Қойылым барысында актердің құлауы қоғамдық резонанс тудырып, көпшілік пікірі екіге жарылған. Біреулер «декорация екенін білсе де, жақтауға неге сүйенеді?» десе, енді бірі әртістің денсаулығына алаңдап, басшылыққа кінә артып отыр.
Шыдамның да шегі бар
Қойылым кезінде театр актрисасы Мақпал Елтай шамамен бір метр биіктен құлағаннан қатты соққы алып, спектакль бітер-бітпестен жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілген. Осы жағдайдан кейін театр мүшелері «Бұл театрдағы кемшіліктердің бір ғана көрінісі» деп өкпе-ренішін білдіріп жатты. Жарақат алған актрисаның айтуынша, спектакль кезінде балкон жақтаушасы ретінде қойылған декорация дұрыс бекітілмеген. Сахнаға шығатын адамдардың қауіпсіздігі ескерілмеген жағдай бірінші рет емес екенін де негізге алды. Жайсыз жағдай болған террасада «Ғашықтар хикасы немесе общагадағы серілер» музыкалық комедиясы жүріп жатқан. Театр әртісі бұл спектакль көп қойылатындықтан, дайындықсыз бірден сахнаға шыққанын айтады. Дайындық болмауының себебі – бір күн бұрын премьераның екі рет өтуі.
«Жақтаушаға салмақ салып үлгермедім, тек имитация жасап, келесі қыз шыққанша арқаммен сүйене тұру үшін теріс қарап бұрылып жатқан кезде жақтау ақырын құлап бастады. Сол сәттегі жарияланған видеоның астарында көруге болатын қаншама дүниелер жатыр. Құлаған кездегі директордың міз бақпай отыруы – театрымыздағы кемшіліктердің шыңы болды. Аман қалғанымның өзі – үлкен сый. Басшымызға театр ұжымы тарапынан талай ұсыныс та, ескертулер де болды, бірақ еленбеді. Біз – шығармашылық жолдағы адамбыз, жұмысымыз – көрермен алдында өнер көрсету. Бірақ осы шығармашылықпен айналысуға мүмкіндіктің, жағдайдың жасалмағаны шыдамның шегіне жеткізді. Тіпті, театрымыздан қолын бір сілтеп кеткендер де болды, жас маманның келмейтіні де содан. Жастар театрын бірге ашқан группаластарымнан екі-ақ адам жұмыс істеп жатырмыз. Жағдай керемет болса неге кетті? Керек десеңіз, ТМД елдер арасынан фестивальге өтіп тұрған спектакльді алып қалғанын артынан естідік», – дейді театр әртісі М. Елтай.
Өнер иелерінің айтуынша, ұжымның шамына тиген жайттар бұл ғана емес. Театр ұжымы фестивальдерге қатысып, өнер көрсете алмағандарына ашынады. Негізі террасада спектакль қою талапқа сай емес. Бұл туралы театр ұжымы бұрын да ұсыныс айтқан екен, бірақ ескерілмейді деседі. Мақпал құлаған сахнада болған Айым Бегмат өзі жүрген театрдың бірқатар кемшілігін атап, әртістерге толыққанды жағдай жасалмағанына күйінетінін айтты. Айтуынша, түрлі гастроль мен фестивальдерге қатысу үшін қаражат жеткіліксіз.
«Біздің айтқымыз келгені – актерлерге жағдай жасалмағаны. Басшылықтан не сұрасақ та ақша жоқ деген жауап аламыз. Кешегі Мақпалдың құлауы іштегі күйінішіміздің шегі болып тұр. Қараңыз, басқа театрлар жылына бірнеше рет гастрольге, фестивальдерге шығады. Олар бізді «өлі театр» дейді. Неге? Ауқымды фестивальдерде бізді көрмейді, театраралық байланыста жоқпыз. Тіпті, әртістеріміздің өзінде сахна киімі жоқ, өздерінікін киіп жүр. Актер болған соң өскіміз келеді. Бірақ оған мүмкіндік қайда? Одан бөлек, биыл тапсырыспен келген екі қойылым мен бір ертегі қойдық. Үш қойылым үшін 18 млн теңге бөлінген, бірақ сол бөлінген қаражат та жоқ. Біз театр емес, труппамыз. Үш труппа бар: Қазақ театры, Жастар театры, Орыс театры. Құрылғанына 25 жыл болған Қазақ театрында бүгінге дейін бірде-бір халық әртісі жоқ. 6 адам отыратын гримеркада 15 адам отырады. Қысқа қайырғанда, қазір шығармашылық тоқырауды бастан кешіп отырмыз», – деп ашынды Айым Бегмат.
Ұжымның айтуынша, жұртты дүрліктірген оқиғадан кейін өнер ордасына облыстық мәдениет басқармасының басшылығы келіп жиналыс өткізген. Театр әртістері осы уақытқа дейін іштерінде жиналып қалған арыз-шағымдарын айта отырып, басшылыққа бірқатар талаптар қойған. Мәдениет басқармасы әкімшіліктен көңіл бөлінуі керек екенін алға тартты. Сонымен қатар, жаңа маусымды жаңа басшымен қарсы алуды көздеген ұжымның тілегіне басқарма басшылығы «істі қалпына келтіру үшін үш ай уақыт беріледі» деген жауап берді.
Қауіпсіздікке кім жауапты?
