Техногендік апаттар мен әртүрлі катаклизмдер саны жыл сайын өсіп келеді. Әлемде жылына 200-ге жуық су тасқыны, өрт, жер сілкінісі және экологиялық апаттар болады екен. Олардан келетін шығындар миллиардтаған доллармен есептеледі.
Табиғи апатты алдын ала болжаса, мыңдаған адамның өмірін сақтап қалар еді
2022 жылы табиғи және техногендік апаттар 268 миллиард доллар экономикалық шығын әкелген. Фото indiatoday.in сайтынан алынды. Авторлығы: AFP
479
оқылды

Табиғи апаттардан келетін материалдық шығындар мен ауыр экономикалық зардаптар туралы Aikyn.kz арнайы талдау жүргізді. Зерттеуде биыл Қазақстанда болған су тасқынының зардаптарын жоюға жұмсалған қаржы мен әлемнің басқа елдеріндегі табиғи апаттардың материалдық шығындары сарапталды.

Құтқарушылардың ерлігі. Су тасқынынан 500 млн доллардан астам материалдық шығын келген. Фото Қазақстан ТЖМ сайтынан алынды

1970 жылдан 2024 жылға дейін дүниежүзінде 7 мыңға жуық ірі техногендік апат орын алған. Техногендік апаттардың салдарынан 2020 жылы 1000 адам, 2021 жылы шамамен 3,1 мың адам қайтыс болған. Олардан келген материалдық шығын көлемі жүздеген миллиард доллардан асады.

Биылғы Қазақстандағы су тасқынынан 500 млн доллардан астам материалдық шығын келді деп болжануда.

Үкіметтің ресми мәліметтері бойынша, 33 141 отбасына 100 АЕК мөлшерінде бір реттік төлем беру үшін 12 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінген. 5823 отбасына үйлерін жөндеу-қалпына келтіруге 38,6 млрд теңге бөлінген. Баспаналары қираған немесе жарамсыз болып қалған 3155 отбасына жаңа үйлер берілген. 2049 жаңа үйдің құрылысы жүргізілуде. Жалпы баспаналарды қалпына келтіруге және жаңасын салуға 251 млрд теңге бөлінген.

2021 жылы ғаламшардағы әртүрлі табиғи апаттардан сақтандыру шығыны шамамен 7,3 миллиард долларды құраған. Сақтандыру алыбы Swiss Re компаниясының мәліметтері бойынша, табиғи және техногендік апаттар тек 2022 жылы 268 миллиард доллар экономикалық шығын әкелген. Ал егер табиғи апаттар кезінде адам оларды ішінара болжап, зиянын барынша азайта алса, онда мыңдаған адамның өмірін сақтап, орасан зор экономикалық шығынды болдырмауға болады.

Техногендік апаттар баспаналарды қиратады, мектептердің, ауруханалар және басқа да мекемелердің жұмысын тоқтатады. Фото parlam.kz сайтынан алынды

Экономикалық шығындар

Техногендік апаттар, әдетте, ауыр экономикалық зардаптарға әкеледі. Жер сілкінісінен, су тасқынынан, жарылыстардан мыңдаған инфрақұрылым нысандары зардап шегеді, ғимараттар, жолдар мен көпірлер, энергетикалық орталықтар қымбат жөндеуді немесе жаңа құрылыстарды қажет етеді. 

Бизнес жабылып, жұмыс орындары қысқарады және бұның бәрі экономикалық құлдырауға әкеледі. Апаттардың экономикалық салдарын жою ұзаққа созылуы мүмкін, инфрақұрылымды қалпына келтіруге жылдар қажет болады.

Табиғи апаттарды алдын ала болжаса зиянды барынша азайтуға болады. Фото err.ee сайтынан алынды. Авторлығы: AP / Scanpix

Әлеуметтік сілкініс

Техногендік апаттар қоғамның бірқалыпты өмірін бұзады. Мектептер, ауруханалар және басқа да мекемелер жұмысын тоқтатады, адамдарға көмек көрсетілмейді, әлеуметтік қызмет көрсетілмейді. Бұл жергілікті тұрғындар арасында қылмыс пен тәртіпсіздіктің артуына себеп болады. Төтенше жағдайларда дұрыс әрекет етпеген билік пен әлеуметтік құрылымдарға деген қоғамның сенімі төмендейді. Ал табиғи апаттардың зардаптарын қалпына келтіруде мемлекеттің экономикалық әлеуеті шешуші рөл атқарады.

2011 жылы 11 наурызда Жапонияда жойқын жер сілкінісі болды. Жердің тербелуіне әбден үйренген, ғимараттары да сапалы салынған жапондықтар үшін бұл жолы жойқын апат теңізден келді.

