Әнші бүгінде алаяқтың арбауына түсіп қалған адамдар көмек сұрап жазатынын айтады.
Танымал әнші алаяққа алданып, 53 миллион теңге қаражатынан айырылған
Фото: YouTube
1,669
оқылды

Әнші Әсем Айнақұлова «Менің өмірім» бағдарламасында алаяққа тап болғанын айтты, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Әнші 2021 жылы жазда алаяқтың арбауына түскен. Ол алданғанын бірден түсінбегенін айтады.

"Дәл сол сәтте менің өмірімде қиын кезең болатын. Шығармашылығым тоқтап қалды, кездесіп жүрген жігітпен ұрысып қалдым. Содан кейін "мен енді бірдеңе істеуім керек" деп жүрдім. Сол кезде ол да маған кезіге қалды, ал мен материалдық жағдайымды жақсартамын деп ойладым. Қазір несін жақсарту керек еді деп ойлаймын: екі бөлмелі үйім бар, көлігім бар, жұмысым бар. Маған не керек болды? Қазір ойласам, материалдық жағдай емес, мен сол сәтте махаббат пен қамқорлық іздедім. Және де сол махаббат пен қамқорлықты сол алаяқтан тапқандай болдым. Олардың алдап-арбайтын техникалары бар", - дейді ол.

Әсем Айнақұлова танысқан адамымен ешқашан кездеспеген, тек онлайн сөйлескен.

"Тиндер" қосымшасы арқылы танысамыз, сөйлесеміз. Бұл қосымшада 1045 адаммен сөйлесіп кетпейсің, яғни оған қызығушылық болды. "Қытайдың азаматымын, Қазақстанда елшілікте жұмыс істеймін" деді. Кейін зерттедім, олардың үлкен бір ұйым екенін білдім. Олар "үлкен қаражатқа жұмысқа шақырамыз, тіл білген, компьютер білген абзал" деп айтады. Олар жұмысқа аламыз деп алдап шақырып алады. Шақырған кезде "жолыңды, бәрін өзіміз көтереміз" дейді. Шығындарының бәрін өтейді. Келген кезде көпшілік тіл білмейді, келісімшарттарына қол қойғызып алады, паспорттарын алып алады. Олар заң жүрмейтін, жемқорлық бар жерде жұмыс істейді. Содан кейін сендер мынадай жұмыс істеу керексіңдер дейді. Біреулер көнеді, біреулер көнбейді. "Бұл алаяқтық, мен оған бармаймын" дейді. "Онда саған жұмсаған ақшаны қайтар" дейді, ол ақшаны доллармен емес, криптовалютамен қайтару керек. Сонымен адамдарды қорқытып ұстайды. Ақша бергендер шығады", - дейді ол.

Алаяқтар оны инвестиция салатын адам ретінде пайдаланғанын жеткізді.

"Маған инвестиция жасайсың деп өзіме ашқызды, өзім құпиясөз енгізді. "Пароль өзімдікі, крипто-әмиян өзімдікі" деп ойлайсың. "Мен оған тікелей ақша беріп жатқан жоқпын" деп ойлайсың. Күнде инвестиция жасап отырасың. Көбірек ақша салсаң, көбірек түседі. Мысалы, бірінші күні 100 доллардан салдым, келесі күні 130 доллар болды деп көрсетіп тұр. Керек болса, ала аласың деп айтады. Негізі адамдарды алдау үшін солай бір рет ақшасын алуға мүмкіндік береді. Бірақ мен көбірек ақша салғасын менде бірнеше рет алуға мүмкіндік болды. Оған қоса, екінші жағынан екеуміздің қарым-қатынасымыз бар. Ол кезде пандемия, вакцина алу керек. Ешқайда шыға алмаймыз. Яғни, бір-бірімізді көре алмаймыз. Ол сосын кездесеміз деп мені алдап жүрді, мен соған сеніп жүрдім. Оның түрі емес, сөйлесу арқылы мені арбап алды. Оның қамқорлығына алданып қалдым. Мен бұл өмірде "не іштің, не жедің, қашан ояндың, қайда бара жатырсың, ақша керек пе" дегенді көп естімегенмін. Сөйтіп, сол жігіттен естіп, қармағына іліндім. ...Ақшам да қайтпай жатыр. Құрбыларым да ақшасын жоғалтты. Менің емші әпкем бар. «Бір емші тәте бар, соған баршы» деді. Ол кісі мені құранмен үш күн емдеді. Кәдімгідей дем салып, аластатып, үш күн оқытылдым. Бірінші оқытылған күні сол жігіттің суретімен «тиндерден» құрбыма жазғанын естідім. Екінші күні менің үйімді сатып алған құрбым «не істедіңдер, үй таптыңдар ма, ақшаны не істедіңдер» деп сұрады. Содан мен оған жігіттің суретін жіберемін, сол кезде құрбым скриндер жіберді. Сол суретпен бірнеше сайттарға салып тастаған. Мен осы күнге дейін қарағанда ондай сайттар шықпады. Мен «google»-ге салсам, құрбым яндекске салған. Сөйтіп отырып, мен сол жігіттің нағыз өзінің парақшасын табамын. Сол кезде алаяққа тап болғанымды түсіне бастаймын. Кейін бір жылдың төңірегінде зерттеп, олардың қалай жұмыс істейтінін түсіндім», - дейді ол.

Әнші алаяққа алданып, екі айдың ішінде 53 миллион теңгесінен айырылғанын айтады.

«100 доллардан бастап салдым. Одан кейін кредит алып, миллион салдым. Одан кейін ол маған "көлігің ескіріп қалған, жаңасын алсаңшы" деді. Көлігімді саттым. Мұның бәрі тез-тез екі айдың ішінде болған нәрсе. Анам оған дейін Талдырқорғандағы үйін сатып, Алматыға көшіп келгісі келіп жүрді. Ол да үйін сатты. Содан кейін барып менің үйім сатылады. Біз жақсылыққа сеніп, ол бізге көмектесіп жүр деп ойладық қой. «Ана ақшаны шығарып алу үшін тағы ақша салу керексің» дейді. Сөйтіп, қарыз алып, тағы салғаным бар. Кейін бәрін есептегенде 53 миллион теңгедей болған. Бұл – мен бұрын-соңды естімеген алаяқтықтың схемасы. Сондықтан басқаларды одан құтқарып қалу үшін көпшілікке жария етіп, айтуға тырыстым. Осылайша, олардың басқа да құрбандарын таптым», - дейді Әсем Айнақұлова.

Әнші бүгінде алаяқтың арбауына түсіп қалған адамдар көмек сұрап жазатынын айтады. Айтуынша, олар өте көп. Әнші өзіне бейтаныс 200-300 адам алданып қалғанын айтып, кеңес сұрағанын атап өтті.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram   арнасынан таба аласыз.