164 астаналық өзгенің мүлкін бүлдірген.
Өзгенің мүлкіне қасақана зиян келтірген астаналықтар жауапқа тартылды
467
оқылды

Жыл басынан бері бөтеннің мүлкіне қасақана зиян келтіргені үшін 164 астаналық жауапқа тартылған.

Астана полицейлері азаматтарға қоғамдық тәртіпті бұзғаны және бөтеннің мүлкіне зиян келтіргені үшін жауапкершілік қарастырылатынын ескертеді. Мұндай фактілер анықталса тиісті шара қолдану үшін "102" арнасына хабарласуды сұрайды.

Қала меншігіне ұқыпты қарауға және бұзақылық әрекеттері үшін жазаның күшейтілгенін еске салады. Мәселен, елордада жыл басынан бері ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 900-ге жуық азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бөтеннің мүлкіне қасақана зиян келтіргені үшін 164 адамға айыппұл салынды.

Атап айтқанда, 32 жастағы Астана тұрғыны бөтеннің мүлкіне қасақана зиян келтіргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот қаулысымен ол ҚР ӘҚБтК-нің 147-1-бабы бойынша кінәлі деп танылып, оған 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынған.

Сонымен бірге полиция бөтеннің мүлкін жоюмен немесе бүлдірумен немесе ерекше арсыз әрекеттерді жасаумен байланысты қоғамды ашық сыйламаушылықты білдіретін қоғамдық тәртіпті ерекше батыл бұзу Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 293-бабы (Бұзақылық) бойынша қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салады.

Бұл қылмыс екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұлдан екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға дейінгі жазаны қарастырады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram   арнасынан таба аласыз.