Алматы қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мегаполисте жыл басынан бері қызылшаның 3 257 расталған жағдайы тіркелгенін хабарлады, – дейді Aikyn.kz сайты.
Департамент басшысы Қасымхан Алпысбайұлының айтуынша, 14 жасқа дейінгі балалар арасында қызылшаның 2008 жағдайы (61,8%), 15 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында – 167 (5,1%) және ересектер арасында – 1 082 (33,2%) жағдайы тіркелген. СЭБ басшысы балалар арасындағы аурушаңдықтың негізгі себебі – вакцинациядан бас тарту екенін айтады.
– Қызылша – науқас адамнан сау адамға ауа арқылы, тыныс алу жолдарынан тамшылармен немесе жұқтырған адамдардың мұрнынан немесе тамағынан секрециялармен тікелей байланыста болғанда жұғады. Қызылшаға қарсы жоспарлы вакцинация 2 рет, біріншісі – 1 жаста (12-15 ай), екіншісі – 6 жаста жүргізіледі. 2023 жылғы 10 қараша мен 2024 жылғы 03 шілденің аралығында қалада қызылша, қызамық, паротитке қарсы қосымша жаппай иммундау шеңберінде барлығы 162 772 адам қамтылды, – деп атап өтті ол.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.