Атырау облысының Индер, Исатай және Құрманғазы ауданында қарақұрт қаптау дерегі тіркеліп отыр. Қазіргі уақытта қарақұрт 397 түйені шаққаны белгілі болып отыр.
«Облысқа қарасты құмды өңірлерде улы жәндіктердің көбеюі байқалуда. Осындай 217 бас түйеге симптоматикалық ем жасалды. Қалғанына ем-дом әлі жалғасып жатыр. Ауырған және аурудан өлген жануарлардың қанынан сынама алынып, облыстық ветеринариялық зертханаға тапсырылды. Зерттеу жүргізілуде, нәтижелері туралы қосымша хабарланатын болады. Сондай-ақ, мал иелеріне улы жәндіктер көп тараған жайылымда түйе, жылқы және сиыр малын жаймауды, ауру белгілері білінсе, жедел түрде хабарлауды сұраймыз, – деді Атырау облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы өкілі Ақтілек Нұроллаева.
Қазіргі уақытта зиянкес жәндіктер Индер ауданының Өрлік, Көктоғай, Есбол және Елтай ауылдарын қаптады. Қарақұрт шаққан 81 бас мал емделді, 10-на ем-дом жалғасуда. 23 мал, оның ішінде 17 түйе, 1 жылқы және 5 құлын қырылып калды.
Улы жәндік ауыл тұрғындарын да шаққан. Бұл туралы Индер ауданы әкімдігінің ресми өкілі Әли Жайшылық мәлім етті.
– Алғашқы жағдай 29 мамырда тіркелді. Барлығы 9 адамды шаққан, оның жетеуі – ересек адам және екеуі мектеп оқушысы. Балалар 7 және 15 жаста. Казірдің өзінде 8 ауыл тұрғыны стационарлық ем алды. 1 адам амбулаторлық ем қабылдап жатыр. Ал біреуі ауруханаға барудан бас тартты. Ауруханаларда қарақұрт уына қарсы дәрі жеткілікті, – деді Ә.Жайшылық.
Баян ЖАНҰЗАҚ, Атырау облысы
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.