Арнайы зерттеуге сәйкес, банк қызметкерлерінің 40%-ға жуығы ұдайы стресс жағдайында жұмыс істейтіні белгілі болды. Олардың ішінде өз-өзіне қол жұмсау туралы ойлағандар саны да өскен.
Орталық банк қызметкерлерінің «жанып кету» қаупі жоғары
ЕОБ төрағасы Кристин Лагард та қызметкерлердің денсаулығы мен әл-ауқатына өте мұқият қарайтын сияқты. Фото bitcoin.com сайтынан алынды
850
оқылды

Зерттеу нәтижелерімен танысқан Financial Times Еуропалық Орталық банкте психосоматикалық белгілері бар қызметкерлер саны өсіп жатқанын жазды. Мұндай ауыр көріністің себептерін Aikyn.kz осы материалға сүйене отырып талдайды.

Банк қызметкерлерінің психологиялық денсаулықтары нашарлап, жұмыстан қатты қажыған. Фото istock фотобанкінен алынды. Авторы: Grinvalds 

Сауалнама көрсеткендей, Еуропалық Орталық банк (ЕОБ) қызметкерлерінің өз-өзіне қол жұмсау туралы ойлары туралы хабарлағандар саны бұрынғы 6%-дан биыл 9%-ға дейін өскен. Ал қызметкерлердің 72%-ы психосоматикалық белгілердің кем дегенде біреуінен зардап шегетінін, ЕОБ-дағы стрестің күшеюі қызметкерлердің 40%-ға жуығының жұмыстан қатты қажығанын көрсеткен.

Бұл Еуропалық Орталық банк қызметкерлерінің стресс деңгейі көтерілгенін дәлелдейтін дабылды ескертуге ұқсайды.

Financial Times танысқан сауалнама нәтижелері соңғы жылдары ЕОБ-дегі жұмыс орнындағы алаңдаушылықтың артқанын көрсетеді. Кейбір қызметкерлер жұмыс орнында «жанып кетуден» зардап шегетінін, бақылаудың жоқтығын, әділетсіздікке ұшырағанын немесе жеткіліксіз қолдау көрсетілетінін мойындаған.

Сәуір және мамыр айларында Орталық банк қызметкерлері сайлаған ЕОБ штаттық комитетінің өтініші бойынша жүргізілген сауалнама нәтижелері кәсіподақ өкілдерін жұмысшылардың әл-ауқатына көбірек мән беруге мәжбүрлеген.

ЕОБ: «Банк қызметкерлері тәулік бойы жұмыс істейтін сенім телефонына, әлеуметтік кеңесшілерге және медициналық кеңестерге қол жеткізе алады». Фото whatismoney.ru  сайтынан алынды

ЕОБ қызметкерлерін қорғайтын Ipso кәсіподағының вице-президенті Карлос Боулз: «Еуропаға қазір қажет ең басты нәрсе – пайыздық мөлшерлеме бойынша үлкен шешімнің алдында қызметкерлердің пайымдаулары немесе деректерді талдаудағы қателіктері салдарынан ЕОБ ішкі процестерінің зардап шегуін болдырмау».

Ауыр жұмыс жүктемесімен қатар, Боулз қызметкерлердің психикалық денсаулығына фаворитизм мен «жалған жалдау» әсері туралы да алаңдаушылық білдірген.

Зерттеу авторларының пікірінше, ЕОБ қызметкерлерінің «жұмыста жанып кету» қаупі бар деп санайтындар саны алдыңғы сауалнамадағы 2021 жылғы 33,2%-дан биылғы жылы 38,9%-ға дейін өскен. 146 қызметкер немесе респонденттердің 9,1%-ы суицидтік ойларды бастан кешіргенін айтады, 2021 жылы бұл көрсеткіш 6,1% болған.

Респонденттердің 72%-дан астамы сауалнамада айтылған психосоматикалық белгілердің кем дегенде біреуінен зардап шегетінін жасырмаған. Олардың ішінде  шаршау, стресс, көңіл күйдің бұзылуы және бөлектену бар.

Psy@work жүргізген зерттеу ЕОБ 5089 қызметкерінің 1 602 жауабына негізделген. ЕОБ ол «бұрын анықталған мәселелерге жауап беру үшін әрекет еткенін және жұмыс жүктемесі мен мансап мүмкіндіктері сияқты мәселелерді шешу үшін одан әрі шаралар жоспарланғанын» жариялады. Банк қызметкерлері тәулік бойы жұмыс істейтін сенім телефонына, әлеуметтік кеңесшілерге және медициналық кеңестерге қол жеткізе алатынын ескертеді.

«Біз қызметкерлеріміздің денсаулығы мен әл-ауқатына өте мұқият қараймыз және осы тақырыптар мен олардың негізгі себептері бойынша кадрлар комитетімен және барлық әріптестерімізбен жұмыс істеуді жалғастырамыз», – делінген ЕОБ таратқан мәлімдемеде.

ЕОБ қызметкерлері жұмыстан тым қалжырағандарын, әділетсіздікке ұшырағандарын айтқан. Фото plusworld.ru сайтынан алынды

Орталық банк сонымен қатар ішкі есеп беруді, тергеуді және тәртіптік процедураларды қарастырады және қызметкерлер жұмыс орнындағы стресті талқылайтын және еңбек жағдайларын жақсарту жолдарын ұсына алатын фокус-топтар өткізеді.

Кәсіподақ шенеуніктері бұған дейін ЕОБ-мен жалақыға байланысты наразылық танытқан. Өйткені, 2023 жылдың басында банк қызметкерлер жалақысын тек 4 пайызға өсіргеннен кейін ресми шағым түсірген – бұл 2022 жылғы еуроаймақтағы инфляция деңгейінің жартысынан аз.

Дегенмен ЕОБ қызметкерлері арасындағы стресс деңгейі орташа еуропалық жұмысшының деңгейіне ұқсас болып көрінеді. 2021 жылы Еуропалық өмір сүру және еңбек жағдайларын жақсарту қоры сауалнама нәтижесі ЕО аймағындағы қызметкерлердің 39%-ның физикалық немесе эмоционалды «жанып кету» қаупі бар екенін көрсеткен.

Технологиялық дәуірдегі жұмыс жүктемесі мен ақпараттық тасқынның ортасында жұмыс істеудің, жоғары жалақы алудың психологиялық салдарлары жылдан-жылға өсе беретін шығар. Қызметтегі стресс туралы Aikyn.kz сайтының жақында жарияланған басқа да материалдарын мына сілтемелер бойынша оқуға болады: «Айына 15 миллион жалақы алатын 3 адам жұмыстан кететіндерін мәлімдеді»

«Z ұрпақ «жұмыстан құр қол отставкаға» кетіп жатыр»

«Қаржылық жағынан жайлы сезіну үшін айына 15 500 доллар жалақы керек»

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.