«Көрермен отырғандықтан қойылым үзіліп қалмасын деп орнымнан тұрып, рөлімді ойнап кеттім. Әрі спектакльге Алматы қаласынан кәсіби сыншы Анар Еркебай келген болатын, сол кісі көріп отырған соң актерлердің көңілін қимай, спектальді ойнауды ары қарай жалғастырдым» деп жазды Мақпал Елтай әлеуметтік желідегі парақшасында. Ол театр әртістерінің бүгінгі халіне күйінеді. Аталған жайтқа куә болған театр сыншысы Анар Еркебай сыншылардың пікірі әртүрлі аспектілерге қатысты айтылатынын негізге ала отырып, сахна қауіпсіздігі жұмысына да тоқталды.
«Театр сыншыларының пікірі спектакльдің сапасын бағалау және жақсарту үшін маңызды. Шығыс Қазақстан облыстық драма театры маусымның жабылу салтанатын өткізді. Мұндағы спектакль театр шатырында көрсетілді. Оқыс оқиға кезінде байқағаным, актриса соңғы сахнасына шыға алмады. Бұл жерде театр сахнасының қауіпсіздігі маңызды аспект болып табылады. Сахнада болатын түрлі жағдайлардың алдын алу үшін біріншіден, арнайы шаралар қолданылуы керек, екіншіден жауапты адамдар белгіленуі шарт. Одан бөлек, алғашқы көмек көрсететін нәрсенің барлығы заң жүзінде театрдың өз ішінде болуы керек деген ойым бар. Бұл жерде басшы да, техникалық директор да, сахна инженерлері де сахнадағы актердің қауіпсіздігін толық қадағалап отыруы керек деп есептеймін», – деді ол.
Актер жауапкершілігі – өзіне берілген рөлді көрермен алдында қалтқысыз орындап шығу. Өз міндетін жоғары деңгейде атқарған Мақпалдың жағдайына «директор бейқам қарады» деген театр ұжымының пікірін қатысты театр директоры Руслан Қайырсынов та өз ойын айтты. Құлаған актриса орнынан тұрып рөлін ойнауды жалғастырғандықтан спектакль тоқтамаған. Театр директоры жауапты орынбасарларына хабарласып, тиісті шаралардың қолға алынуын тапсырып, әрі қарай әртістің қал-жағдайынан хабар алып отырғанын айтады. Театр тарапынан заң аясында денсаулығын оңалтуға материалдық қолдау көрсетілетін болады.
«Театр – өндіріс орны. Былайша айтқанда, спектакльдерді көрерменге ұсыну жолында көп еңбек, тер төгіледі. Киноға түскенде де актерлердің орнына каскадер мамандар жұмыс істеп жатады, сол сияқты театрда да қандай да бір іс-әрекеттерді, мизансценаларды орындау барысында келеңсіз жағдайлар болуы мүмкін. Сақтандыру шараларына келетін болсақ, әр театр қызметкері, мейлі ол актер, мейлі техникалық қызметкер болсын жұмысқа орналасқанда техникалық қауіпсіздікті сақтаймын деген құжатқа қол қояды. Осы уақытқа дейін болған жағдайлардың себебі анықталып, қатысы бар жауапты қызметкерлер жазаға тартылған болатын. Қызметкердің денсаулығына зақым келген жағдайда ұжымдық шартқа сәйкес театр тарапынан денсаулықтарын қалпына келтіру бойынша материалдық көмек көрсетілетінін де алға тартамыз. Қазіргі таңда кешегі болған жағдайға байланысты еңбек инспекциясына хабарланып, тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тексеру жұмыстарының нәтижесіне қарай тиісті шаралар қолданылады», – дейді театр директоры Р. Қайырсынов.
Шығыс Қазақстан облыстық драма театрында 300-ге жуық адам жұмыс істейді. Театр директорының айтуынша, жұмыс тиімді түрде атқарылуы үшін әр труппаның, әр бөлімнің, әр қызметтің басшылары тағайындалған. Режиссер қойылымды қойған соң режиссердің көмекшісіне тапсырады. Спектакльдің алдағы уақыттағы репертуарда жүруі, режиссер қойған мизансценалардың, басқа да актерлерге қойылған талаптардың орындалуына тікелей режиссердің ассистенті жауап береді.
«Мінсіз нәрсе қалай болмақ, әлімсақтан бері адам табиғаты мінді болса. Мінсіз әрекет те, қызмет те жоқ. Сондықтан да бір шаңырақ астында үлкен үш ұжым қызмет атқарып жатқандықтан материалдық-техникалық базаны нығайту барысында кемшіліктердің болуы заңдылық шығар, бәлкім. Дегенмен, соңғы жылдары әкімшілік тарапынан гастрольдік сапарларға қаражат бөлініп, басқа да сұраныстарымызға қолдау тауып келеміз. Театрда үнемі күн тәртібінде тұратын өткір мәселелердің бар екенін де жасырмаймын. Ол – пәтер мәселесі және қызметтік сапалы автобус алу. Аталған мәселелер бойынша әкімшілікке қызметтік хаттар жолданып, бюджеттік өтінімдер ұсынылуда. «Көш жүре түзеледі» демекші, барлығы уақыттың еншісінде...» – деп сөзін түйді Р. Қайырсынов.
Театр басшысы мен ұжымның пікірі кереғар болғандықтан, киелі сахнаның ертеңі не болары әзірге белгісіз. Сондықтан, көрерменін тапқан театр ішінде «арба да сынбайтын, өгіз де өлмейтін» шешім қабылданса болғаны. Осындай жағдайдан кейін басқа да өнер ордалары тірі өнердің шаңырағы шайқалмауы үшін, ұжымның ауызбіршілігін сақтау мақсатында қазақ театрының ахуалын реттейді деген ниет бар.