Қоршаған ортаға саналы көзқарас пен жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатындағы «Таза бейсенбі» акциясы жалғасып жатыр. Осы аптада «AMANAT» партиясының белсенділері мен мүшелері өзендер, көлдер мен жағалауларды тазарту жұмыстарына кірісті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған ауқымды «Таза Қазақстан» ұлттық бастамасын іске қосты. «AMANAT» партиясы Мемлекет басшысының қоғамдық тірегі бола отырып, бұл бастамаға бірден қолдау көрсетті.
Атап айтқанда, «Таза бейсенбі» акциясы басталғаннан бері бір айдан аз уақыт ішінде 4500 тоннадан астам қоқыс жиналды. Бұл көлемнің едәуір бөлігі қайта өңдеуге және жоюға жіберіледі, бұл тұрақты даму мен қоршаған ортаны қорғауға бағытталған маңызды қадам. Акцияға 35 мыңнан астам адам қатысып, белсенді азаматтық ұстанымын танытты.
Мәселен, Ақмола облысында студенттер мен «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері Зеренді көлінің жағалауында абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Жалпы статистикалық мәліметтер бойынша, Зеренді курорттық аймағына жыл сайын 20 мыңға дейін турист келеді және бұл қоршаған ортаға жүктеме түсіретіні сөзсіз.
«Көбіне қоқысты тазалықты сақтамайтын демалушылар қалдырады. Әрине, олардың барлығы әдейі қоқыс тастамайды, кейбіреулері жай ғана ұмытып кетеді. Бірақ дәл осы себепті мен «Таза бейсенбіге» қатыстым. Бұл табиғаттың тазалығына қосқан жеке үлесім ғана емес, сонымен қатар бірлескен күш-жігердің маңызды өзгерістерге әкелетінін көру мүмкіндігі. Акция жастар үшін жаңаша көзқарасты қалыптастырады», – дейді студент Азамат Ермұратов.
Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданында партия мүшелері Сарымсақ өзенінің жағасын ретке келтірді; Жамбыл облысының Байзақ ауданында Талас өзенінің бойында қоқыс жиналды; Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданында белсенділер мен еріктілер Есіл өзенінің тасу салдарын жою жұмыстарын жалғастыруда; ал Жезқазған қаласында «Жастар Рухы» еріктілері Кеңгір су қоймасының жағасындағы қоқыстарды жинады. Ұқсас іс-шаралар елдің басқа аймақтарында да өтіп жатыр.
«AMANAT» партиясы әрдайым экология мен қоршаған ортаны қорғауды басты назарда ұстайды. Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасын іске асыру – бұл азаматтарымыздың өмір сүру сапасын жақсартуға және Қазақстанның табиғи байлықтарын сақтауға бағытталған маңызды қадам. Бізге қосылып жатқан адамдардың санының артып жатқаны қуантады. Олардың белсенділігі мен табиғатқа бейжай қарамауы шабыттандырады және бірге үлкен нәтижелерге қол жеткізе алатынымызды көрсетеді. Біз осындай бастамаларды қолдауды және еліміздің экологиялық таза болуы үшін жұмыс істеуді жалғастырамыз. Тазалық тек тазалаған жерде емес, сондай-ақ қоқыс тастамайтын жерде болады», – деп санайды «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.