Эпицентрі жапон жағалауынан 130 км жерде Тынық мұхиттың түбінде болған жер сілкінісі салдарынан су бетінде биіктігі 3-7 метр цунами пайда болып, ол жойқын жылдамдықпен Жапон аралдарын басып қалған. Жер сілкінісінен кейін 1 сағаттан кейін цунами Сендай әуежайындағы көліктер мен ұшақтарды шайып кетіп, мыңдаған ғимарат қираған.

Жапония үшін цунамиден кейінгі зардаптарды жою шығыны бірінші кезеңде 48,5 миллиард долларды құрады. Ел билігінің өкілдері хабарлағандай, бұл тек жұмыстың бірінші кезеңіне бөлінген қаржы.

Жапонияның Иватэ префектурасындағы Оцути қалашығының орны. Фото navy.mil сайтынан алынды. Авторы: Dylan McCord

Бұндай қомақты қаржыны мемлекеттік шенеуніктер мемлекеттік қарызды көбейтпей немесе жаңа мемлекеттік облигациялар шығармай табуды көздеген. Қираған аумақтарды қалпына келтіру жұмыстарының жалпы құнына келетін болсақ, ол шамамен 122 миллиард доллар деп бағаланған. Апаттан келген жалпы шығын 300 миллиард долларға бағаланып отыр.

Ең қиыны 14 мың адам құрбан болды, ондаған мың жапон азаматы баспанасынан айырылды.

Елдің ең ірі автомобиль өндірушілері: Nissan Motor Co., Toyota Motor және Honda Motor Co. зауыттарының жұмыстары бір айдан астам уақытқа тоқтады. 61,1 мыңнан астам ғимарат толығымен қирап, 200 мыңнан астам құрылыс нысаны зақымданған. Жер сілкінісі Фукусима-1 атом электр станциясындағы реакторлардың салқындату жүйесін істен шығарып, өртке, бірнеше жарылысқа және электр станциясынан радиацияның қоршаған ортаға таралуына алып әкелді. Қазіргі уақытта АЭС айналасындағы 20 шақырымдық аймақтан барлық тұрғындар эвакуацияланып, олар үшін стансаға жақын орналасқан қалалар мен ауылдарға қайта кіруге тыйым салынған.

Бразилияда табиғи апат салдарынан 327 105 адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған. Фото Reuters сайтынан алынды. Авторы: Diego Vara

Жақында Бразилияда да табиғи апат салдарынан 327 105 адам үйін тастап кетуге мәжбүр болғаны туралы ақпарат тарады. Ресми мәліметтер бойынша 107 адам қаза тауып, 134 адам жоғалып кеткен. Су тасқынынан 1 742 969 адам зардап шеккен. 

Бразилияның Рио-Гранде-ду-Сул штатында 2 мамырда толассыз жауған жауын-шашын салдарынан су тасқыны болған. Штат губернаторы Бразилия президенті Луис Инасио Лула да Силвадан су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға «барлық қолда бар федералды көмекті», соның ішінде әскерилерді жіберуді сұраған.

Бұл үлкен қасірет, тұрғын үйлер мен инфрақұрылым нысандарын орнына келтіруге Бразилия елі миллиардтаған доллар жұмсайтыны болжануда.

Адам өмірінен басқаны қалпына келтіруге елдің әлеуеті жететінін су тасқыны тағы бір рет дәлелдеп берді. Фото Reuters сайтынан алынды. Авторы: Diego Vara

2024 жылғы су тасқыны Қазақстанның 10 облысына үлкен шығын әкелді. Үкімет, ірі компаниялар мен кәсіпкерлер, қарапайым қазақстандықтар су тасқынының зардаптарын жоюға қаржылай көмектерін жіберді.

Үкіметтің хабарлауынша, су тасқынынан республикалық және жергілікті жолдардың 290 учаскесінде автомобиль қатынасы үзілген. Бүгінде барлық учаскелер бойынша қозғалыс қалпына келтірілген. Сонымен қатар, 39 білім беру нысаны су астында қалды. Оның 18-і ағымдағы жөндеуді, 11-і күрделі жөндеуді қажет етеді, 9 білім беру нысаны одан әрі пайдалануға мүлдем жарамсыз және жаңадан салынады. 

Президенттің тапсырмасына сәйкес, күн суытқанға дейін барлық азаматтар жаңа тұрғын үйлеріне қоныстанып, барлық инфрақұрылым нысандары қалпына келтіруге Үкімет белсеніп кіріскен.

Адам өмірінен басқаны қалпына келтіруге елдің әлеуеті жететінін, қарапайым халықтың жанашырлығы мен қолдауының арқасында барлық қиындақтарды жеңуге болатынын су тасқыны тағы бір рет дәлелдеп берді.

Алайда апаттың зардаптарымен күрескенше оның алдын алу әлдеқайда арзан болатынын енді түсіне бастаған сияқтымыз.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.