Астанада Қайрат Нұртасқа қатысты сот процесі басталды.
"Әуелі мені соққыға жықты": Қайрат Нұртас сотта ұшақ ішінде неге жанжал шығарғанын түсіндірді
2,380
оқылды

Әншінің өзі сотқа онлайн қатысып, өзін жәбірленушімін деп жариялады. Бұл туралы Аikyn.kz сайты Stan.kz сілтеме жасап хабарлайды. 

Сотта Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі 434-бабының 2-бөлігі ("Ұсақ бұзақылық бір жыл ішінде қайталап жасалған") бойынша іс қаралды.

Сот барысында Қайрат Нұртастың ресми өкілі болып інісі Аян Нұртас пен анасы Гүлзира Айдарбекова қатысты. 

"Мен ұрған жоқпын, әуелі мені соққыға жықты" деген Қайрат Нұртас қарсы арызды өзі бермекші екенін айтып, жанжалдың неден басталғанын еске алды. 

"Ол екеуміз дос болғанбыз. Төртінші шілдеде тойға шақырды. Мен барудан бас тартып, балағат сөздер айттым. Ал ол бармасаң, аяғыма жығыл деді. Сосын мені басымнан алып, бірінші болып ұрды. Сосын мен де ұрдым. Бірақ тәртіпті бұзған жоқпын. Бұл жерде мен жәбірленушімін. Ол бірінші бастады. Мені ұрғаннан кейін ғана ұрдым. Жарақатты бәріміз алдық, ең бастысы тыныш отырдық қой. Ұшақта кездесіп қалған кезде, мені бірінші ұрды. Менде қарап тұрмай, оны да бір-екі рет ұрдым. Бұл жөніндегі кінәмді толығымен мойындаймын", – деді Қайрат Нұртас.

Гүлзира Айдарбекованың айтуынша, Аслан есімді ер адаммен баласы екеуі бұрыннан жақын таныс әрі дос екенін мәлімдеді. Анасы баласына сот тарапынан сұрақтар қоймауын талап етті. Ал Аслан есімді жәбірленуші өз тарапынан былай дейді:

"Мені жерден алып, жерге салып боқтаған сөздері де бар. Таңертең тұрып ортақ достарымызға хабарласып, ол неге мені боқтады, ренжулі ме деп сұрадым. 4 сәуір күні жолға шықтым, сол кезде ұшақта Қайратты көрдім. Сосын неге боқтадың деп сұрадым. Мені бортсерік алып кетті. Сол кезде мені Қайрат ұрды. Сосын екеуміз ұшақ ішінде екі жаққа отырдық. Ұшақтан түскен соң полиция екеумізді алып кетті", – деді жәбірленуші. 

Асланның айтуынша, бортсерік Қайратты емес, оны жібермей ұстап отырған.

“Бортсерік мені ғана байлап ұстады. Қайратты халықтың баласы болған соң қолдады ма, білмедім? Менің тарапымнан бұзақылық болды деп есептемеймін. Қайрат тарапынан тәртіп бұзушылық болды деп есептеймін. Әнші маған неше түрлі балағат сөз айтты. Айдарбековке арыз-шағымым жоқ. Әкімшілік істі қысқартуды сұраймын", – деді жәбірленуші. 

Гүлзира Айдарбекова жанжалға ұлы да, жәбірленуші де кінәлі деп санайды. Ол ұлына қамауға алудың орнына әкімшілік айыппұл салуды сұрайды. Әншінің гастрольдік сапарлары бар деп алға тартады.

Прокурор әнші Қайрат Нұртасты 15 тәулікке қамауды сұрады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   Telegram  арнасынан таба аласыз.