы қызықты болуы мүмкін. Өйткені ЖИ-дің қазіргі даму қарқыны бұндай болжамның шындықтан алыс еместігін, геронтология ғылымында серпіліс тудыруы мүмкін екенін көрсетеді. Тек адамзат Жаратушы белгілеген заңдылықтар шеңберінде ғана нәтижеге қол жеткізе алатынын естен шығармасақ болғаны!

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.