Бұл туралы Жоғарғы сот порталындағы сот кабинетінде жарияланған іс материалдарында көрсетілген. Қайрат Боранбаевтың әйелі Шолпан Боранбаева Алматыдағы әл-Фараби даңғылында орналасқан ортақ мүлік – үй-жай мен жер учаскесін бөлісу туралы талап арызбен сотқа жүгінген. Құжатта мүлік олардың ортақ меншігі болып саналатыны, сондықтан талапкер заттай үлестің 50 пайызын бөлісуді сұраған.
Нақтысын айтсақ, әл-Фараби даңғылы 77/7 мекенжайы бойынша орналасқан үй мен жердің 50 пайызын талап еткен. Аумағы 1,6495 гектар аумақта Esentai Tower бизнес орталығы, мейрамхана, кафе және басқа да нысандар орналасқан. Боранбаев 2016 жылдан бастап Esentai Tower және Esentai Mall кешенінің 50 пайызына иелік етеді. Бұл мүлік Қайрат Боранбаевтан қылмыстық іс бойынша тәркіленген.
Алайда істі сот талқылауында мүлік Астана қалалық сотының үкімімен мемлекет пайдасына тәркіленгені анықталды. Сол себепті 1 шілде күні Медеу аудандық соты талап-арызды қанағаттандырмады.
«Шолпан Боранбаеваның Қайрат Советайұлына заттай үлестің 50 пайызын бөлу жолымен ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлісу туралы талабын қанағаттандырудан бас тартылсын. Сот шешіміне апелляциялық шағымдар берілуі мүмкін», — делінген сот шешімінде.