Оқиға кеше, 7 шілде күні болған.
БҚО-да ресейлік азаматқа найзағай түсіп, қайтыс болды
631
оқылды

Батыс Қазақстанда ресейлік әйелдің қайтыс болғаны туралы ақпарат мессенджерлерде пайда болды. Ондағы мәліметке сүйенсек, 7 шілде күні сағат 17:00 шамасында Теректі ауданындағы Шалқар көлінің жағасына найзағай түсіп, 40 жастағы демалушы көз жұмған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты El.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап. 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы Ресей азаматшасының өлімін растады. 

Сағат 17:13-те Сарыөмір ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның кезекшісіне Шалқар демалыс аймағында 1984 жылы туған әйелге найзағай түскені туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына келген фельдшер әйелдің қайтыс болғанын анықтады. Демалушы жедел жәрдем қызметі келіп жеткенше көз жұмған. Өлім себебін сот-медициналық сараптама анықтайды, – деп түсіндірді басқарманың баспасөз қызметі.

Еске салсақ, кеше 7 шілдеде күндіз Батыс Қазақстан облысында дауыл соғып, қатты жел ағаштарды құлатып, бірнеше үйдің шатырын ұшырып әкетті. Жүздеген абонент жарықсыз қалды. 

Өңірдегі шаңды дауылды тұрғындар видеоға түсіріп алған. Облыстың кей аудандарында қатты жаңбыр мен бұршақ жауды.  

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram   арнасынан таба аласыз.